Өткен жылы мемлекеттік архивтерге өтініш жолдағандардың 60%-ға жуығының құжаттары табылмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында жазылған.
«Жыл сайын мемлекеттік архивтерге орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, заңды және жеке тұлғалардың, архивтік ақпаратты пайдаланушылардың 500 мыңнан астам сұрау салуы келіп түседі. Алайда, мемлекеттік сақтауда құжаттардың болмауына байланысты оларға теріс жауаптар беріледі. Мысалы, 2022 жылы архивке келіп түскен 459 957 сауалдың 272 357-не теріс жауаптар берілді, бұл 59%-ын құрайды», - делілген құжатта.
Бұған дейін архивке тапсырылуы тиіс құжаттарды жиі жоғалтатын ведомстволар аталған. Мәселен, Әділет министрлігінің үш құрылымдық бөлімшесінде 2010-2016 жылдары 317 құжат жоғалу фактісі анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінде - 195, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде - 47, Қаржы министрлігінде - 4 құжат жоғалған. Бұл осы ұйым қызметкерлерінің жұмыс өтілін, жалақы мөлшерін және зейнетақы қорына аударымын растай алмауына әкеп соғады.
Еске сала кетсек, биыл наурызда Ulysmedia.kz порталына Ақтөбе облысының бір топ архившісі хабарласқан. «Бізге кім араша түседі» деп басталатын хатта аудандардың архившілері айлықпен бірге берілуі тиіс 25% үстемақыны ала алмай, оны даулағаны үшін қысым көрсетіліп жатқанын жазған. Архившілер былтыр сотта жеңіп шыққан. Алайда алты жылдан кейін «қол жеткіздік-ау» деген үстемақы жаңа жылдан кейін тағы берілмей қалған. Порталда сол жөнінде мақала жазылған болатын.
Мәдениет министрлігі мәселені шешуге уәде берген.