×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салынуы мүмкін

06.10.2023, 15:31
Қазақстанда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салынуы мүмкін

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева дін туралы жаңа заңда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салу мәселесі қаралатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында министрден жаңа заңға хиджаб, никаб және шолақ шалбар киюге тыйым салу енгізіле ме деген сұрақ қойылды. Балаева жаңа заңға бұл нормалар ұсынылатынын айтты.

"Міндетті түрде тыйымдар болады. Қоғамдық орындарда діни киімдер киюге шектеу қойылады. Мен бүкіл әлемдік тәжірибені зерттедім, өйткені бұл - ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе. Қоғамдық орындарда бетін жауып жүретіндерді тану өте қиын. Бұл мәселе қоғаммен бірге талқыланатын болады. Біз уәкілетті орган ретінде осы бағыттағы жұмысты күшейту және осы бағыттағы заңнамалық нормаларды қатаңдату бойынша жұмыс істейтін боламыз", - деді министр.

Ол Қазақстанда дін мәселелері өзекті болып отырғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, қазір биліктің міндеті – халықтың діни сауатын арттыру.

Мәдениет министрлігінің басшысы осы жылдың 1 қаңтарынан қыркүйек айының соңына дейін интернетте терроризм және діни экстремизмді насихаттайтын 14 860 материал анықталғанын хабарлады. Бұл, Балаеваның айтуынша, діни ағымдардың жұмысы күшейгенін көрсетеді.

"Біз "Дін туралы" Заңның жекелеген нормаларын қайта қарау бағытында жұмыс істейтін боламыз. Біздің қолданыстағы заңымызда "деструктивті діни ағымдар" деген ұғым жоқ. Сондықтан мұнда біз барлық тармақтар бойынша жұмыс жүргізуіміз керек. Әрине, жұртшылықтың пікірін мұқият зерделеу қажет", - деп қосты ол.

“Дін туралы заңның нормалары қашан қайта қаралады?” деген сұраққа Балаева жақын арада қолға алынатынын айтты, өйткені дін туралы заңды қайта қарау – депутаттардың өз бастамасы.

Айта кетейік, бұдан бұрын мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанда уахабшыларға жағдай жасап отырған билік өкілдері барын айтқан. Оның пікірінше, 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келді.

Сондай-ақ, мәжілісмен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев уахабизмді билікті ұстап тұру үшін пайдаланғанын мәлімдеді.