Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жылдар бойы өзіне жақын адамдардан аппарат құрды. Соның бәрі бірінші президентке бүкіл Қазақстан бір ғана адамның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болатын жағдай жасап берді. Ақыры, қазір табиғи байлықтың бәрі, фабрикалар, зауыттар, банктер мен демалыс орындары, мектептер мен университеттер Назарбаевтар отбасына немесе оған адал қызмет еткен адамдардың иелігіне өтті.
Ulysmedia.kz осы күнге дейін Назарбаевқа кімдер көмекші болғанын саралап көрді. Экс-президенттің көмекшісі болғандардың ішінде әлі де билікте жүргендер, бизнесте қалғандар, тіпті түрмеде отырғандары да бар.
Бишімбаевтың тасы өрге қалай домалады
Аспандау, құлау және тағы да аспандау… Қуандық Бишімбаевтың саяси карьерадағы өмірі осылай басталды. Біздің елде “Болашақ” бағдарламасын бітіріп келгендер екі қолға бір күрек таппай жүрген кезде Бишімбаевтың карьерасы бірден асқақтап шыға келді. Ескі Қазақстанда “оның себебі неде?” деп екінің бірі сұрай бермейтін. Кім қалай ойласа да, жас жігіт білімді әрі харизмалы көрініп, “жоғарыға” өрлеп кете берді. Диплом алғаннан кейін ол бірден Қазақстанның Даму банкіндегі басқарманың бас менеджері, бір жылдан кейін - экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бөлім бастығы болды. Төрт жылдан кейін министрдің кеңесшісі, содан кейін премьер-министрдің орынбасарының кеңесшісі, сауда саясатын дамыту орталығының президенті, Индустрия және сауда вице-министрі және Президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болып кете барды. Президенттің көмекшісі болып 2009 жылы тағайындалды.
Биліктің сынағынан өткеннен кейін Бишімбаевтың тасы өрмелеп қоя берді. Екі жыл бойы Бишімбаев Самұрық-Қазына қоры төрағасының орынбасары болды, содан кейін "Бәйтерек" холдингін басқарды. 2016 жылы Ұлттық экономика министрі орынтағына қонжиды. Алайда арада 8 ай өткеннен кейін Бишімбаев "пара алды" деп айыпталып, 10 жылға темірторға тоғытылды. Ол қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда көп болған жоқ. Жазасы жеңілдегеннен кейін жалпы режимге ауыстырылды. Содан кейін мерзімінен бұрын босап, бостандыққа шықты. Айтпақшы, оның сотталған оқиғасы да бұлыңғыр. Апелляция қабылданбаған кезде Бишімбаев президентке кешірім сұрап, өтініш жазды. Назарбаевқа не әсер еткенін ешкім білмейді, бірақ жемқорлықпен сотталған Бишімбаев кешіріліп, еркіндікке шықты. Әлде Бишімбаевтың соттағы соңғы сөзінде “Елбасының шәкіртімін” деп атап, одан жалбарына кешірім сұрағаны себеп болған болар.
Жас министрдің үстінен қозғалған қылмыстық іске себеп болған шыны зауытын аяқтап, іске қосылған-мыс. Тергеу сол тұста Бишімбаевты 2 млн доллар пара алды деп айыптаған. Түрмеден шыққаннан кейін де Бишімбаев қу кедейдің күнін кешіп кеткен жоқ. Еңбек биржасынан жұмыс іздеп те қиналмады. Ал бұл жолы тағылып отырған айыптың салмағы ауыр. Кінәсі дәлелденіп, сотталса, кешірім сұраса да, мерзімінен бұрын босап шыға алмайтын сыңайлы.
