×
$
443.62
€
492.24
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
443.62
€
492.24
₽
5.36

Ақтөбедегі дәмханада жарылыс болып, екі адам зардап шекті

Бүгін, 11:40
Ақтөбедегі дәмханада жарылыс болып, екі адам зардап шекті
Желіде тараған кадрлар

13 қарашада таңертең Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада жарылыс болды. Ғимаратқа жапсарлас салынған бөлігі қирап, өрт шықты. Екі адам зардап шекті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сынықтар көшеге шашылып кеткен

Төтенше жағдай сағат 10:30 шамасында Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болды. Оқиға куәгерлері әлеуметтік желіде видео жариялады. Кадрлардан көшеге шашылған құрылыс қалдықтары мен темір конструкцияларды көруге болады. Ғимараттан қою түтін шыққан.

Тұрғындардың айтуынша, олар қатты жарылыс дыбысын естіген.

– Мен сол маңнан өтіп бара жатқанмын, бұл жолмен үнемі жүремін. Ломбард тұрған жердегі жаяу жүргіншілер өткелінен енді ғана өткенімде, қатты жарылыс болды, – дейді әйелдердің бірі.

Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, дәмханада жастар, соның ішінде студенттер де жұмыс істейді.

Екі адам ауруханаға жеткізілді

Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қирауға газ-ауа қоспасының жарылысы себеп болған. Салдарынан дәмханаға жапсарлас салынған бөлік құлап, өрт шықты. Бес қабатты үйдің пәтерлеріндегі терезелер де зақымданған.

– Сағат 10:53-те өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Оларды жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізді, – деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.

Өртті сөндіруге 45 құтқарушы мен 10 техника жұмылдырылды. Қаза тапқандар жоқ. Оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.

Сізге қызық болуы мүмкін