×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Шулы әрі даулы істер: Биыл кімге қандай үкім шығады

12.01.2024, 12:10
Коллаж: ulysmedia.kz.

2023 жылы елде резонансты сот істері аз болған жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған, саяси белсенділігімен көзге түскен белсенділердің ісі, «аруақтар соты», полицияның шетелге қашқан бастығы, сотта кездескен экс-министрлер мен сотталып, көп өтпей босап шыққан олигархтың процесі... Мұның бәрі қоғамда әртүрлі пікір туғызды, қызу талқыланды, ел жадында қалды.   

2024 жылы да қоғамның назарында біршама шулы әрі даулы істер болатыны анық. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте темір тордың арғы жағында сот күнін – сәт сағатын кімдер күтіп жатқанына шолу жасады.

Жеті айдан бері қамауда жатқан Мырзахметов

2023 жылдың мамыр айында антикор «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтің үстінен тергеу басталғанын хабарлады. Әуелі «30 миллион доллар парамен» ұсталғаны жөнінде мәлімет тараған.

БАҚ тарапынан сұрақ көбейгеннен кейін агенттікке істің мән-жайынан ақпарат беруіне тура келді: «ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп күдіктенеді» деді антикор.

Абылай Мырзахметов (фото: ашық дереккөзден)

Тергеушілер Абылай Мырзахметовты былтыр 10 жылға сотталып кеткен экс-депутат Нұржан Әлтаевпен байланыстырады-мыс. «Әділет лигасы» заң консультанттары палатасының заңгері Төлеген Қасенов былтыр тергеушілер «Әлтаев Мырзахметовтен пара алып отырған» деп есептейтінін мәлім еткен еді. Адвокат сол тұста тергеушілердің бұл нұсқасына күмән келтірген. Қалай десек те, мұның бәрі ресми расталмаған, БАҚ-қа тараған мәліметтер.

Абылай Мырзахметовтың ісі таяуда сотқа тапсырылған. Оның ісін Нұржан Әлтаевқа үкім шығарған судья Айжан Күлбаева қарайды.

Қамаудағы журналист

Былтыр алдымен бірнеше рет әкімшілік қамауға алынған Думан Мұхамедкәрімнің де уақытша оқшаулағышта жатқанына бірнеше ай болды. Журналист, YouTube-тегі «Не дейді» арнасының авторы 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларын белсенді түрде ашық жариялаған. Мәжіліс додасына түсуге тырысқанымен, 30 қаңтарда ол сайлау додасынан шеттетілді. Бұған келіспеген ол алаңға шығуға бел буып, қамауға алынған.

Түрмеде жатқан ол бірнеше рет аштық жариялады. Тіпті президентке жазған хатында өзінің қолын кескенін ашық жазды. 

Думан Мұхамедкәрім (фото: ашық дереккөзден)

Думан Мұхамедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов «ұлымды еш сотсыз, тергеусіз қамап отыр» дейді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Думан Мұхамедкәрімді «саяси тұтқындар» қатарына қосқан. Ал бүгін Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған.

Шахтадағы кеншілердің өлімі

2023 жылы 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты. Қайғы жұтқан азаматтар ұлынан, бауырынан, әкесінен айырылды. Бүкіл ел аза тұтты.

Қазақстан президенті Тоқаев сол тұста бірден «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ол кезде үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланған болатын. Қайғылы оқиғадан соң Қазақстанда инвестор Лакшми Миттал мен басқарушы Палаватху Кришнанды «қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қасақана әрекетсіздігі» үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталған. Алайда шетелдік инвестор бұған пысқырған да жоқ. Үкіметпен келісімге келіп, компанияны тапсырды. Қазір АМТ – қазіргі Qarmet иесі Андрей Лаврентьев. 

Костенко шахтасында қаза болған кеншілердің толық тізімі (фото: Metallurgy today)

Осыдан үш күн бұрын төтенше жағдайлар министрі Костенко атындағы шахтадағы қайғылы жағдайға жауапты болуы мүмкін бірнеше адамның есімін атады. Атап айтқанда, тергеуге бас директор Яблонский, персонал жөніндегі директор Винокурова, Белый мырза, Огай АМТ көмір департаментінің атқарушы директоры ілінген. Олардың соты қашан басталатыны әлі белгісіз.

Әуежайда ұсталған Бекетаев

21 қазанда антикорда бұрынғы әділет министрі лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Агенттіктің мәліметінше, ол мемлекетке аса ірі залал келтірген, көрінеу талап етілмейтін қызметтер көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасасу арқылы аффилиирленген компанияның мүдделерін қолдады. Құзырлы орган сол тұста экс-министрдің атын атамаса да, оның Бекетаев екені белгілі еді.

