×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Әділдік үшін күшейген күрес: Сайлау қалай өтті

20.03.2023, 10:48
Коллаж: ulysmedia.kz.

Кандидаттар асыға күтіп, соңғы бірнеше айда халықтың аузынан түспеген мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы күні де өтті. Орталық сайлау комиссиясы 19 наурыз сағат 22.15-тегі жағдай бойынша халықтың 54,19 пайызы дауыс бергенін хабарлады. Миллиондаған дауыстың кімдерге бұйырғаны Exit poll сауалнамаларында айтылып жатыр.

Жалпақ жұрттың жалпы сайлауға деген назары бұрынғыдан ерекше. Халық кешегідей алданғысы келмейді, өз дауысы үшін күресумен бірге бұл жолы сайлаудың әділ өтуін де қатаң қадағалағысы келетіні байқалды. Қазақстанның өңір-өңірінен сайлаудың заңсыздығын әшкерелеген фото-видеолар әлеуметтік желілерге толып кетті.

Бұл мақалада 19 наурыз – сайлау күнін қорытындылап, кешегі күннің басты жаңалықтарын шолып шықпақпыз.

Тоқаев пен Назарбаев

Қазақстанда ең алғаш болып дауыс бергендердің ішінде – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Себебі президент кеше сағат жетіден кете Астана қаласындағы √59 сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп кеткен. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайына келген журналистер хабарланған уақыттан ертерек келген президентті түсіріп үлгермей қалған.

Фотосуреттер мен видеолар кейін тек Ақордадан тарады.

Сайлауда дауыс берген президент/Ақорда

Тоқаевтан бөлек халықтың күткен адамы – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Бірінші президент «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының ғимаратында орналасқан № 393 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Өз таңдауын жасап болғаннан кейін тілшілер Назарбаевқа сұрақ қоймақшы болған, алайда ол бірде-бір сауалға жауап берместен теріс айналып кетіп қалды. Экс-президентті екі сағаттан астам уақыт күткен БАҚ өкілдері оған жақындай алмады.

Смайылов отставкасы жайлы

Жалпы елдегі шенеуніктердің көбі сайлау учаскелеріне таңнан келіп, дауыс беруге асыққаны байқалады. Мәселен, үкімет басшысы Әлихан Смайылов таңертең Ұлттық кітапхана ғимаратындағы №111 сайлау учаскесіне келген. Журналистер одан отставкасы жөнінде не ойлайтынын, жұмысты еңсере алды ма деген сұраққа не жауап беретінін білмек болды.

Дауыс беруге келген үкімет басшысы Әлихан Смайылов/видеодан скриншот

«Біз отставкаға кетеміз. Бірақ жаңа үкімет құрылғанға дейін міндетімізді атқара береміз. Жаңа премьер-министр кім болатынын президент пен жаңа мәжіліс шешеді. Әрине, біз кез-келген өзгерістерге және еліміз үшін жұмыс істеуге дайынбыз», - деп жауап берді ол.

Былтырғы көрсеткіштерімен мақтанған Смайыловтың бұл сөзі оны премьерлікке қаншалықты сақтай алады? Үлкен сұрақ. Әйткенмен, оның орынбасары Серік Жұманғанғарин белгілі бір деңгейде айыбын мойындағаны байқалады. «Менің нәтижеге көңілім толмайды, бірден айтайын» дейді ол.

Журналистердің сұрағы қордаланып қалған тағы бір шенеунік – антикор бастығы Олжас Бектенов. Біздің елде азаматтар бір айыппен ұсталған кезде кейінгі кезде кінәсіздік презумпциясы сақталмай кеткен болатын. Журналистер Бектеновтен осының мән жайын сұрады. Антикор басшысы өзінше ақталды әрине.

Министрлер мен әкімдердің бәрі де дауыс беруге асығып, сұхбат бергендері Жаңа Қазақстан жайлы айтумен болды.

Бұзушылық көп

Бірақ шенеуніктер Жаңа Қазақстан жайлы қанша айтқанымен, сайлау басталған соң бірнеше сағаттан кейін тараған видеолар бұл сенімнің күл талқанын шығарып жатты. Бір адамның сайлау жәшігіне бірнеше бюллетен салуы, бір адамның бірнеше сайлау учаскесіне барып дауыс беруі, бір мандатты кандидаттардың бюллетенде есімінің жоқ болып шығуы, туысы үшін дауыс беру... Тізіп айта берсең, тым көп.

Алматы облысының Іле ауданы Байсерке аулының тұрғыны Әділбек Утамбеков атты азамат алған бес бюллетеннің ішінен Думан Мұхамедкәрімдікін таба алмағанын айтады. Ол Байсеркедегі №372 сайлау учаскесіне барып дауыс бермек болған. «Мынаның ішінде Думан жоқ қой деп едім, сол жердегілер біреуін алып қалып, бюллетеннің (Кузиевтікінің бірін) төртеуін қолыма берді. Бар шық деп қоймайды. Бой бермейді» деп шағымданды ол Ulysmedia порталына.

Жәшікке екі адамның бума-бума бюллетен салып жатқан видеосынан скриншот

Әйткенмен, Алматы облысының аймақтық сайлау комиссиясы бұл ақпаратты жоққа шығарған. Бірақ бір жыртықты жамағанымен, екінші жағынан облыста басқа да шулар шығып жатты.

Мәселен, Қарасай ауданында жәшікке бірнеше бюллетен салған сайлау комиссиясының хатшысы мен сайлау комиссиясының мүшесінің видеосы тараған. Бұл жолы бұлтара алмаған аумақтық комиссия олардың міндетінен шеттетілгенін хабарлады.

