×
484.37
531.06
5.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
484.37
531.06
5.05

Дубайдағы шенеуніктер, Украина мен Ресей қақтығысы: Фейсбукте саяси посттар неге өшіріледі

Бүгін, 08:07
Дубайдағы шенеуніктер, Украина мен Ресей қақтығысы: Фейсбукте саяси посттар неге өшіріледі
Коллаж Ulysmedia.kz

Жуырда қазақстандық шенеуніктердің Дубайдағы мүлкі жайындағы Азаттық зерттеуін бөліскендер жазбаларының фейсбук әлеуметтік желісінен өшірілгенін айтып шағымданды. Соңғы бір жылда фейсбук қолданушыларының Қазақстанның билігіне қатысты саяси контенттері желіде себепсіз өшірілуі жиілеген.

Азаттық жариялаған зерттеуде бір жарым мың қазақстандықтың Дубайда миллиард доллардан асатын 2700-ге жуық жылжымайтын мүлкі бар екені анықталған. Олардың дені – Қазақстанның қазіргі және бұрынғы шенеуніктері мен олардың туыстары. Журналист Руслан Ербота Қазақстан билігіне қатысты жазылған посттарының бірнеше мәрте өшірілгенін айтады.

«Азаттықтың Дубайда зәулім сарай алған қазақтар жайындағы зерттеуін осында бөліскен едім, фейсбук тағы да өшіріп тастады. Өткенде де сөйткен. Азаттық пен Цукерберг арасы суып кеткен бе», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

УКРАИНА, ПУТИН, ДУБАЙДАҒЫ ШЕНЕУНІКТЕР

Сарапшылар ақпараттық кеңістікте кең таралған мұндай құбылыстың бірнеше түрі және себептері бар екенін айтады. Редактор Бауыржан Кариповтың айтуынша, фейсбук тарапынан себепсіз өшірілген жазбалары негізінен Ресей мен Украина қақтығысы және Қазақстанның күн тәртібіндегі қоғамдық-саяси тақырыптарға қатысты болған.

«Соңғы кездері постыңыз біздің қауымдастықтың талаптарына сәйкес келмегендіктен өшірілді деген мазмұндағы хаттар жиі келеді. Бірақ қандай посттар екені айтылмайды. Жалғыз мен ғана емес, басқалар да айтып жатыр. Фейсбук қай пост екенін көрсетпейді тек, «келісесіз бе», «келіспейсіз бе» деген сауал ғана келеді. Бүгінге дейін ашық өшірілген пост, ол – Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс жағдайы, Путиннің аты аталған материалдар, Украинадағы адам өлімі туралы сөздері бар пост не пікір ретінде жазылса дереу өшіріледі. Сонымен қатар суицидке қатысты жазбаларды фейсбук міндетті түрде блоктайды. Үшінші, елдегі қоғамдық саяси мәселелерге қатысты жазбалар болатын болса, тікелей себепсіз өшіріледі. Оны жуырда Руслан Ерботаның қазақ шенеуніктерінің Дубайдағы мүлкі туралы жазбасының өшірілгенінен көрдік. Одан бөлек сайлау алдындағы жазбаларымыз да өшірілген кезі болды. Бұрын медиа этикаға қатысты қан, баланың, әр түрлі зорлық сипаттағы суреттердің болмауы керектігін білетінбіз», – дейді Бауыржан Карипов. 

САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ШАБУЫЛЫ

Жалған ақпаратқа қарсы тұру және Қазақстандағы медиа сапасын арттыру бойынша жұмыс істейтін Factcheck ресурсы жуырда Meta-ның Қазақстандағы алғашқы серіктесі атанды. Сайттың бас редакторы Думан Смақовтың айтуынша, фактчекерлер ақпаратты жалған, ішінара жалған я болмаса өзгертілген деп бағалаған соң, Meta пайдаланушылардың ол жаңалықты көру мүмкіндігін азайтады.

Жазба жалған деп белгіленсе, Meta жазбаны көрген не оны бөліскісі келген адамдарға бұл туралы ескертеді.