Кейін БАҚ-та Бекетаевтың шетелге ұшып кетпек болған жерінен ұсталғаны жазылды. Тараған ақпараттарға сенсек, «21 қазанда тергеудің өзін қудалауы мүмкін екенінен сескенген ол таңертең бөтен көлікпен, басқа күрте киіп, сол жерден Астана – Ыстанбұл – Лондон бағытында ұшып кетпек болған жерінен ұсталған».

Бекетаев ұсталған сәтте БАҚ-қа тараған фото

Марат Бекетаев 2016 жылдан 2022 жылға дейін Әділет министрі қызметін атқарды. Ол қаңтар оқиғаларынан кейін қызметінен кетті.

Бекетаевтың есімі атышулы оқиғалармен есте қалды. Әділет министрлігінің бұрынғы басшысы қашқын Мұхтар Әблязовты қудалау ісін қадағалаған. Сондай-ақ оның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішпен (Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені) байланысы туралы ақпарат бар - Бекетаев оның жақын достарының бірі екені айтылады.

Қазарнаулыэкспорт басшысы не үшін ұсталды

Былтыр қараашада «Қазарнаулыэкспорт» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Арман Рамазанов ұсталды. Дереккөздердің хабарлауынша, Рамазанов көрші мемлекеттерден әскери техниканы жеткізу кезінде ұрлық жасады деген күдікке ілінген. Әңгіме 1 млрд теңге туралы болып отыр.

Арман Рамазанов 45 жаста. Еңбек жолын 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінде бастаған. Онда алты жыл жұмыс істеп, содан кейін бизнеспен айналысты. 2010 жылы Қорғаныс министрлігіне қарасты "Қазақжарылыспром" АҚ басқарма басшысы болып тағайындалды.

Арман Рамазанов (фото: ашық дереккөзден)

Бес жылдан кейін "Астана ӘКК" ҰК АҚ басқарма басшысы қызметіне ауысты. 2016 жылы Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалды. Кейінірек Рамазанов қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі, "Қазақстан инжиниринг" басқарма басшысының орынбасары болып қызмет атқарған.

Бишімбаевтың ісі

Елде биыл ең қызу талқыланатын процес – экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі болайын деп тұр. 2023 жылдың 9 қарашасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Жедел жәрдем келгенге дейін оның 30 жастағы әйелі Салтанат Нүкенова көз жұмған. Алдын ала тараған ақпаратқа қарағанда, Салтанатты «Бау» мейрамханасында жұбайы ұрып-соққан.

Ізінше, көп өтпей Бишімбаевтың ісі бойынша қылмысты жасырды деген күдікпен "Гастро-орталық" директоры ұсталды.

Қуандық Бишімбаев (фото: ашық дереккөзден)

«Экс-министр Қуандық Бишімбаевты Салтанат Нүкенованың туыстары кешірді» деген ақпаратты Салтанаттың ағасы Қайрат Нүкенов жоққа шығарды. Ол журналист Болат Аманбаевқа берген сұхбатында "Бишімбаевты ақтауға тырысқан" блогерлерге айыптай сөйлеп, экс-министрді туыстары ешқашан кешірмейтінін мәлімдеді.

Жалпы қоғамда осы қылмыс үлкен резонанс туғызып, үкімет, парламент деңгейінде талқыланып жатыр. Бишімбаевқа қатысты оқиғадан соң парламент депутаттары үкіметке тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстардың жазасын күшейту жөнінде заң жобасын жолдаған. Қазір құжат үкімет қарауында жатыр. Қуандық Бишімбаевтың ісімен қатар, сол заң жобасы да парламентте қызу талқыға түсетін сияқты.

Талдықорғанда ұсталған полиция бастығы

Қарашада Талдықорған полициясының бастығы Марат Көштібаев 27 жастағы қызды зорлады деген күдікпен ұсталып, қамауға алынды. Қыз зорлады деп күдікке ілінген күдікті Көштібаев 2019 жылы Алматы облысының жергілікті полиция қызметінің бастығы қызметінен босатылған, себебі ол өзінің аудиожазбасында бағыныштыларын балағаттаған.

Марат Көштібаев (фото: ашық дереккөзден)

2023 жылдың наурыз айында Көштібаев кезекті аудиожазба үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған еді. Былапыт сөзге жақын полицейдің әрекеті бүкіл тәртіп сақшыларының имиджіне теріс әсер еткені белгілі. Оның әрекеті үшін ішкі істер вице-министрі Марат Қожаевқа «Біз өз жауапкершілігімізді толықтай түсінеміз» деп ақталуына тура келді.

Сот процестері енді басталатын істермен қатар, елде әлі де жалғасып жатқандары да бар. Мәселен, Қаңтар оқиғасына байланысты экс-депутат Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевтің ісі ұзаққа созылып кетті. Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы да жаңа эпизодтар бойынша соттасып жатыр. 

Ulysmedia.kz порталы осы және өзге де істерді бақылап, оқырманға объективті ақпаратты таратуға барын салады.

Серіктес жаңалықтары