×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Алматыда көпбалалы әкені азаптаған полицейлерге үкім шықты

07.06.2023, 18:02
Алматыда көпбалалы әкені азаптаған полицейлерге үкім шықты
bureau.kz

Сот Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторы қызметкерлеріне үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Іс материалдарына сүйенсек, полиция департаменті уақытша ұстау изоляторының жеті қызметкеріне қатысты өлім түріндегі ауыр зардапқа әкеп соққан, басқа тұлғаларға зиян келтіру мақсатында билігін асыра пайдаланып, зорлық-зомбылық қолданды, қызметте әрекетсіздік танытты деген айып тағылған (ҚК-нің 146 б., 3 т.,, 370 б., 4 т., 1 т.).

“2022 жылғы 9 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдік бойынша жәбірленуші А. Алматы қ. ПД УҰИ-ға жеткізілген. 2022 жылғы 12 қаңтарда УҰИ камерасындағы жәбірленуші А. камераның есігін жұдырығымен, аяғымен соғып, тергеушіні шақыруды талап еткен. УҰИ бекетінде қызметте болған сотталушылар – А. және Т. кезекші Е.-ге бұл жағдайды мәлімдеген, содан кейін Е., А. және Т. резеңке таяқшаларын алып, камераға қарай бет алған. Жәбірленуші А. алюминий қасықты алып, оларға қарай сермеген, сотталушылар оны соққыға жыққан, сосын жәбірленушіні тексеру бөлмесіне сүйреп апарып, төртеуі ұрып-соғып, қорлауды жалғастырған, ал біреуі осы жайтты жай ғана бақылап, әрекетсіздік танытқан. Ұрып-соғуды аяқтаған соң сотталушылар жедел жәрдем шақырған. Келіп жеткен жедел жәрдем бригадасы жәбірленуші А.-ның өлімін белгілеген”, – делінген сот хабарламасында.

Тергеу изоляторының алты қызметкеріне  8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қызметте әрекетсіздік танытқан тағы бір қызметкер 5 жыл бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандардың барлығына қосымша жаза – мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқықтарынан айырылды. Сондай-ақ олар арнайы атақтарынан айырылды.

Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 20 000 000 теңге сомасында моральдық залал өндірілді.

Айта кетейік, бұдан бұрын тергеу кезінде адам азаптаған 39 полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.