×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Карьераңыз өсуі үшін қандай әулетте дүниеге келуіңіз керек

08.04.2024, 13:25
Коллаж: Ulysmedia

Қоғамдық-саяси өмірде «непотизм» деген термин бар, қазіргі түсінікте бұл жоғары билікте отырғандардың туыстарының лауазымды қызметтерді иеленуі дегенді білдіреді. Осылайша әулетіңіздің ықпал ету аймағы кеңейе береді. Билігіңіз тұтас мемлекетке тарайды. Төмендегі шенеуніктер қайтеді, олар да көргенін жасайды, өз отбасыларының лауазымды қызметтерді иеленуіне жол салады. Ulysmedia.kz Қазақстандағы бұл құбылыстың ұңғыл-шұңғылын зерттеп көрді.

Менталитет туралы бұрмаланған түсінік

Бұл термин латын тілінде бұрыннан бар. Ол nepos (жиен) деген мағынаны білдіреді және 15-16 ғасырлардағы феномен ретінде танымал. Рим папасы өз туыстарына, негізінен балаларына жоғары лауазымдарды үлестіретін болған. Елімізде болып жатқан оқиғалар жоғары лауазымды азаматтарымыздың бес жүз жыл бұрынғы папалардан алыс емес екенін көрсетеді.

Непотизммен бірге апологетика, протекция, қамқорлық, клан, әулет ұғымдары қатар айтылады. Непотизм. формациядан формацияға, ғасырдан ғасырға өтетін қоғам дерті. Бұл ұғымдардың санамызға сіңіп кеткені сонша, кейде өзіміз де қазақпыз ғой деп ақтап алып жатамыз. Яғни, туысқаншылықты дұрыс мағынада түсінбейміз.

Бізде ақсүйектер институты жоқ, яғни ата-ана өз статусын ұрпағына заңды жолмен, дәстүрмен  бере алмайды, сондықтан ол саяси жолмен жинаған капиталын басқа әдістермен сақтап қалуға тырысады. Кеңес дәуірінде бұл, мысалы, «шетелде жұмыс істеу» болды. Ал қазір бұл үлкен бизнес. Ата-аналар балаларына атақ-дәрежесін мұраға қалдыра алмайтын жағдайда, ең болмаса олардың қоғамдағы рөлін күшейтіп кетейік деп жанаталасады.

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда мынадай кемшілік бар, мұны қазір орта және жоғары лауазымды тұлғалар екі сөзінің біріне қосып айтуды әдетке айналдырған. Атап айтқанда, заң бойынша егер сіз лауазымды қызметте болсаңыз, онда жақын туыстарыңыз сізге тікелей бағынышты қызметте болмауы тиіс.

Сөзінде мін жоқ

Екі жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қазіргі мемлекет басшысының туыстарының жоғары лауазымдарды иеленуіне тыйым салынатынын мәлімдеді.

– Мемлекет басшысы барлық азаматтың мүмкіндіктері тең екендігінің кепілі ретінде әрекет етуі керек. Сондықтан президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші және квазимемлекеттік сектордағы менеджерлер лауазымдарын атқаруына заң бойынша тыйым салынады», - деді Тоқаев.

Сонымен бірге ол «непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге шешуші тосқауыл қоюға» уәде берді.

– Бұларды жоймай, Жаңа Қазақстан туралы айту мүмкін емес. (...) Біз непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге қарсы шешуші тосқауыл қоямыз», - деді Тоқаев.

Жас және ерте

Бірақ қоғам назарында жүрген саясаткерлерге келгенде, мұның бірде-бірі орындалмайды. Олардың туыстары жоғары лауазымда отыра береді. Бастысы тікелей бағынышты болмаса болғаны. Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Амангелді Шабдарбаев пен оның ұлы, Астана қаласы қаржы полициясының төрағасы болған Нұрлан Шабдарбаев.

Кезінде Астанада Әділет департаментін басқарған Марат Түсіпбеков әкесі елдің Бас прокуроры болып тұрғанда (Рашид Түсіпбеков) қызмет етті.  Екінші ұлы Жанат 20-дан енді асқан шағында «ҚазМұнайГаз»-дың басқарма мүшесі болды. Сонда олардың әкелерінің қызметі әсер етпеді дей аласыз ба? Әрине…

Жанат Түсіпбеков/Forbes.kz

Егер иерархиялық сатының ең басында жүргендер төменге үлгі көрсетпегенде, қалғандары мемлекеттік лауазымдарға осынша жармаса алар ма еді. Ақорданың өзінде осындай жайттардың болып жатуы төмендегілерге жарқын үлгі емес пе? Экс-президент Назарбаевтың екі інісі Самат Әбіш пен Қайрат Сатыбалдыұлының жасағандары аз ба? 

Экс-Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың да немере інісі, «Қаружарақ» мемлекеттік компаниясының бұрынғы бас директоры генерал Зұлхарнай Сұлтанов бар. Оның әріптесі болған Мүслім де кімнің баласы екенін білмейді дейсіз бе? Мүсілім – Алтынбаевтың ұлы, жап-жас жігіттің бас айналдырар карьерасы бәріміздің көз алдымызда, ол да генерал шенін алған. Қайрат Сатыбалды 35 жасында ҰҚК генералы болса, мұны көрген басқалары не жасамайды.

