×
483.23
534.74
5.12
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
483.23
534.74
5.12

Қазақстанда киік ату басталды: киелі аңның саны қалай реттеледі

16.10.2023, 13:32
Қазақстанда киік ату басталды: киелі аңның саны қалай реттеледі
uralskweek.kz

Елімізде киіктерді түнгі уақытта ату жоспарланып отыр. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ведомство басшысының сөзінше, киік санын реттеудің екі түрі ұсынылған.

«Біріншісі – коралдық (киіктерді айдап кіргізетін қоршау) әдіс. Бұл іс-шара әдетте күндіз жүргізіледі. Екіншісі – түнгі уақытта ату. Біз бірінші жолды таңдадық. Алайда, ауа райының жағдайына және көлікті тиімді пайдалану мүмкіндігінің жоқтығына байланысты екінші әдісті жоспарлап отырмыз», - деді Нысанбаев.

Министр Қазақстанда киік саны тарихи көрсеткіштен асып кеткенін атап өтті. Ақбөкендер ауыл шаруашылығына 12 млрд теңге шығын әкелгенін алға тартты.

«Бұл қасқыр сынды табиғи реттеушінің жоқтығынан болып отыр. Бұрын жұт, құрғақшылық болып, жайылым болмай қалатын. Мұнан бөлек, ауру таралатын. Мен жауаптан қашпаймын, киік санын реттеу қажет», - деді Ерлан Нысанбаев.

Еске сала кетейік, 2022 жылы экология министрі Серікқали Брекешев ақбөкендер фермерлердің егінін таптап жатыр деп мәлімдеген еді. Содан кейін ведомство «жануарлар санын реттеу шеңберінде» 80 мың ақбөкенді ату туралы шешім қабылдаған.

Бұл шешім қоғамның біршама сыны мен наразылығын туғызып, қазақстандықтар экология министрлігінің жоспарына қарсы петицияға қол қойды. Ақыры, іске президент араласып, министрге сөгіс жариялап, бастаманы тоқтатты.

Бұдан бұрын экология министрлігі қоғамның қарсылығы мен президенттің ескертуіне қарамастан, киік атуды заңдастырылатынын мәлімдеген.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығына сәйкес, ақбөкендерден басқа, саны реттелетін жануарлар тізіміне қасқырлар, шибөрілер, қарғалар, үлкен корморанттар, жыланбас балықтар енді. Тізімдегі жануарлардың саны халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа үй жануарларының ауруларынан қорғау, қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатында реттелмек.

Бұйрық 2023 жылғы 6 қазаннан бастап қолданысқа енді.