Алдағы күндері елордада бірнеше халықаралық кездесу өтеді. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Толығырақ
Алдағы сапарлар туралы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Алдымен 5 қарашада Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейн Астанаға келеді. Оның ресми сапары екі күнге созылады. Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды дамыту мәселелерін талқылайды.
Сондай-ақ 5-7 қараша аралығында Қазақстанға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келеді. Мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелерін талқыламақ.
– 6 қарашада Астанада бірқатар мемлекет басшыларының қатысуымен Ақаба процесінің саммиті өтеді, – деді Айбек Смадияров.
Астанада жол қозғалысы шектеледі
Халықаралық іс-шараларға байланысты Астана тұрғындары жолдардағы уақытша шектеулерді ескеруі керек.
Бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметі 5-7 қараша аралығында елорданың кейбір көшелерінде көлік қозғалысына шектеу қойылатынын ескерткен еді.
Бұдан бөлек, Астана аспанында әскери авиацияның жаттығу ұшулары өтіп жатыр. Бұл да халықаралық іс-шараларға дайындықпен байланысты.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арнаулы мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары мен Қазақстан Қарулы күштері жұмылдырылады.