Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің прокаты төңірегіндегі шуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер министрден бұл фильмнің ел кинотеатрларындағы көрсетілімі өзге туындыларға қарағанда неге қысқа болғанын сұрады.
Балаеваның айтуынша, барлық прокат ұйымдарының фильмдерді көрсету кестесі бар.
"Біз мұндай дүрлігу болады деп ойлаған жоқпыз. Шынында да, уақыты алдын ала таңдалды. Көрермендер қызығушылық танытқаннан кейін біз фильм көрсетілімін бір аптаға ұзарттық. Бізде үлкен экранға шығуға кезек күтіп тұрған басқа фильмдер де бар, менің ойымша, мұнда проблема жоқ. Парадокс мынада: бұл фильм "Қазақстан" телеарнасының эфирінде үш рет көрсетілді, бірақ ол кезде көрермен тарапынан ерекше қызығушылық болған жоқ. Қазір оны желіден кез келген адам көре алады", - деп жауап берді министр.
Ведомство басшысының пікірінше, "Оян, қазақ!" туындысына халықтың ерекше ықылас танытуының ешқандай саяси астары жоқ.
"Көрермендердің қызығушылығы жақсы. Енді біздің қазақстандық сериал өндірісі табысты болады деген үміт бар. Осы уақытқа дейін бізде түсірілгеннің бәрі сапасыз деген стереотип болды. Енді біздің режиссерлер лайықты картиналар түсіре алады деп айта аламыз", - деп қосты ол.
Еске салайық, бұдан бұрын әлеуметтік желіде қазақстандықтар ел кинотеатрларында "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің көрсетілімі тоқтатылғанына наразылық білдіріп, туындыны прокаттан алу туралы тапсырманы кім беруі мүмкін екенін болжаған.
"Жаңа ғана прокаттан "Міржақып. Оян, қазақ " фильмі алынғанын білдім! Естігеніме сенбей, барлық онлайн кассаларды тексердім – расында да, жоқ екен. Мен мұндай бұйрықтардың тамыры ең жоғары кабинеттерден шыққанына сенімдімін. Тек қайсысынан екенін нақты айта алмаймын", - деді Алматы тұрғыны.
Желідегі шудан кейін «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің кинотеатрлардағы көрсетілім мерзімі тағы бір аптаға ұзартылды.
Фильм көрерменге 21 қыркүйекте жол тартқан болатын. «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы ұсынған фильмнің сериал нұсқасы бұған дейін көпшілік көрерменнің ықыласына бөленген. Туындыда Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабын жазу, басу, тарату кезі, түрмеге қамалған тұста басына түскен қиын сәттері, қызы Гүлнардың әкесін ақтау жолындағы күресі көрсетіледі. Басты рөлді актер Бақыт Қажыбаев сомдайды.
Ұлт тарихы, Алаш тақырыбында мұндай туындылар сирек жарыққа шығады. Фильм шыққалы оны әлі келгенше жарнамалап, туындыны көруге үндегендердің көптігінен тарихты түгендеуде жалпы жұрттың ынтасы зор, мүддесі ортақ екенін аңғарамыз. Жуырда Ulysmedia.kz тілшісі режиссері әрі осы туынды сценариінің авторларының бірі Мұрат Есжанмен сұхбаттасқан болатын.