×
$
448.98
€
502.45
₽
5.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.98
€
502.45
₽
5.45

"ҚазАвтоЖол" әкімдіктердің жолға қатысты міндетін мойнына алуы мүмкін

Бүгін, 15:20
"ҚазАвтоЖол" әкімдіктердің жолға қатысты міндетін мойнына алуы мүмкін
ЖИ/ Ulysmedia

Қазақстандағы ауылдар мен қалалардағы жергілікті жолдар «ҚазАвтоЖолдың» қарамағына өтуі мүмкін. Президент елдегі барлық жолға Үкімет жауап беруі керегін тапсырғаннан кейін ұлттық компания жергілікті жолдарды да өз міндетіне алуы ықтимал. Алайда компания мұндай ауқымды жұмысты атқару үшін қосымша кадр, техника және қаржы қажет екенін жасырмады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әкімдіктер жолға қатысты өкілеттігінен айырылуы мүмкін

Әңгіме облыстық және аудандық маңызы бар жолдар, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің көшелері туралы болып отыр. Қазір олардың жай-күйіне, жөнделуіне және күтіп-ұсталуына жергілікті атқарушы органдар жауап береді. Алайда президент елдегі барлық жолға Көлік министрлігі арқылы Үкімет жауапты болуы керегін тапсырғаннан кейін, бұл міндет әкімдіктерден алына ма деген сұрақ туындады.

Ulysmedia.kz тілшісі бұл мәселені «ҚазАвтоЖол» басшысынан тікелей сұрағанымен, нақты жауап ала алмады. Иманашев бұл бағыттағы саясатты Көлік министрлігі айқындайтынын айтты.

– Өкінішке қарай, бұл сұраққа түсініктеме бере алмаймын. Себебі саясатты айқындайтын уәкілетті орган – Көлік министрлігі. Бұл шешім оның құзыретіне жатады. Әрине, біз де тиісті ұсыныстарымызды енгізіп жатырмыз, – деді ол.

Сонымен қатар Иманашев мұндай шешім қабылданса, «ҚазАвтоЖол» жергілікті жолдарды күтіп-ұстау міндетін өз мойнына алуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Компанияның Қазақстандағы бүкіл жол желісіне жауап беруге ресурсы жете ме деген сұраққа ұлттық оператор басшысы қосымша күш қажет болатынын мойындады.

– Егер осындай нұсқа мен ұсыныс қабылданса, біз уәкілетті компания ретінде бұл жұмыспен айналысамыз, бірақ ол үшін кадрлық әлеуетті арттырып, техникалық және қаржылық ресурстарды күшейту қажет. Бұл тапсырманы орындау барысында басқа да мәселелер туындайтыны сөзсіз, – деді Иманашев.

Ауылдағы шұрық-тесік жолдарға кім жауап береді?

Әзірше жергілікті жолдардың шынымен «ҚазАвтоЖолға» берілетіні және оларды жөндеу мен күтіп-ұстау шығындарын кім өтейтіні белгісіз. Компания басшысы жолдарды беру мерзімін де, мұндай өзгеріске дайындықтың нақты жоспарын да айтпады.

Сізге қызық болуы мүмкін