×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Жалға үш есе қымбатқа беріліп келген»: QazaqGaz ғимараты компанияның өз балансына алынды

18.04.2023, 09:44
Фото: Ашық дереккөзден

Бұл туралы Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында QazaqGaz ұлттық компаниясының қазіргі басшысы Санжар Жаркешов айтты.

Сұхбат барысында QazaqGaz ұлттық компаниясының қазіргі басшысы компанияны бұрын басқарғандардың есім-сойын нақты атамаса да, «егер олар ұрлық жасаса, жазасы болуы керектігін» атап өтті.

«Сондықтан біз олардың іс-әрекеттерін ашық талқылаймыз. Қазір біздің компаниямызда құқық қорғау органдарының көптеген өкілдері жұмыс істеп жатыр осы бағытта. Бір мысал айтсам, біздің ғимарат жеке кәсіпкердің қолында екен. Мен келгенге дейін. Саралап қарасам, оны жалға алу құны нарықтағы бағадан үш есе жоғары. Ол дегеніңіз – заң бұзушылық. Біздікі әділетті көзқарас, ашық іс. Ал мұны әділетсіз деп ойлаймыз. Құқық қорғау органдары да жалға алу құнын түсіруді талап етті», - дейді Жаркешов.

Оның айтуынша, ғимарат мамамен, шаршы метріне 16 мың теңгеден беріліп келген. Ал нарықта қазірдің өзінде бұдан үш есе төмен.

«Осыны ғимараттың иесіне айтсақ, көнбеді. «Онда жарықты, суды өшіреміз» деп форсмажор жағдайға әкелді. Бұл былтыр көктемге болған оқиға.  Ал біздің ғимараттың ішінде өте маңызды нысандар бар. Солардың бірі – диспетчерлік орталық. Біздің орталық қауіпсіздік-стратегиялық нысан – газ тасымалдау құбыры. Бүкіл Қазақстан аумағындағы жүйе. Оны тоқтата алмаймыз, өйткені диспетчерлік орталық соның жұмысын қамтамасыз етеді. Екіншіден, тура жаздың басында маңызды саяси науқан – ұлттық референдум болды. Біздің ғимараттың ішінде сайлау учаскесі орналасқан. Оның да жұмысын жүйелі атқаруымыз керек. Сондықтан форсмажорға жол бермеуіміз қажет. Бұл нақты қадамдар жасауға алып келді. Орталық басқаруды мемлекеттік компаниялармен келісіп тағайындадық. Осы кезде қылмыстық іс қозғалып, ғимаратты мемлекетке қайтару процесі жүріп жатты. Бұл бір-ақ күнде біте салатын шаруа емес», - дейді ол.

Санжар Жарешовтен «бұл бизнес орталық Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі болған» деген ақпараттың мән-жайы сұралған. Алайда Жарешов «ол кісінің есімін естімегенін, басқа өкілдерінің атында болған болуы мүмкін екенін» атап өтті. Құқық қорғау органдарына сілтеді.

«Алайда, сүйінші десем де болады, нақты қабылданған шаралардың нәтижесінде 12 сәуір күні ғимарат толықтай біздің компанияның балансына көшті. Осы бағытта жұмыс істеген комиссияның жұмысы аяқталып, елімізге осындай маңызды актив қайтты. Шамамен, 10 млрд теңге шығынды біз қайтарып алдық. Бұдан былай біз жылына 1,6 млрд теңге үнемдейміз. Бұл – үлкен жеңіс», - дейді ол.

Айта кетсек, бұрын QazaqGaz ұлттық компаниясы «ҚазТрансГаз» болып аталған кезінде Назарбаев әулетінің күйеу баласы атанған Қайрат Шәріпбаев басқарған еді. Шәріпбаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін 14 қаңтарда компанияның басқарма төрағалығынан кетті.

2021 жылы Азаттық Шәріпбаевқа тиесілі болған, кейін «сенімді серіктесіне» өтіп, әлі күнге дейін табысты жұмыс істеп жатқан бірнеше компанияны анықтап, үлкен зерттеу жүргізген. Ол мақалада Шәріпбаев басқа адам атынан компания ашып, «ҚазТрансГаздағы» лауазымын пайдалану арқылы байып отырған болуы мүмкін екендігі жазылған.

Санжар Жаркешовпен өрбіген сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia порталының youtube арнасынан көре аласыздар.

Серіктес жаңалықтары