×
$
448.98
€
502.45
₽
5.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.98
€
502.45
₽
5.45

Жамбыл облысында үш оқушының өліміне бопсалау себеп болған

Бүгін, 15:43
Жамбыл облысында үш оқушының өліміне бопсалау себеп болған
mke.ee

Жамбыл облысының Қаракемер ауылында үш жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу аяқталды. Тергеу олардың өз-өзіне қол жұмсауына мектеп оқушылары арасындағы бопсалау әрекеттері себеп болғанын анықтады. Іс бойынша жеті адам күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Балаларды «Жүйе» деп аталатын топ басқарған

Жамбыл облысының прокуратурасы мәліметінше, Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылының мектептерінде «Жүйе» деп аталатын бейресми құрылым болған. Оның өз иерархиясы қалыптасып, қатысушылар белгіленген тәртіпке бағынуға және өздерінен үлкендердің айтқанын орындауға міндеттелген. Балаларға жаза да қолданылған.

– Тергеу барысында жиналған дәлелдер үш жасөспірімнің өліміне бопсалау әрекеттері себеп болғанын көрсетеді, – деп мәлімдеді прокуратура.

Жеті адам күдікке ілінді

Іс бойынша екі адамға бопсалау және өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу баптары бойынша айып тағылды. Екеуі де қамауда отыр. Тағы бес адамға бопсалау айыбы тағылып, оларға қатысты өзге бұлтартпау шаралары таңдалған.

Прокуратура «Жүйе» деп аталатын құрылымның әрекеті тоқтатылғанын хабарлады. Сондай-ақ қадағалау органы жауапты мекемелердің жұмысын тексеріп, қылмысқа себеп болған жағдайларды жоюды талап еткен.

23 қазанда қылмыстық іс Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Сізге қызық болуы мүмкін