"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының еншілес ұйымдарының бірінде желдің көмегімен электр энергиясын өндіру бойынша объектіні салуға бағытталған 15 млрд теңгеден астам сома ысырап болғаны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің мәліметінше, 2020 жылы 100% үлесі "Самұрық-Энерго" АҚ-ға тиесілі Eneymentau Wind Power ЖШС тендер қорытындысы бойынша Ерейментау ауданында "Олимп Транс Сервис" ЖШС-мен жалпы сомасы 26,1 млрд теңгені құрайтын қуаты 50 МВт жел электр станциясын (ЖЭС) салуға шарт жасасқан.
Шарт талаптарына сәйкес нысан 17 ай бұрын 2021 жылдың 4 маусымына дейін салынуы керек еді.
Алайда 2020 жылы "Олимп Транс Сервис" ЖШС мердігері жұмыстарды бастаған жоқ, бұл ретте 10,5 млрд теңге сомасында аванстық төлемдер толық көлемде төленді.
Мердігерге бұл мөлшердегі аванс жеткіліксіз болды, жел генераторларының 11 кешенін жеткізу үшін ол авансты арттыруды талап етті.
Ereymentau Wind Power ЖШС медиацияны пайдалана отырып, заңды негізсіз аванс сомасын тағы 5,5 млрд теңгеге арттырды. Бірақ бұл мердігерге шарт талаптарын орындауға көмектеспеді. Бүгінгі күні 15,4 млрд теңгеге жұмыстар орындалмады, жел генераторларының 11 кешенін жеткізу жүргізілген жоқ. Ereymentau Wind Power ЖШС Бақылау кеңесі мен бұрынғы басшылығының "адалдығы" 15,4 млрд теңге мөлшерінде төленген аванстың қамтамасыз етілмегендігіне және мердігер шартты орындамаған жағдайда сақтандыру төлемін алу мүмкіндігінің жоғалуына әкелді”, – делінген хабарламада.
Компанияға анықталған бұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтарға қатысы бар адамдардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жіберілді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қаржы министрлігі «Қазақтелеком» акцияларын «Самұрық-Қазынаға» аударғаны хабарланған.