×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Бас прокуратура Қайрат Сатыбалдымен байланыстырған жолдың құрылысы 2025 жылға дейін созылуы мүмкін

28.09.2023, 18:27
Фото: Ашық дереккөзден

2022 жылдың жазына дейін құрылысы аяқталуы тиіс болған Қалбатау-Майқапшағай жолы 2025 жылы ғана толық қолданысқа берілуі мүмкін. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Аталған жолды осыдан бірнеше жыл бұрын қазақстандық Қазгерстрой компаниясы мен қытайлық Син-Синь компаниясы салып бастаған. Алайда 2022 жылға дейін жолдың 21 млрд теңгесі ұшты-күйлі жоғалып, құрылыс аяқсыз қалған болатын. Енді бүгін Көлік министрі Марат Қарабаев бұл жол тек 2025 жылы салынып бітетінін мәлім етті.  

Еске сала кетейік, биыл сәуірде Бас прокуратура «Қалбатау-Майқапшағай жолын салуға «ҚазГерСтрой БК» ЖШС (Қайрат Сатыбалды құрылымдарымен байланысты) жұмыстарды бірлесіп орындаушы ретінде тартылғанын хабарлаған болатын. Жоба бойынша ҚазГерСтрой 21,4 млрд теңге аванстың едәуір бөлігін автожолға байланысты емес басқа мақсатқа, оның ішінде кредитке ақы төлеуге жұмсаған.

«Ол үшін мердігер күдікті капиталды шығару схемаларын қолданды" деп хабарлаған еді Бас прокуратура.

Ulysmedia.kz тілшісі сол жолдың келешегін Көлік министрі Марат Қарабаевтан сұрады.

«Біз ол жолмен жүріп өттік. Қалбатаудан Майқапшағайға дейін болмаса да, сол жолдың 20 пайызын басып өттім. Шынында да, жағдай күрделі. Біздің сол жолды салатын компанияның алдына қойып отырған талабымыз – 2024 жылда сол жолмен толық қозғалыс беру. Астыңғы қабатпен бірге сол жақта көліктің жүруіне мүмкіндік беру. Ал 2025 жылы толық іске қосу», - дейді ол.

Марат Қарабаевтың сөзінше, қазір жолды Қытайдың Синь-Синь компаниясы қытайлық Эксим банктің есебінен салып жатыр. Марат Қарабаев аталған банк қаражатты Қазақстанға тиімді пайызбен беріп отырғанын атап өтеді.

«Ол компания алдында біз төрт міндет қойдық. Біріншіден, алдағы қыста компания жолдың күтімін өз мойнына алады. Екінші мақсат – біз компанияның қолына екі беттен тұратын нақты іс-шараларды бердік. Келесі жолы сол жолды қамтамасыз ету үшін қыста қандай техника, қаншалықты құрылыс материалдарын сатып алу керек? Қай айда қаншасын сатып алу керек – ол екінші мәселе. Яғни, келесі жылы жұмысты қарқынды бастау үшін материалдар дайын болса дейміз. Үшінші талап бар: ол компанияның тек өзінің жолды толық салуға шамасы жетпейді. Сондықтан, көбірек мүмкіндігінше, қазақстандық мердігер компанияларды тартыңыздар деп отырмыз. Субмердігер ретінде. Ал төртінші мәселе: қосымша қаражат сұрайды. Біз ол мәселені екі жаққа тиімді шештік. Бірақ «сол жолды өздеріңіз бітірмегенше, ақшасын төлемейміз» дедік. Синь-Синь компаниясының басшылығымен сөйлесіп, өз қаражатымен жұмысты бастаңыздар дедік», - дейді ол.

Марат Қарабаев 2024 жылы сол жолдың қозғалысын толық қамтуға күш салынатынын айтады. Өйткені жолдың жағдайы нашар.

«Шыны керек, жұмыс істелмеген. Ол жерде тек қытайлық компания айыпты деуге болмайды. Өйткені ол учаскеге бөлінгенде мердігер ретінде қазақстандық компаниялар кірген. Сол жұмысты ең көп жасамаған – қазақстандық компания. Өкінішке қарай, солай. Ең көп кемшілік Қазақстан компанияларынан кеткен. Алайда бас мердігер қытайлық компания ма – жұмысты бәрібір сол талап ету керек еді», - дейді Марат Қарабаев.

Серіктес жаңалықтары