×
$
443.62
€
492.24
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
443.62
€
492.24
₽
5.36

«Басшыларды ауыстырумен мәселе шешілмейді»: квазимемлекеттік секторды не тұралатып тұр

Бүгін, 18:30
«Басшыларды ауыстырумен мәселе шешілмейді»: квазимемлекеттік секторды не тұралатып тұр
Ulysmedia.kz коллажы

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталу жағдайы Қазақстанның мемлекеттік секторына елеулі репутациялық соққы болуы мүмкін. Сарапшылар әзірге ұлттық компаниялардың қаржылық тұрақтылығына тікелей қауіп төніп тұрған жоқ деп есептейді. Дегенмен бұл жағдай ҚТЖ-ның IPO-ға шығу жоспарын қиындатып, мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігі мәселесін қайта көтеруі мүмкін. Ulysmedia.kz осы даулы жағдайға қатысты сарапшылардың пікірін білді.

Экономикаға тікелей қауіп жоқ, бірақ беделге нұқсан келді

Экономикалық шолушы Сергей Домниннің пікірінше, «Самұрық-Қазына» төңірегіндегі қазіргі дағдарыс ең алдымен репутациялық сипатқа ие. Оның айтуынша, қордың жағдайы мен экономикаға ықтимал әсерін бағалау үшін ең алдымен қаржылық есептілік пен аудиторлық қорытындыларға сүйену қажет.

– Меніңше, қазіргі дағдарыс ең алдымен ұйымдық, қарыздық немесе басқару мәселесі емес, репутациялық сипатта. Экономикаға әсері туралы айтатын болсақ, қаржылық көрсеткіштерге қарау керек. «Самұрық-Қазына» мен оның құрамындағы компаниялар егжей-тегжейлі аудиттен өтеді және қарыздық шектеулерді сақтайды. Қаржылық есептілік пен аудиторлардың қорытындыларына сүйенсек, компания тұрақты дамып келе жатқанын көреміз. Дегенмен бұл даму басқарылатын активтердің құнын арттыру тұрғысынан әрдайым оңтайлы болмауы мүмкін, ал кейбір бағыттар жедел дамып жатыр. Сондықтан экономикаға айтарлықтай әсер болады деп күтпеймін. Бірақ репутациялық тұрғыдан алғанда, бұл – тұтастай мемлекеттік секторға үлкен соққы, – дейді Домнин.

ҚТЖ-ның IPO-ға шығуы екіталай

Тағы бір мәселе – ҚТЖ-ның IPO-ға шығу перспективасы. Қаржыгер Расул Рысмамбетов қазіргі жағдайда компания акцияларын биржаға орналастыру жүзеге аспайды деп есептейді. Сондай-ақ ол теміржол саласы тек коммерциялық емес, стратегиялық мемлекеттік міндеттерді де атқаратынын еске салды.

– ҚТЖ – бірегей компания. Негізінде, бұл жай ғана бизнес емес, мемлекеттік функция. Мысалы, жылу электр орталықтарына көмір тасымалдауды қалай қамтамасыз ету керегін түсіну қажет. Кейбір бағыттарды жеке қолға беріп, ең төменгі маржаны қалдыруға болады немесе компанияны толығымен мемлекеттік күйде сақтауға болады. Мұны бөлек қарастыру керек. Бірақ меніңше, ҚТЖ IPO-ға шықпайды, – дейді Рысмамбетов.

«Самұрық-Қазына» реформалары неге нәтиже бермеді?

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының қызметі мен активтерді басқару тиімділігіне қатысты сұрақтар бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Сергей Домнин қорды бірнеше рет реформалауға тырысқанымен, мемлекеттік активтерді тікелей басқару моделінен инвестициялық холдинг үлгісіне толық көшу мүмкін болмағанын айтады.

– «Самұрық-Қазына» құрылған кезден бастап сынға ұшырап келеді. Тиімсіздікке қатысты сын 2008–2009 жылдардағы реформаға себеп болды. Сол кезде екі қор біріктірілді. Кейін қордан қаржылық құрамдас бөлік – даму институттары бөлініп шықты. Одан соң 2015 жылғы дағдарыстан кейін трансформация бағдарламасы қолға алынды. Ал 2022 жылы тағы да сын айтылды.

Алайда сынның болуы ұйымды жабуға, таратуға немесе түбегейлі өзгертуге жеткілікті негіз емес. Жекелеген адамдарды ауыстыру, байланыстар мен жұмыс тәсілдерін қайта қарау қажет болуы мүмкін. Бірақ бұл құрылымның өзін тарату керек дегенді білдірмейді, – деп түсіндірді экономикалық шолушы.

Домниннің айтуынша, негізгі қиындықтардың бірі – мемлекет ұлттық компанияларға тек пайда табу міндетін ғана емес, елді кешенді дамыту міндетін де жүктейді. Сондықтан қор классикалық инвестициялық холдинг моделінде толыққанды жұмыс істей алмай отыр.

– 2008 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» реформасы активтерді тікелей басқаратын холдингтен инвестициялық компания моделімен жұмыс істейтін холдингке көшу ретінде ұсынылды. Ол кезде бағдар ретінде сингапурлық Temasek үлгісі алынған еді. Алайда еліміздегі экономика мен мемлекеттік басқару моделі қолмен басқарудың белсенді тәсілін көздейді. Сондықтан инвестициялық холдинг моделіне толық көшу мүмкін болмай отыр. Мұндай холдингте қаржыгерлер жобаның табыстылығын, ұзақ мерзімді даму мен актив құнын арттыру тұрғысынан басымдығын бағалайды. Ал бізде міндеттер көбіне активтерден пайда табумен ғана шектелмей, елді кешенді дамытуға байланысты. Бұл орынды да. Мемлекеттік активтер ең алдымен елдің дамуы мен әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға қызмет етуі керек, тек қаржылық мақсаттарды көздемеуі тиіс. Сондықтан «Самұрық-Қазына» үнемі сынға ұшырап, жаңғыртуға талпыныстар жасалғанымен, жаңа қиындықтар туындап отырады, – дейді сарапшы.