Іске мәртебені жапсыра алмайсың
Назарбаевтың бұрынғы көмекшілерінің қатарында ең мәртебелісі – тұтқында отырған Кәрім Мәсімов. Ол 2003 жылдан 2006 жылға дейін осы қызметті атқарды. Содан кейінгі жолында Кәрім Қажымқанұлы бірнеше банкті басқарып, Көлік және коммуникациялар министрі және премьер-министрдің орынбасары болды. Президент әкімшілігінен Мәсімов қайтадан үкіметке оралып, бір жылдан кейін үкіметті басқарды. Содан кейін премьер-министр президент әкімшілігінің басшысы лауазымына ауыстырылды. Содан кейін мемлекеттік хатшы болып тағайындалды, ізінше бір жылдан кейін тағы үкіметке оралды. 2016 жылы ол ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. Бұл Мәсімовтың мемлекеттік қызметінің шыңы десе де болады. Ол жерден кейін Мәсімов көпке бармады. Мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен, бүкіл саяси салмағымен шыңырауға құлап түсті.
Президент Назарбаевқа жылдар бойы қызмет еткен Мәсімов Отанын қалай сатқаны көпшілікке ашық айтылмады. Қысқа ресми хабарламалардан оның қызмет еткен жылдарында байлықты "жинауға" үлгергені белгілі – оның байлығының бір бөлігі тіпті теледидардан көрсетілді. Әлеуметтік желілерде Мәсімовтің Елбасының басты сенімді адамы болғандығы туралы да жазылады. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің адал көмекшісінің бостандығы үшін күресті ме белгісіз.
Құпиясы жоқ құпия
Мәсімов ұлттық қауіпсіздік комитеті ішінде сотталған бұрынғы көмекшілердің алғашқысы емес. Оның алдында Әлнұр Мұсаев та президенттің көмекшісі қызметін атқарған.
1995 жылы сарайдағы шағын дүрбелеңнен кейі ол президенттің күзет қызметінің бастығы лауазымын уақытша атқарып, 1997 жылы ҰҚК басшылығына келді. 01-дің жанында жүріп, үлкен сенімге ие болғаннан кейін Мұсаев сенімді түрде комитет басшысының бұрынғы орынбасарларын жұмыстан шығарып, Қажыгелдинмен күресіп, жеңгендей болды… Біраз уақыттан кейін ол ҰҚК басшысы қызметінен кетіп, кейін қайта оралды. 2001 жылға дейінгі қызметінде ол оппозицияның бәріне бақылау орнатып, тіпті бүкіл ведомствода вице-министрлерін ҰҚК қатарынан шығарғысы келді.
Отставкаға кеткеннен кейін Мұсаев аман-есен жүріп жатты. Оны Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев қолдаған еді. Әлиевті банкирлерді өлтірді деп айыптаған кезде онымен бірге Мұсаев та іздестірілген. Ақмола гарнизонының әскери соты оны "билікті және қызмет бабын асыра пайдаланды, мемлекеттік мүлікті ұрлады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған басшылық жасады, мемлекеттік құпияларды заңсыз алды және жария етті, билікті күштеп басып алуға және тыңшылық нысанындағы мемлекеттік опасыздыққа бағытталған әрекеттерді жасады" деп айыптады.
Мұсаев сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылып, барлық әскери атағы мен наградаларынан айырылды. Ол "мерзімін" Венадағы өз үйінде өтеп жатыр. Өзін кінәлі сезінбейді. Сұхбаттарында Қазақстан билігіне ашық баға береді. Өзінің бұрынғы бастықтарын аямай сынайды.
Жоспар көп еді
Әсет Исекешев президент Назарбаевтың көмекшісі болып 2008 жылы келді. Аппаратқа "Қазына" орнықты даму қоры басқарма төрағасының орынбасары қызметінен шыққан соң жайғасты. Ол тұста әлемдік қаржы дағдарысына байланысты дүрбелең болып жатқан. Исекешев бір жылдан астам уақыт көмекші болып, бірден индустрия және сауда министрі лауазымына ауысты. Содан кейін премьер-министрдің орынбасары және жаңа технологиялар министрі, премьер-министрдің орынбасары және индустрия және жаңа технологиялар министрі, инвестициялар және даму министрі, Астана әкімі, президент әкімшілігінің басшысы болды. Назарбаев түймені басып, индустриялық даму бағдарламалары бойынша жұмыс істемейтін кәсіпорындарды ашып жатқан кез есте болар!? Бірінші президенттің Исекешев осы кезде қалай сенгені жұмбақ. Бірақ бұл сұрақтарға жауапты ешкім іздеген жоқ. Назарбаев президент қызметінен кеткеннен кейін Исекешевтің ел экономикасына қажеттігі тоқтап қалды. Ол бір жылға жуық тұңғыш президент – Елбасы қорының атқарушы директоры, кейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, тіпті Тоқаевтың көмекшісі болды. Исекешев 2023 қыркүйегінде ақпарат алаңынан жоғалып кетті.
