"Яндекс" компаниясы yandex.kz серверлерін Қазақстанға көшіргелі жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Бірнеше күн бұрын Қазақстан билігі "Яндекс" өкілдерімен кездесіп, ҚР азаматтарының дербес деректерін қорғауды, сондай-ақ республика аумағында серверлерді орналастыруды талқылағаны хабарланды.
"Серіктестік пен ұлттық цифрлық ресурстарды нығайтуға ұмтылу аясында "Яндекс" yandex.kz доменіне қызмет көрсететін серверлерді ел аумағына көшіру бойынша жұмыстарды жалғастыруға дайын екендігін растады — бұған дейін "Яндекс Go" сервисі үшін де солай жасалған болатын, - деп мәлімдеді цирфлық даму министрлігі.
Еске салайық, жуырда БАҚ беттерінде Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі Қазақстандағы "Яндекс.Такси" қызметіне қатысты мәліметтерге тәулік бойы рұқсат алатыны туралы ақпарат тараған.
Қазақстандағы Яндекс Go компаниясы бұл ақпаратқа түсініктеме беріп, Ресей заңнамасы Қазақстандағы қызметке және оның пайдаланушыларына қатысты қолданылмайтынын жеткізген.
9 тамызда Қазақстанда Yandex.kz іздеу жүйесінің жұмысы деректерді сақтау ережелерінің бұзылуына байланысты бұғатталды. Цифрландыру министрлігі компанияға деректерді өңдеу орталықтарының орналасқан жері туралы, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының дербес деректерін қорғау шаралары туралы толық ақпарат беру туралы сұрау жіберді.
Сондай-ақ, ресурстан өз доменін республика аумағына көшіру талап етілді.