Басшыларды ауыстырумен мәселе шешілмейді

Ал Расул Рысмамбетов кадрлық ауыс-түйістер арқылы квазимемлекеттік сектордағы мәселелерді шешу мүмкін емес деп санайды. Оның пікірінше, корпоративтік басқаруды, ішкі рәсімдер мен бақылау тетіктерін жүйелі түрде жетілдіру қажет.

– Екі тәсіл бар: шетелдіктерді немесе күштік құрылым өкілдерін басшылыққа тағайындау. Бірақ ол жерде шетелдіктер де болды, соған қарамастан жымқыру жағдайлары тіркелді. Мәселе кімнің басшылыққа келетініне байланысты емес. Жүйенің ішінде шешімін күткен көптеген рәсімдік мәселе бар. Бұл спортзалға барып, екі рет отырып-тұрып, бірден бұлшық ет өседі деп күту сияқты. Корпоративтік басқаруды жыл сайын жетілдіріп отыру керек. Мұнда жылдам жеңістер болмайды. Ең бастысы – акциялары биржада саудаланатын компаниялардың капиталдандыруын құлдыратып алмау, – деп түсіндірді қаржыгер.

Мәселе бір қордың аясынан әлдеқайда кең

Ол сондай-ақ квазимемлекеттік секторға қатысты мәселелер бір қордың шеңберінен әлдеқайда кең екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Бәйтерек» холдингін, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды және республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды басқару тәсілдерін де қайта қарау қажет.

– Квазимемлекеттік секторға қатысты мәселе жаңадан көтеріліп отырған жоқ. «Самұрық-Қазына» не үшін керек, оның міндеті қандай және қалай жұмыс істеуі тиіс деген сұрақтар он жылдан бері қойылып келеді. Бірақ мәселе тек «Самұрық-Қазынада» емес. Бізде «Бәйтерек» холдингі, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, республикалық мемлекеттік кәсіпорындар және мемлекеттік функцияларды атқару арқылы да ақша табатын басқа құрылымдар бар. Сондықтан осы тұтас жүйенің әрі қарайғы жұмысы – ауқымды мәселе, – деді Рысмамбетов.

Қаржыгердің пікірінше, қазіргі жағдайға жоғары мемлекеттік деңгейде реакция қажет. Алайда қордаланған мәселелерді қысқа мерзімде шешуге болады деп күтудің қажеті жоқ.

– Жоғары деңгейде реакция болуы керек. Біз – президенттік республика, сондықтан президент алдағы қадамдарды белгілеуі тиіс. Бірақ жылдам жеңістер – жеңіс емес. Жағдайды түзету үшін жұмыс істеу керек, мұның бәрін бір айда шешуге болады деп ойламау қажет, – дейді ол.

Сыбайлас жемқорлық пен әлеуметтік төлемдер: мемлекеттік шығындарға қатысты сұрақтар

Рысмамбетов іс аясында айтылып жатқан ірі сомаларға қатысты қоғамның реакциясына да тоқталды. Оның айтуынша, қазір әлеуметтік желіде азаматтар мемлекеттік компаниялардағы ықтимал сыбайлас жемқорлық деректерін әлеуметтік төлемдердің қысқаруымен және оларды алу талаптарының қатаюымен салыстырып отыр. Қаржыгер мемлекет тек ұлттық компанияларда ғана емес, өңірлерде де шығындардың тиімділігін қайта қарап, ұзақ мерзімді жоспарлауға көңіл бөлуі керек деп есептейді.

– Мен халықтың пікірін толық қолдаймын. Өңірлерде, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда және ірі жобаларда не болып жатқанын қарау керек. Жасанды интеллект он менеджерді ұстағаннан арзанырақ болуы мүмкін. Мемлекеттік шығындарды оңтайландыру міндеті ешқайда кеткен жоқ, оны жүзеге асыру қажет, – деді ол.

Рысмамбетовтің айтуынша, мемлекет шешім қабылдағанда тек алдағы бюджет кезеңдерін ғана емес, ұзақ мерзімді демографиялық және экономикалық перспективаларды да ескеруі қажет.

– Мемлекет қай жерде шығынды қысқартып жатқанын, ал қай жерде керісінше қолдауды арттыру қажет екенін халыққа түсіндіруі керек. Демографияға келсек, қазірдің өзінде жеті-сегіз өңірде туу көрсеткішінің айтарлықтай төмендегені байқалады. Сондықтан алдағы үш жылды ғана емес, Қазақстанның 2050 және 2100 жылдары қандай болатынын да ойлау керек. Осыған қарай «Самұрық-Қазынаның» жұмысын, әлеуметтік саясатты және мемлекеттік шығындарды жоспарлау қажет, – деп түйіндеді қаржыгер.

Жалпы алғанда топ-менеджерлердің ұсталуына қатысты жағдай «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-дағы мәселе жекелеген басшылардың тағдырымен ғана шектелмейтінін көрсетті. Әңгіме мемлекеттік қаражатты басқарудың ашықтығы мен ел активтеріне иелік ететін тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты ауқымды мәселелер туралы болып отыр.

 

Сізге қызық болуы мүмкін