Туыстық қатынас дәрежелері

Халықаралық құжаттарда, мысалы, БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында непотизм сыбайлас жемқорлықтың бір бөлігі» ретінде қарастырылады. Бұл мәлімдеме, әсіресе, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жарияланған соғыс тұрғысынан өте маңызды. Мұны айтпасақ та болушы еді, алайда қайталауға тура келеді. Қазақта балық басынан шіриді деген сөз бар.

Қазақ арасында туысқандық институттардың өзіндік ерекшелігі бар. Туысқандықтың үш түрі бар. Бірі – қан жағынан туыстық, екіншісі – неке арқылы болатын туыстық, үшіншісі рухани тұрғыдан мүдделес жандардың туыстығы.

Туыстық қатынастардың маңызды болатын себебі қазақ отбасыларындағы бала санының көп болуымен де байланысты секілді. Танысып, сөйлесіп кетсең, әйтеуір туысқаның не руласың болып шығады. Бұдан бөлек, тікелей және жанама туыстық қарым-қатынастар да бар. Соның бірі – кіндік әке-кіндік шеше. Әрине, кіндік әке статусы қазақ арасында орыстардағыдай кең насихатталмаған.

Ал неке арқылы туыс болып шығатындар жайына ойыссақ, олардың орны ерекше. Былай қарағанда, оларды тек неке ғана байланыстырып тұр. Ал құда-құдағи деген статустың артында қаншама құда бала, құдашалардың  карьерасы жатыр десеңізші. Осындай схемамен қанша лауазым иесі қазір де жоғары қызметтерді атқарып отыр.

Кезінде Көлік және коммуникация вице-министрі болған Азат Бектұров бұрынғы Мәжіліс спикері Ерлан Нығматуллиннің күйеу баласы және экс-премьер-министр, бұрынғы қорғаныс министрі Даниал Ахметовтың жиені.

Асқар Жұмағалиев

Енді Асқар Жұмағалиев туралы. Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті өкілі туралы соңғы уақытта ештеңе айтылмайды. Көптеген келеңсіздіктерден кейін Еуропаға қуылған шенеунік бұған дейін «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы, Байланыс және ақпарат, көлік және коммуникациялар министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметтерін атқарды.

Асқар Жұмағалиев Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы, экс-Бас прокурор, экс-Сенат спикері Қайрат Мәмидің қызына үйленген. Ал соңғысы бұрынғы президенттің жұбайы Сара Алпысқызының туысқаны.

Қазақ КСР Ғылым академиясы академигінің немересі Ғалымжан Шахмарданұлы Есеновтің де карьерасы бас айналдырарлықтай болғаны жасырын емес. Ғалымжан Шахмарданұлы бұрынғы вице-премьер Ахметжан Есімовтің қызы Айжан Есімге үйленген.

Алайда ажырасқаннан кейін Ғалымжанның басында қиындықтар болды. Бірақ анау айтқандай емес. Қазір ол бұрынғы Елбасының капиталы бар банктердің бірін басқарады.

Прокурордың балалары

«Ескі» және «одан да көне» Қазақстанның тұтқасын ұстағандардың шарапаты өз ұрпағына қазір де тиіп жатыр. «Алма ағашынан алыс түспейді» дейміз, ол мүмкін рас шығар, алма ағашының жемістері қазір Жаңа Қазақстан құрушылардың біріне айналған.  Жақында ғана Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы болып тағайындалған генерал-майор Дмитрий Малахов – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотын басқарған Михаил Малаховтың ұлы.

Заң саласының тағы бір өкілі – Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы Жандос Мұсабекұлы. Ұзынқұлақтың айтуынша, ол жақында Алматы қалалық сотының төрағасы болуы мүмкін. Мүмкін сәйкестік шығар, ол ҚР Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы Мұсабек Әлімбековтің ұлы.

ҚР Бас көлік прокуроры болып Тимур Қайырбекұлы Сүлейменов тағайындалды, оның әкесі генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов те бүкіл мансабын құқық қорғау органдарында атқарған. Ол Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы  және Ішкі істер министрі болған.

22 жасында Тимур Алматы қаласы Алмалы ауданы прокурорының аға көмекшісі, ал 33 жасында Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары болады, содан кейін прокуратура сатысында жоғарылай береді.

Ықпалды әкелер

Жақында, 7 наурызда директорлар кеңесінің шешімімен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы лауазымына Ержан Елекеев тағайындалды. Ержан Иракұлы Елекеев «Самұрық-Қазына» АҚ-да түрлі қызметтерді атқарған. 2022 жылғы қарашадан бастап – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ активтерді басқару және жобалық жұмыс жөніндегі басқарушы директоры болған. Осы қызметтерін былай қойғанда, олҚазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы қызметін атқарған Мәжілістің экс-депутаты Ирак Елекеевтің ұлы.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ еншілес құрылымы – Karabatan Utility Solutions компаниясын Төтенше жағдайлардың экс-министрі Юрий Ильиннің ұлы Игорь Ильин басқарады.

