Ақан Сатаевтың «Күлпәш» фильмінің тұсаукесері басталуына бірнеше сағат қалғанда тоқтатылды. Ал келесі күні басталуы тиіс болған фильмнің кинотеатрлардағы кең көрсетілімі кейінге шегерілді. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде фильмнің көрсетіліміне қатысты түрлі болжамдар айтыла бастады. Мұның саяси астары болуы мүмкін деген пікірлер аз болған жоқ. Қазақстанда тағы бір картина – «Айтматов» фильмінің тұсаукесері де кейінге қалдырылған соң, бұл тақырып төңірегіндегі талқы тіпті күшейді.
Ulysmedia.kz «Күлпәш» фильмінің көрсетілім мерзімі не себепті өзгергенін режиссердің өзінен сұрап, киносыншы мен тарихшыдан ашаршылық қасіретін кино арқылы жеткізудің маңызы туралы сөйлесті.
Қазақстанда қырғыз режиссері Қаныбек Қалматов түсірген «Айтматов» биографиялық фильмінің тұсаукесері де кейінге шегерілді. Жазушы Шыңғыс Айтматовтың өміріне арналған картина бастапқыда 12 қарашада Қазақстан прокатына шығуы керек болған. Алайда әуелі көрсетілім белгісіз мерзімге шегеріліп, кейін жаңа дата – 3 желтоқсан деп жарияланды.
Тұсаукесердің кейінге қалуына байланысты кино сыншысы Дмитрий Мостовой әлеуметтік желіде фильмнің Ресейдегі нұсқасынан 1930-жылдардағы қуғын-сүргінге қатысты көріністерді, соның ішінде жазушының әкесі Төреқұл Айтматовтың атылуы туралы эпизодты алып тастауды талап еткен болуы мүмкін екенін жазды. Сыншының айтуынша, бұл көрініс фильмнің трейлерінде де болған. Алайда картинаны түсірушілер бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған жоқ.
«Авторлардан 1930-жылдардағы қуғын-сүргінге қатысты көріністерді, атап айтқанда, Шон-Таш шатқалында жазушының әкесі Төреқұл Айтматовты қоса алғанда, адамдарды ату эпизодын алып тастауды "өтінген" (дәйексөз) (бұл көрініс трейлерде бар)».
«Айтматов» фильмінің мазмұнына араласу туралы мәлімет әзірге кино сыншысының мәлімдемесі ғана, оны растайтын ресми дерек жоқ. Дегенмен бір апта ішінде екі бірдей фильмнің тұсаукесері кейінге қалуы тарихи тақырыптарды қозғайтын картиналардың прокатқа шығуы кезінде қандай рәсімдерден өтетіні туралы сұрақ туғызды.
Ақан Сатаевтың фильмі қазақ жазушысы Бейімбет Майлиннің аттас шығармасы негізінде түсірілген. Картина 1930-жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына арналған. Оқиға ортасында отбасын аштықтан аман алып қалуға тырысып, ауыр таңдау алдында қалған әйелдің тағдыры суреттеледі.
Ulysmedia.kz тілшісінің сауалына жауап берген режиссер Ақан Сатаев фильмнің кейінге қалуына прокаттық куәліктің болмауы себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, Мәдениет министрлігі тұсаукесер мен кинотеатрға шығу мерзімін бір аптаға шегеру туралы шешім қабылдаған.
«Өкінішке қарай, кеше «Күлпәш» фильміміз көрсетілімге куәлік ала алмады. Сондықтан тұсаукесер мен прокаттың басталуын бір аптаға кейінге шегеруге мәжбүр болдық (Мәдениет министрлігінің шешімімен). Бақытымызға қарай, фильмдегі көріністерді ауыстыру немесе қысқарту туралы әңгіме болған жоқ!», – деді Сатаев.

Заңда көрсетілімге куәлік алу үшін 30 жұмыс күні қарастырылғанын фильм авторлары алдын ала білді ме және тұсаукесер күнін жоспарлаған кезде осы мерзімді ескерді ме деген сауалға Сатаев бұл туралы, өкінішке қарай, кеш білгендерін қысқаша жеткізді.
Айта кетейік, 2026 жылғы ақпанда заңнамаға өзгерістер енгізіліп, көрсетілімге куәлік алуға берілген өтінімдерді қарау мерзімі жеті күннен 30 жұмыс күніне дейін ұзартылған болатын.
Киносыншысы Ғалия Байжанова Ақан Сатаевтың туындысын прокатқа шықпай тұрып көріп үлгерген. Оның айтуынша, режиссер 1930-жылдардағы ашаршылық қасіретін үрейлі кадрлар мен жантүршігерлік оқиғалар арқылы емес, бір жас отбасының тағдыры негізінде баяндайды. Бұл тәсіл көрерменге тарихи трагедияны кейіпкерлердің жеке басындағы қайғы-қасірет пен өзара қарым-қатынасы арқылы сезінуге мүмкіндік береді.

