Ақтөбе соты қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық қудалауға ұшыраған жергілікті тұрғын Асланбек Омаровтың талабын ішінара қанағаттандырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Азаттыққа" сілтеме жасап.
Асланбек Омаровтың айтуынша, ұсталғаннан кейін оны ұрып-соғып, азаптаған. Ол төрт ай бойы тергеу изоляторында болды. Содан кейін бес ай үйқамақта отырды, кейіннен тағы бес ай ешқайда кетпеу туралы қолхат беруге мәжбүр болды. Осы уақыт ішінде ол бизнесінен айырылған, салдарынан әйелі мен 2 жасар қызы асыраушысыз қалды.
Сот үкімі бойынша Қаржы министрлігі Омаровқа моральдық зиянды өтеу ретінде мемлекеттік бюджеттен 3 млн теңге және адвокатқа жұмсалған шығыстарды өтеу үшін тағы 500 мың теңге төлеуге міндеттелді.
Омаров "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты" деп айыпталған болатын. Ақпан айында ол және тағы бір сотталушы Ернұр Әжниязов толығымен ақталды.