"ҚТЖ-Жүк тасымалы" директорының Маркетинг және жоспарлау жөніндегі орынбасары Нұржан Келбұғанов пен "Қазтеміртранс" басшысының орынбасары Александр Ширяев өз жалақыларының мөлшері туралы сұраққа жауап бермей, журналистерден қашуға асықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚТЖ ғимаратында өткен брифинг барысында Ulysmedia.kz тілшісі Нұржан Келбуғанов пен Александр Ширяевтан еңбекақыларының мөлшері туралы сұрады. Спикерлер бұл сұраққа жауап бергісі келмеді.
"Бұл менің сұрағым емес", - деп жауап берді Келбұғанов брифинг өткен залдан кетуге асығып.
"Мұндай мәселелерді бұл жерде айту орынсыз. Ресми түрде баспасөз қызметіне сұрау жіберіңіз, олар сізге жауап береді", - деп жауап берген Александр Ширяев та жиын өткен жерден тез шығып кетті.
Баспасөз қызметінің қызметкерлері "көмекке" асығып, бұл сұрақтардың брифинг тақырыбынан тыс екенін жеткізді.
"Олардың жалақысы кісі күлерлік, шынымды айтсам", - деді баспасөз қызметкері.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың жазында құрамына ҚТЖ ұлттық тасымалдаушысы кіретін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының топ-менеджменті 2022 жылы 406,5 млн теңге көлемінде сыйақы алғаны белгілі болған.