«Бұл туындының басты артықшылығы – Сатаевтың осы апатты көпшілікке бұрыннан белгілі оқиғаларды қайталап баяндау, шошытатын кадрлар көрсету немесе ашаршылық салдарынан болған жан түршігерлік оқиғаларды тізбектеу арқылы емес, бір жас отбасының жеке, тіпті өте жақын тарихы арқылы жеткізуге ұмтылуында. Мұның әсері одан сайын ауыр. Өйткені экрандағы отбасының қарым-қатынасына терең бойлаған сайын, көрермен өзін де сол шаңырақтың бір мүшесіндей сезінеді. Сол кезеңде аштықтан көз жұмған әр қазақпен бірге көрермен де өз болмысының бір бөлшегінен айырылғандай күй кешеді», – деді Байжанова.
Сыншы режиссердің көрерменді натуралистік көріністермен таңғалдыруға тырыспайтынын да атап өтті. Фильмдегі негізгі эмоциялық салмақ кейіпкерлердің жан күйзелісіне, диалогтары мен шарасыздықты білдіретін қимылдарына түскен.
Жалпы ашаршылық тақырыбы кеңестік кезеңде ұзақ уақыт бойы цензураның құрсауында болды. Әсіресе 1960-жылдардың соңы мен 1980-жылдардың басында тарихшыларға 1930-жылдардағы ашаршылықтың себептері мен салдарын объективті зерттеп, ашық жазуға қатаң шектеулер қойылды. Зерттеушілер ресми идеологиядан ауытқи алмады, ал партия мен министрліктердің архивтері жабық сақталып, оларға қол жеткізу шектелді. Соның салдарынан ашаршылық тарихы кеңестік тарихнамадағы ақтаңдақтардың біріне айналды. Бұл тақырыпты ашық зерттеп, талқылау тек 1980-жылдардың соңында жариялылық кезеңі басталған тұста мүмкін болды.
Ашаршылық туралы ашық айту немесе оны зерттеу Кеңес Одағы Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша «антисоветтік үгіт-насихат» ретінде бағалануы мүмкін еді. Мұндай айып тағылған жағдайда зерттеушілер қылмыстық жауапкершілікке, тіпті ату жазасына дейін кесіліп кету қаупіне тап болды.
Жалпы тарихи контексті тағы бір еске салу үшін «Қазақтар революция мен ашаршылық арасында» кітабының авторы, тарихшы Сұлтан Әкімбековке де жүгіндік. Оның айтуынша, ашаршылық тарихына қатысты құжаттық деректер жеткілікті деңгейде зерттелгенімен, қоғамға трагедияның ауқымын түсінуге көмектесетін, көпшілікке қолжетімді материалдар әлі де аз.
«Соңғы 35 жылда көптеген құжаттар жинағы жарық көрді. Олардың бірқатары сонау 1990-жылдары басылып шыққан. Ашаршылыққа арналған ең соңғы ірі басылым он томдықтан тұрды. Дегенмен бұл оқиғаларды түсіндіру мен бағалау мәселесінде әлі де сұрақтар бар. Қалың оқырманға қолжетімді еңбектер көп емес. Сондықтан зерттеулерді жалғастыру қажет. Қолда бар құжаттармен жұмыс істеумен қатар, қосымша деректерді де жинаған маңызды. Мысалы, ашаршылықты бастан өткерген адамдардың балалары мен немерелерінің естеліктерін жинау керек», – деді тарихшы.
Әкімбековтің пікірінше, көркем кино да жас ұрпаққа осы қасіретті жеткізудің бір жолы бола алады. Әсіресе сол кезеңдегі оқиғалардан бері ғасырға жуық уақыт өткенін ескерсек, бұл өте маңызды.
«Көркем фильмдердің маңызы сөзсіз зор. Бейнелеу өнерінің кез келген түрі – қоғамның өзіндік рефлексиясы. Бұл әсіресе жас ұрпақ үшін өзекті. Өйткені ашаршылық оқиғаларына жүз жылға жуық уақыт өтті. Жастар осы трагедияның ауқымын түсінуі керек. Сондықтан көркем шығармалар, соның ішінде фильмдер түсіру тарихи оқиғаларды қоғамдық тұрғыдан тереңірек түсінуге мүмкіндік береді», – дейді Әкімбеков.

Маман Қазақстанға ашаршылықтың себептері мен ауқымын зерттеуді, сондай-ақ болған оқиға үшін Кеңес өкіметінің жауапкершілігін талқылауды жалғастыру қажет деп санайды. Оның айтуынша, өткенге берілетін баға ең алдымен нақты деректер мен зерттеулерге сүйенуі керек.
