×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Семей орманындағы алапат өрт толық сөндірілді

13.07.2023, 15:49
Семей орманындағы алапат өрт толық сөндірілді
көрнекі фото

«Семей орманы» резерваты бүгін сағат 13.00-де Абай облысы Бородулиха ауданындағы орман өрті толығымен сөндірілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жалын шарпыған аумақ - 60 мың гектар.

Тартылған күш-құралдардың көмегімен бұл өрт 14 маусым сағат 21:00-де оқшауланған болатын.

Бұған дейін айтылғандай, өрт оқшауланып, ТЖМ мамандары кеткен сәттен бастап орман қайта өртенбес үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман өрт стансалары кезекшілік ұйымдастырды.

“Өрттің бүкіл периметрінде патрульдеу жүргізілді. Өрт көлемі одан әрі ұлғаймай, таралуы тоқтағаннан кейін ғана оның оқшауланғаны хабарланады. Бұл ретте өрттің қайта тұтануына жол бермес үшін бүкіл шаралар қабылданып, жануы тоқтаған кезде өрт сөндірілді деп есептеледі”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, “Семей орманы” аумағында өрт  8 маусымда тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.

Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.

Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.

Сондай-ақ, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.

Ал Бас прокуратура борман өртінің шығуы себебі бойынша үш нұсқа тексеріліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы орман өрті бойынша өз қызметіне салғырт қараған шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген.