×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Инвест алаңда жаңа ойыншы. Катар Қазақстанға неге қызықты?

05.08.2024, 10:15
Инвест алаңда жаңа ойыншы. Катар Қазақстанға неге қызықты?
ulysmedia

Жуырда Қазақстан мен Катар арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге шықты. Екі ел арасында бұрын-соңды мұндай экономикалық қарым-қатынас болмаған. Катармен ықпалдасу Қазақстанға несімен пайдалы? Бұл туралы Ulysmedia.kz дайындаған материалда.

Катар немен танымал?

Катар – мұнай мен газ қоры өте бай мемлекеттің бірі. Ол осы байлығын дұрыс инвестициялай алған ел. Сонысымен де халықаралық аренада сыйлы. Әмірлік бүкіл әлем бойынша әртүрлі экономикалық секторға, соның ішінде жылжымайтын мүлікке, инфрақұрылымға, технологияға және энергетикаға белсенді түрде инвестиция салады. Катарда жер байлығынан түскен табысты жинақтап, оны тиімді басқаратын Qatar Investment Authority, яғни ұлттық әл-ауқат қоры бар. QIA 300 миллиард доллардан астам активтерді басқарады. Мұндай көлемде активі бар қордың әлемдік нарықта беделі де зор.

Сонымен қатар, Катар Таяу Шығыстағы негізгі экономикалық және саяси ойыншылардың біріне айналған. Энергия ресурстарының орасан зор қорының арқасында ел жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша 100 мың доллардан астам көрсеткішпен әлемде төртінші орынға шықты. Бір қызығы, Катарда небәрі 3 миллион адам тұрады, оның тек 12 пайызы ғана ел азаматтары.

Катар – өте бірегей ел және өзінің сыртқы саясатындағы діттеген мақсаттарына қол жеткізбей қоймайтын, өзгелерге жалтақтамай әрекет ететін ел. Оның аймақта алатын орны ерекше, солай бола тұра оның көрші елдермен қарым-қатынасы керемет деп айтуға келмейді. Дегенмен Таяу Шығыстағы ықпалы зор, дейді ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Кәукенов.

Шетелдегі Катар инвестициялары

Сарапшының сөзін Катар инвестицияларының мысалдары да растай түседі. Лондондағы Shard зәулім ғимаратында Катардың үлесі бар, оның үстіне Париж мен Барселонадағы жаңа аудандардың құрылысына қатысып жатыр, сондай-ақ американдық компанияларға белсенді инвестициялар салған. Соның ішінде Uber және Тесла компанияларын айтуға болады. Бұл жобалар Катардың ұзақ мерзімді тұрақты даму мен экономиканы әртараптандыруға бағытталған стратегиялық қадамдары деуге болады.

Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, Катар экономикасы жақын арада ШЫҰ елдері арасында ең жылдам дамып келе жатқан экономика болады. Биыл ЖІӨ-нің өсімі 4,4% болады деп болжанған.

– Соңғы онжылдықта Катар экономикасы сан салалы болып, өзінше дами түсті. Біз туризм, білім, медицина, органикалық азық-түлік, құрылыс, жылжымайтын мүлік және ақпараттық технологияларға инвестиция саламыз. Біздің мақсатымыз алға жылжып, басқа елдер мен нарықтарға салатын инвестиция көлемін арттыру, - дейдіі Qatar National Enterprises бас директоры Абу Бакр Нурайн 24KZ - ке берген сұқбатында.

Оның айтуынша, Катар өз аумағында да, шетелде де жобаларға белсенді түрде инвестиция салуда. Катар инвесторлары үшін басым бағыттардың бірі ол – Қазақстан.

UCC Holding және Қашаған

Катар Қашағанда екі газ өңдеу зауытының құрылысына 3,5 миллиард долларға жуық инвестиция құюға нықтап бекіген. Зауыт құрылысын осы елдегі ең ірі және беделді құрылыс холдингтерінің бірі - UCC Holding жүзеге асырады. Оның қазақстандық серіктесі ретінде QazaqGaz ұлттық компаниясы таңдалып алынған. Келісімге сәйкес, зауыттарды 2026 және 2029 жылдары пайдалануға беру жоспарланған. Қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын бірінші газ өңдеу зауытының құрылысы басталып кетті, ол бұйырса, 2026 жылы дайын болады. Ал өндірістік қуаты 2,5 миллиард текше метр болатын екінші газ өңдеу зауыты 2029 жылы іске қосылуы тиіс.

UCC Holding (UrbaCon Trading & Contracting) - 2011 жылы негізі қаланған және инфрақұрылым, жылжымайтын мүлік, энергетика салаларындағы бірқатар ірі жобаларды сәтті жүзеге асыру арқылы сенімді серіктес ретінде өзін мойындата білген Катардың жетекші құрылыс және инжиниринг компанияларының бірі. UCC Holding тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар халықаралық жобаларға да белсенді қатысады, бұл холдинг қызметкерлерінің кәсібилігі мен біліктілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.

Артықшылықтары

Ынтымақтастық QazaqGaz үшін де, жалпы Қазақстан үшін де пайда әкеледі деп күтілуде. Біріншіден, UCC Холдингінің қатысуы зауыттың халықаралық стандарттарға сәйкес келетініне кепілдік береді. Екіншіден, UCC Holding сияқты тәжірибелі және табысты компаниямен серіктестік ұзақ мерзімді перспективада QazaqGaz-тың нарықтағы позициясын нығайта түседі. Бұдан бөлек, тәжірибе мен технологиялар алмасу үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Жалпы, бұл жобаның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор, өйткені ол газды өңдеу көлемін ұлғайтады, демек, ішкі нарықтағы тауарлық газға өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандырады және елдің экспорттық әлеуетін арттырады.

Катар Қазақстанға несіне қызығы

- Катардың Қазақстанмен ынтымақтастыққа осынша неге көңілі ауып отыр дерсіз.  Оған бірнеше себептер бар. Олардың ішінде негізгілері – Орталық Азия мен Қазақстан нарығы арқылы мол табыс табу және осы аймақтағы өзінің ықпалын күшейту.  Катар билігі үшін елдің қаржылық ресурстары инвестицияланып, табыс әкелуі маңызды болып саналады. Қазақстан инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық нысаны ретінде ресми Доха үшін өте қызықты жоба. Қазақстаннан Катарға не керек десеңіз, органикалық азық-түлік, оның ішінде ет пен сүт өнімдері, астық аса қажет. Өйткені қазіргі нарықта осындай таза табиғи өнімге деген сұраныс жоғары және оның логистикасы құбылмалы, - дейді Ресей ғылым академиясы жанындағы Шығыстану институтының Қоғамдық дипломатия және әлемдік саясатты талдау орталығының  ғылыми қызметкері Александр Воробьев «Новая газетаға» берген сұхбатында.

Жалпы алғанда, сарапшылардың пікірінше, Катардың халықаралық инвестицияны кеңейту және экономикасын әртараптандыру стратегиясы оның жаһандық экономикалық өзгерістерге бейімделу және әлемдік аренадағы ұстанымын нығайту ниетін көрсетеді. Бұл ынтымақтастық Катарға да, ол инвестиция салатын елдерге де пайдалы, өйткені салынған капитал өзара даму мен тұрақты өсуге ықпал етеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесіп, оған Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысқаны және Қазақстанның халықаралық бастамаларына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан еді.