Органдар мән-жайын анықтар
Ерұлан Жамаубаев – қазіргі вице-премьер әрі қаржы министрі 2018 жылдың қарашасынан 2019 жылдың наурызына дейін экс-президенттің көмекшісі болып жұмыс істеді. Ол бастығын зейнетке шығарып, Қаржы министрлігіне барды. Алдымен жауапты хатшы болды, содан кейін министр позициясын иеленді.
Бұған дейін Жамаубаев талдаушының, басқарма бастығының, Ұлттық банк департаменті директорының орынбасары және директорының, тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің басқарушы директорының, ПӘ бөлімі меңгерушісінің орынбасары және президент көмекшісінің "формасын" киген. Содан кейін бір-ақ күнде ол қаржы үшін басты жауапты және премьер-министрдің орынбасары қызметіне қонжия қалды. Маңызды ғана емес, сонымен бірге қоғамдық жария лауазымға ие болды.
Соған қарамастан, ұрланған капиталды қайтару бойынша қазақстандықтар үшін ең қызу тақырыпты талқылауға бұл шенеунік көп қатыспайды. Бұл ғана емес, тіпті өзінің бұрынғы басшысының есімін де атамауға тырысады. Журналистер Назарбаевтың отбасының қаржылық схемалары туралы сұрақтарға Жамаубаев өте сақтықпен сөйлейтінін бірден атап өтежі. Ал Назарбаевтардың тегін қылмыстық контексте атамауға тырысады.
- Кеденді Назарбаевтар отбасы басқарып отырды. Сіздердің тараптан қандай да бір тергеу жүргізіліп жатыр ма? Ол жерде жемқорлық болды ма? - деп сұрады журналистер Жмаубаевтан.
- Осыған байланысты біз Бас прокуратурамен және басқа органдармен бірлесіп заңбұзушылықтарды анықтадық. Жұмыс тобын құрдық. Анықталған фактілердің бәрі құқық қорғау құрылымдарына берілді, қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Бюджетті сол заңбұзушылықтар тарапынан өз уақытында төленбеген сомалармен толықтыру жүргізіліп жатыр, - деп жауап береді Қаржы министрі.
- Ол жерде бірнеше экономикалық оператор болды. Сіз соңғы бенефициарларды өзіңіз атадыңыз. Жұмысты құқық қорғау органдары жүргізді. Олардың іс-қимыл алгоритмі, тергеу шарттары бар. Егер олар осы тармақтарды ашса, өтініш жасаңыз. Органдар бізге ашпайды - деп қосты ол.
«Үстел соңындағы» естелік
Қазіргі премьер-министр Әлихан Смайылові 2015 жылдың соңынан 2018 жылға дейін Назарбаевтың көмекшісі болды.
1993 жылдан бастап ол баяу, бірақ сенімді түрде мансап сатысына көтерілді. Ол шыққан әрбір жаңа позиция бұрынғыдан жоғары болып кете берді. 30 жасында ол сыртқы істер вице-министрі, 35 жасында қаржы вице-министрі болды. Үш жыл мемлекет басшысының көмекшісі болғаннан кейін қаржы бөлімін басқарды. Премьерлігі қаңтардағы оқиғалардан кейін басталды.
Шахталардағы жарылыстар, жылу жүйесіндегі апаттар, өрт оқиғалары болса премьер-министр дереу әрі қалыпты деңгейде әрекет етеді. Жеке бақылауға алады, комиссия құрады, кінәлілерді анықтауды және жазалауды тапсырады. Ең бастысы, содан кейін ешкім бұл қорқынышты ескертулер мен айқайларды есіне алмайды – ол өзі де, жергілікті билік те.
