×
$
448.72
€
493.86
₽
5.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.72
€
493.86
₽
5.49

Астанада грант ақшасын автокөлік лизингіне жұмсап, пәтер алғандар күдікке ілінді

Бүгін, 13:10
Астанада грант ақшасын автокөлік лизингіне жұмсап, пәтер алғандар күдікке ілінді
Ulysmedia коллажы

Астанада ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген мемлекеттік грант қаражатын жымқыру дерегі анықталды. Күдіктілер өсімдік майын өңдеу өндірісін ашуға берілген қаржыны өзге мақсаттарға жұмсаған. Мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Грант қаржысына талапқа сай келмейтін жабдық сатып алған

Тергеу материалдарына қарағанда, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» АҚ-нан «Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыру үшін 350 млн теңгеге дейінгі грант алған.

Алайда қаражат жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер мен басқа да тауарларға төлем жасау деген желеумен бақылауындағы компаниялардың шоттарына аударылып отырған.

Атап айтқанда, жоба бойынша дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желі сатып алынуы керек болған. Оның орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана алынған. Өндірісте дайын өнім шығарылмаған және сатылмаған.

Қаражат автокөлік пен пәтер алуға жұмсалған

Мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілген. Жымқырылған ақша пайдаланылған өсімдік майын жеткізуге ақы төлеу деген сылтаумен өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған.

Кейін қаражаттың бір бөлігі жеке кәсіпкердің шоттарына қайтарылып, жобаға салған жеке қаражаты ретінде рәсімделген. Сондай-ақ ақшаның бір бөлігі автокөліктерді лизингке алу үшін бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған.

Бұдан бөлек, жобаның орындалуын бақылауға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алған. Ол анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілерінде көрсетпей, жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген.

Қазір екі күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Сізге қызық болуы мүмкін