Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің оқытушысы Дастан Қастай академиялық әділдікті талап етіп, әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Автор өзіне жұмыс орны басшылығы тарапынан қысым жасалып жатқанын айтқан.
“Оқытушылық жұмысымның алтыншы аптасы басталғанда ешбір «ойға қонымды» себепсіз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі жұмыстан шығарылдым. Университет тарапы неліктен мұндай қадамға барғанына қатысты түсінік беруден бас тартты. Көз алдымда менің азаматтық құқым тапталып, оқытушылық болмысыма, кәсіби қызметіме нұқсан келіп жатыр. ҚазҰУ басшылығына, әміршіл-әкімшіл жүйені шеберлікпен жүзеге асыратын жандарға “Тәуелсіздік ұрпағының” ұстанымы, санасы ашық азаматтық оқытушылық амбициясы ұнамаса керек. Менімен айқас жазушы-журналист “Кемел Тоқаев аудиториясы” ашылғаннан кейін басталды”, – дейді Қастай.
Ол «Кемел Тоқаев» атындағы аудиторияның ашылуын түсіруге, университет басшылығының есептік-науқандық сипатқа ғана мән беретінін танытуға келген журналист-әріптестеріне (бірқатар тәуелсіз баспасөз) жасалған қысас – мәселенің бергі жағы екенін айтады. Тәуелсіз БАҚ-тың «Тоқаев атындағы аудиторияға қатысты» ақпаратынан кейін журналистика факультетінің оқытушылары қатты қысымға ұшыраған.
“Нақты дәлелі – жылдар бойы ұстаздарымның парасатымен жетіліп, шетелде білім алып, кейіннен профессорлардың шақыртуымен дәріс беруге барған жұмысымнан шығып қалуым (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультеті оқытушылығынан)”, – деп толықтырған жазба иесі.
Дастан Қастай жұмыстан негізсіз босатылуының бірнеше себебін атайды.
Оқытушының ашық хатына ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірген.
“Құрметті Дастан Қуандықұлы, қазіргі уақытта Алматы қаласында іс-сапардамын. Сіздің мәселеңізді бақылауыма алдым. Бүгін университет басшылығымен кездесу өткіземін және мәселенің оң шешілуі үшін атсалысамын.
Біздің министрліктің және менің басты мақсатым – әр ұстаз бен студенттің құқығын қорғап, қолдау.
Маған жекеме телефон номеріңізді қалдыруды сұраймын”, – деген министр.