«Тәуелсіздік алғаннан кейін, сонау 1990-жылдары-ақ белгілі бір бағалар берілген болатын. Кейін бұл мәселеге көзқарас біршама сабырлы сипат алды. Ашаршылық тарихында әлі де зерттеуді қажет ететін көптеген сұрақ бар. Трагедияның себептері мен ауқымы туралы үнемі айтуымыз керек. Алайда мұны сапалы түрде, нақты деректер мен зерттеулерге сүйене отырып жасау маңызды. Оқиғаларды неғұрлым объективті қарастырсақ, құр эмоцияға орын соғұрлым аз қалады. Эмоция маңызды, бірақ ол қазіргі саяси күн тәртібіне араласпауы керек. Болған оқиға үшін Кеңес Одағы жауапты, өйткені трагедия сол кезеңде жүргізілген саясатпен байланысты болды. Сонымен бірге қоғамда Кеңес дәуіріне қатысты түрлі көзқарастар бар. Сондықтан бұл оқиғаларды зерттеу мен зерделеу жұмысын жалғастыру қажет», – деп қортындылады тарихшы.
Бейімбет Майлиннің 1922 жылы жазылған «Күлпәш» әңгімесі ашаршылық кезіндегі қарапайым қазақ отбасының ауыр тағдырын баяндайды. Шығарманың басты кейіпкері – Күлпәш. Ол күйеуі Мақтым және кішкентай ұлы Қалимен бірге жоқшылықтың зардабын тартады. Үйде ішер ас та, жағар отын да жоқ. Мақтым күн сайын тамақ іздеп кеткенімен, көбіне құр қол қайтады. Ал Күлпәш аштықтан жылаған баласын қалай да аман алып қалудың жолын іздейді.
Осындай қиын сәтте Күлпәштің әпкесі оған жағдайы жақсы, жасы үлкен Жұмағазы деген адамға баруды ұсынады. Әуелде Күлпәш бұл ұсынысқа келіспейді. Өйткені ол күйеуі мен баласын тастап кеткісі келмейді. Алайда күн өткен сайын отбасының жағдайы нашарлап, аштықтың азабына шыдау қиындай түседі. Ақыры бір күні Күлпәш Жұмағазыға баруға бел буады. Осы оқиға арқылы жазушы аштықтың адамды қандай шарасыз күйге түсіретінін, күнкөріс үшін қандай ауыр шешімдер қабылдауға мәжбүр ететінін көрсетеді.
Майлин ашаршылық қасіретін тарихи деректер мен ауқымды оқиғаларды тізбектеу арқылы емес, бір отбасының күнделікті тұрмысы, ана мен баланың күйзелісі және адамдардың аман қалу жолындағы арпалысы арқылы жеткізеді. Осылайша, жазушы бір отбасының тағдыры арқылы тұтас бір кезеңнің қасіретін бейнелейді.
Бейімбет Майлин сталиндік қуғын-сүргін жылдарында атылды. 1937 жылы жазушы тұтқындалып, 1938 жылғы 26 ақпанда КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы оны ату жазасына кесті. Үкім орындалды. 1957 жылы Майлин қайтыс болғаннан кейін ақталды.
Жазушының тұтқындалуына дейін оның шығармашылығы да сынға ұшырады. 1933–1936 жылдары Бейімбет Майлиннің шығармалары төрт томдық жинақ болып жарық көрді. Осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі төрағасы Сәбит Мұқанов «Казахстанская правда» газетінде «Об ошибках писателя Б. Майлина» («Жазушы Б. Майлиннің қателіктері туралы») атты мақала жариялады.
Мұқанов Майлиннің бірқатар шығармасын, соның ішінде 1925 жылы жазылған «Ауыл мектебі» пьесасын сынға алды. Жазушыға шығармада Лев Троцкийді жағымды кейіпте көрсетті деген айып тағылды. 1937 жылы Майлин тұтқындалып, 1938 жылдың ақпанында ату жазасына кесілді.
Тәуелсіздік алғаннан бері қазақстандық режиссерлер 1930-жылдардағы ашаршылық тақырыбына бірнеше рет оралды. Солардың ішінде назар аударуға тұрарлық толықметражды көркем фильмдер бар:
Жалпы алғанда, «Күлпәш» фильмінің көрсетілімінің кейінге шегерілуі қоғамға ашаршылық тақырыбын тағы бір мәрте еске салды. Тарихшы Сұлтан Әкімбеков айтқандай, өткен оқиғаларды эмоцияға берілмей, нақты деректер мен зерттеулерге сүйене отырып зерделеу маңызды. Ал фильмдер мен кітаптар сол тарихты кең аудиторияға жеткізіп, қоғамның өткен кезең туралы көбірек білуіне мүмкіндік береді.