«Яғни, бұл пост бөлісілмейді, ақылы түрде жарнама қойылмайды. Жалған ақпарат тарататындардың түпкілікті бірнеше себебін қарастыруға болады. Әлдебір өзіне бәсекелес ұйымдардың сатылуына, таралуына кедергі келтіру мақсатында болуы мүмкін. Екіншіден, саяси тұрғыда, мәселен сайлау кезінде қарсы оппоненттің сайлаушылар алдында абыройына нұқсан келтіру мақсатында болуы мүмкін. Сонымен қатар саяси оппоненттер арқылы, елдегі өткір мәселелерді манипуляциялау арқылы саяси тұрғыдан тұрақсыздыққа әкелу мақсатында деген пікірдемін», – деген ол серіктестік аясында жұмыс істейтін Factcheck.kz Қазақстан билігінен тәуелсіз екенін атады.

Сонымен қатар ол арнайы бағдарламалық жасақтама арқылы фейк аккаунттардан бірдей бағытта шабуыл жасалып, пікірталасты, саяси көзқарасты әлсірету тәжірибесі бар екенін алға тартты. Сарапшы Руслан Ерботаның постының өшірілу себебін саяси ұйымдардың, боттардың шабуылымен байланыстырды. 

«Фейсбуктегі саяси мәндегі контенттің жиі өшіріліп жатуының басты себебі – саяси ұйымдардың немесе боттардың шабуылы деп санаймын. Олар осы постқа жаппай адамдарды (фейсбук қолданушыларын) шағымдандыру арқылы фейсбук әкімшілігіне бұл посттың саяси мотивпен, жеке адамның құқығын шектеу арқылы дәлелдеуге тырысу жолымен шағымдану арқылы постты өшірткізеді. Бұл – қалыпты практика, өйткені кез келген адам Метаның ережелеріне сәйкес келмейді деп шағым түсіре алады, сол шағымның негізінде өшіруі мүмкін», –деді Ұлысмедиа тілшісіне берген сұқбатында.

Ол Азаттық жүргізген ауқымды зерттеуде саяси фигуралардың жылжымайтын мүлкі туралы айтылғандықтан олар ботофермаға тапсырыс беруі мүмкін екенін айтты.

«Қазақстан үкіметі Meta корпорациясына 24 сағат ішінде өшіру бойынша өтініш жібере алады. Бірақ мұндай жағдайда Meta корпорациясының орындау, орындамау еркі өзінде. Бірақ Қазақстан билігі келісім бойынша өз өтінішін дәлелдеуі қажет болады. Мысалы Руслан Ерботаның посты өшірілгенімен, Азаттықтың парақшасындағы пост өшірілмеді. Демек Русланның «сүйікті оқырмандары» оның жазбасына шағымданып, постты алдырып тастаған болуы мүмкін. Азаттық өте үлкен зерттеулер жүргізіп жатыр. Түрлі саяси және бизнестегі фигуралардың жылжымайтын мүлкі туралы айтылған соң олардың да әл-ауқаты, мүмкіндігі бар. «Нұр бот» сияқты басқа да ботофермаларды жалдап, постқа жаппай шағым түсірту арқылы өшіртіп тастауы әбден мүмкін», - дейді Думан Смақов.

Саяси көзқарастарды немесе пікірлерді мақсатты түрде сынға алу немесе бұғаттау сөз бостандығы мен ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін шектеуге әкеледі. Көп жағдайда троллинг, ақпараттық манипуляциялар, боттар арқылы шабуыл жасау, кибербуллинг арқылы назарды басқа жаққа аударуға тырысады.

Саяси посттарды қорғаудың жолдарына жеке ақпаратты қорғау, пікірлерді модерациялау, жалған аккаунттарды тану және бұғаттау жатады.

Ұлысмедиа редакциясының мемлекеттік басшылардың әлеуметтік желілердегі ресми парақшасына қатысты шолуы да фейсбук әлеуметтік желісінде бөлісу қиындық туғызды. Әлеуметтік медиа жөніндегі маман Ерлан Оспан аталған мақаланы фейсбук өшіріп тастағанын айтады.

Материалда Тоқаев, Путин, Зеленский, Байден сынды президенттердің аккаунтынан қандай көріністерге басымдық беретіні айтылған.