Бір кездері қаржы министрі Смайыловқа Назарбаев назар аударғаны бар-тын. Отырыстардың бірінде ол үкімет мүшелерін бір шыбықпен қуып, Смайыловты өзіне жақынырақ отырғызуды тапсырды. Шын мәнінде, оның талаптары Смайыловтың өзіне айтылатын сын еді.
- Ешкім ақшаны қайтармайды! Біз үнемі дағдарыста жүреміз. Бизнесті дамыту артық қарызбен, меншікті капиталдың жетіспеушілігімен шектеледі. Үш жыл ішінде дәрменсіз бизнестің банк алдынадғы қарызы 3,5 есеге ұлғайды, - деді Назарбаев.
- Қаржы министрі үстелдің соңында отырмауы керек. Вице-премьерлерден кейін оған орын берілуі тиіс. Қаржы министрі әдетте премьер-министрдің орынбасары!. Хаттаманы кім жасайды? Мен қазір хаттаманы өзгертемін, - деді Назарбаев ашуланып.
Экс-президенттің бұл сөзіне Әлихан Смайылов та абдырап қалған. Ол өз креслосымен залдан өтіп, вице-премьерлердің қасында отыруға мәжбүр болды.
Бұл оқиға бәрінің есінде. Ал қаржы мәселесіне келетін болсақ, Назарбаев елді алдап, сол тұста өткір мәселелерден назарды алыпк кеткен еді. Осылайша, бұрынғы көмекшісіне де құрмет көрсеткендей болды.
Бірақ қазір журналистер бүгінгі Смайлов кешегідей емес екенін атап өтеді.
- Қаржы министрі кезінде қарапайым адам еді. Қарапайым костюм киіп жүретін. Мақтан қайдан пайда болды? Қазмедиада келу үшін 20 күзетші алып жүрудің не қажеті бар? Ол кімге керек? - дейді блогер Денис Кривошеев.
Жақында Смайылов өзінің бұрынғы басшысына адалдығын тағы да көрсетіп, Болат Назарбаевтың жаназасына барды. Оның бұл сапары "құпия" деген белгімен өтсе де, елге жария болды.
Әрқашан дайынмын!
Данияр Ақышев Назарбаевтың көмекшісі болып 2015 жылдың тамыз айында келді, бірақ қараша айында Ұлттық банкті басқарды. Бас банкир лауазымына дайындыққа Ақышев екі-ақ ай жұмсады.
Бұл лауазымда ол бірден инфляция мен доллармен күресуге кірісті, алтын құймаларын сатуға рұқсат берді, жаңа ипотекалық бағдарлама ашты, долларлық депозиттерге пайыздарды азайтты – бірақ банктердің құтқарушысы ретінде есте қалды. Бұл Ақышевтің тұсында АТФ Банкі, ЦентрКредит Банкі, Еуразиялық банк, RBK Bank және Цеснабанк үш триллион теңгеге "сауығып", содан кейін тағы да оларға 450 млрд теңгеге көмектесті.
"Цесна банкті" Назарбаев қорының бақылауындағы компаниялар тобы сатып алды. Алты айдан кейін жаңа акционерлер кешегі "проблемалық" банктен дивидендтер түрінде қаражат ала бастады. Алынған сома 228 млрд теңгеге жетті.
Ашық ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сүйенсек, бұл қаражаттың бір бөлігі Ұлыбритания мен АҚШ аумағында арнайы құрылған Jysan Technologies Ltd және Jysan Holding LLC компанияларына шығарылған.
Қазір Данияр Ақышев pioneer Capital Invest инвестициялық холдингін басқарады. Ол да тұңғыш президентке тиесілі және OCCRP (сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) тергеуінде көрсетілген. Орталықтың мәліметінше, Pioneer Capital активтері 7,8 миллиард долларға бағаланады.
Көмекшілердің тізіміні жалғастыра беруге де болар еді. Олардың қатарында Жаңа Қазақстанда ықпалын сақтап қалғандар да бар.