Бұл туралы мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, кеше Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабымен әкімшілік жауапқа тартылған.
“Айрықша белсенділік көрсеткен 5 азаматтың үстінен әкімшілік іс қозғалып, ескерту түрінде шара қолданылды. Дегенмен олардың бәрі де үйлеріне қайтарылды”, – деді Бас прокурордың орынбасары.
Еске салсақ, 10 сәуірде Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.
Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.
Бұдан бұрын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талабы әлі айқын еместігін айтқан.
Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.
Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.
11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.
Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.
12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.
Бұдан бұрын “ҚазМұнайГаз” бен жұмысшылар арасындағы келіссөзде тараптар қандай мәмілеге келгенін жазғанбыз.