Олардың кәсіби тұрғыдан қандай маман екеніне біз еш күмән келтірмейміз, десек те олардың әкесі кім екендігін де ұмытпаған жөн. Бір кездері Астана қаласы көлік прокуратурасын басқарған Аман Әбдікәрімов – Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы, Жоғарғы тәртіптік кеңестің төрағасы, Сенат спикері болған Оралбай Әбдікәрімовтің ұлы. Оралбай Әбдікәрімовтің екінші ұлы Сержан түрлі мемлекетте елші болып қызмет атқарып жүр. қазір Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

Ұл әкеге арқасүйер болса...

Университетті бітіргеннен кейін Рустам Қарағойшин тек басшылық қызметтерді атқарды және әдетте ірі құрылымдарда жұмыс істеді. Оның карьерасына кім көмектесті? Ұзынқұлақтың деректеріне сенсек, Рустамның әкесі ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин екен. Бұл рас па, жоқ па, оны нақты айта алмаймыз. Ашық деректерге сүйенсек, Рустам Тимурұлы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша 2023 жылғы Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер рейтингіне енген. Ол «Үштөбе ет» ЖШС иесі, «QZQ Development» ЖШС, «KTK Group» ЖШС және «Kazakh Agro Production» жеке компаниясының тең иесі ретінде 45-орында тұр.

Рустам Қарағойшин

Айтпақшы, бір жыл бұрын Ulysmedia.kz «Тұрғын үй кешеніне қарсы құбыр: Астанадағы Дублин мен G-Park кімді мазалап жүр» деген мақаласында құрылыс төңірегінде туындаған шудың шынайы себептері туралы жазған. Одан кейін 2022 жылдың желтоқсан айында қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық бөлімі «В.Д.Строй-инжиниринг» компаниясымен келісімшартқа отырып, Қорғалжын тас жолы ауданында, жоғарыда аталған тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында, инженерлік инфрақұрылымы бар газ қазандығын салуға келіскені анықталды.  

Бұл ЖШС-ның директоры Рустам Қарағойшин болатын. Ал әкесі Тимур Жиенбайұлы Қарағойшин ол кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

Қазір Рустам Тимурұлы «Бәйтерек» ҰБХ-ны басқарады, ал Тимур Жиенбайұлы индустрия және құрылыс вице-министрі болып жұмыс істейді.

Омерта заңына сәйкес

Непотизмнің қауіптілігі, сарапшылардың пікірінше, бәсекелестікті шектейді және ең сапалы кадрларды таңдауға кедергі жасайды. Бұл, сайып келгенде, бүкіл жүйенің сыбайлас жемқорлыққа ұрынуына және іріп-шіруіне әкеледі.

Қазақстандағыдай рулық-туыстық жүйе жағдайында елді дамытуға, жақсы өзгерістер жасауға мүмкін емес. Өйткені туыстық, рулық, жүздік, жерлестік қарым-қатынастар шынайы адамдардың жұмыс істеуіне, елге қажет өзгерістерді жасауына мүмкіндік бермейді. Олар жетібасты айдаһар сияқты, шапсаң, жаңасы өсіп шығады.

Ал мұның бәрі айсбергтің ұшы ғана. «Бәке, Сәке» деңгейіне жетіп, бармақ басты, көз қысты болып, ым-жымы бір болып кеткен мемлекет қызметіндегі шенеуніктер қаншама. Бұлардың бәрі Омерта заңы бойынша өмір сүреді.

Бұрын мемлекеттік қызметтегі адамдардың туысқандығын әкесінің аты бойынша оп-оңай табуға болатын. Кейін фамилиядағы -ов және -ев жалғауларын алып тастауға рұқсат етілді. Ал енді тауып көр.

Мысалы, жоғарыда аты аталған Сарыбай Сұлтанұлы Қалмұрзаев, оның ұлы Нұрбол Сұлтан, мультимиллионер. Әкесі көзін ашқалы тек мемлекеттік қызметте болғанына қарамастан, 23 жасында банк иесі атанды. Мұндай капитал қайдан келді? Бала бизнеспен бір күнде  айналыспаған. Елімізде рулық жүйенің қызметке тағайындаларда маңызды рөл атқаратынын бәріміз білеміз.

Иә, білімі мен білігі, кәсіби құзыреттілігі жетіп жатса, артып жатса, қандай қызметті болса да иеленсін. Оған кім қарсы болар дейсің? Алайда еш еңбегі сіңбеген, тіпті сол салада дым тәжірибесі жоқ  жап-жас қыз-жігіттердің әкесінің не көкесінің арқасында карьера жасап жатқаны дұрыс емес. Соның кесірінен қаншама салада кемшіліктер болып жатыр. Байдың асын байғұс қызғанады дейді дана халқымыз. Біз біреудің бағын қызғанбаймыз, бірақ ел азаматтарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін қызметтерде аузы қисық болса да бай баласының отырғанын құптамаймыз.

Серіктес жаңалықтары