Алматыда сенімді өкілдерге тап берген адамның бірі тіпті әлеуметтік желіні шулатып кетті. Видеода жас жігіттің бақылаушылардың телефонын тартып алып лақтырып, тіпті біреуін қылқындырғанын көруге болады.

Маңғыстауда белсенді Әмин Елеусінов полиция қызметкерлерінің көзінше сейфте сақталған таза бюллетендерді тексеріп, қолданылмаған бюллетендердің арасынан Аманат партиясы белгіленгендерін алып көрсетті.

Осындай видеолар Қазақстанның өңір-өңірінен келіп жатты. Тіпті Өскемен қаласынан заңгер Роман Честных «Өскемендегі сайлауды жарамсыз деп тану керек» деп жазды. Сайлаудағы мұндай бассыздықтарға бірмандатты кандидаттар да қарсы шығып жатыр. Қатты сынағандардың бірі Мұхтар Тайжан сайлауды «позор» деп атады.

Байқаушылар сайлауда дауыс беру аяқталғанымен, дауысты санауға комиссия мүшелері мүлде асықпағанына назар аударады. Мәселен, журналист Дина Елгезектің жазуынша, Алматы әкімдігі түннің бір уағында комиссия мүшелеріне қоңырау шалып, «уақытты созыңдар, хаттаманы бермеңдер» деп зекірген.

Сайлау арқылы биліккке мәселені жеткізу

Осы сайлауды пайдалану арқылы билікке мәселесін жеткізуді ойлаған азаматтар да болды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары мен сол ауылдан шыққан азаматтар сайлау бюллетеніне өздерін мазалаған мәселені жазып, наразылығын білдірген.

Күршім ауданы Маралды ауылында тұратын және сол ауылдан шыққан сайлаушылардың бюллетендері

Дауыс беруден бас тартып жатқан күршімдіктердің акциясы осылай жалғасты. Көбі бюллетеннің сыртына осындай талап қалдырып, ішін айқыш-ұйқыш сызып, бюллетенді жарамсыз қылған. Естеріңізде болса, Маралды мен Үшбұлақ ауылының тұрғындары тау-тасты қазып, алтын іздеп тіміскілеген олигархтармен алысып жүргенін Ulysmedia.kz бұған дейін жазған еді. Олардың ел президентіне жазған хаты порталымызда жарияланған. Маралдылықтар мен үшбұлақтықтарға ауылдың бұрынғы тұрғындары да үн қосып, мәселенің шешілер жолы көрінбей, наразылық өршіп барады.

Шораев пен Ертісбаев

Сайлау басталмай тұрып, ел ішінде ең қызу талқыланған текетірес – Арман Шораев пен коммунистер атынан Ермұхамет Ертісбаевтың арасында өрбіген еді. Шораевтың өзі Астанадағы 22 сайлау учаскесіне келіп, журналистерге берген сұхбатында «Тоқаевқа да сенгісі келетінін» айтты.

«Ол кісімен жеке таныспыз, Бірнеше рет сырласқанбыз да бірнеше мәрте. Айтқанынан танбайды деген сенемін. Бүгінгі сайлау айтқан сөзі ісімен сәйкес келе ме – көрсетеді», - деді ол.

«Басты қарсыласым кім деп ойлайсыз?» деген сұраққа Арман Шораев «маған тең келетін ешкім жоқ дейді.

Сайлау учаскесіне келген Арман Шораев/видеодан скриншот

«Намысыма келеді – бәйгеге шыққаннан кейін мен деген салмақты, мықты ер шықса деп едім. Өкінішке қарай Аманатта та, билікте де маған тең келетін кандидат табылмады. Жеңісіме 1000 пайыз сенем», - деді ол.

Ал оның даулы оппоненті Ермұхамет Ертісбаев кешке қарай ғана дауыс берген. ҚКП көшбасшысы қазіргі сайлау бұрынғылардан «айтарлықтай ерекшеленетінін» айтады. Жүйе өзгергенін, мажоритарлық жүйеден аралас жүйеге көшкенін, сайлауға партия өкілдері ғана емес, өзін-өзі ұсына алатын қоғам басшылары да жіберілгенін сөз қылды. Осының барлығы қатысушыларға үлкен ынта мен жеңіске деген жігер қосқанын да атап өтті.

«Мүмкін, бұл еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылындағы ең қызықты, мазмұнды және нағыз бәсекеге толы сайлау болған шығар. Біз саяси ел болдық. Біз Әділ жаңа Қазақстанды қалаймыз - бұл өткен парламенттік сайлау науқанының негізгі нәтижесі», - дейді Ермұхамет Ертісбаев.

ЕҚЫҰ өкілдері не дейді?

Ұлыс медиа Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйының өкілі, миссия басшысы Оуэн Мерфиден сайлау барысын, туындап жатқан заңсыздықтарға ұйымның реакциясын сұраған. Алайда алдын ала бірдеңе деуге асықпаған шетелдік өкіл 20 наурызда түстен кейін сағат үште өтетін баспасөз мәслихатына сілтеумен болды. Оның айтуынша, ОБСЕ өкілдері сайлауды ақпан айынан бері бақылап келеді. Жалпы бұл үшін ұйым атынан 350-ден астам бақылаушы Қазақстанның өңір-өңіріне аттанып, байқаушы миссиясын атқарған.

ЕҚЫҰ (ОБСЕ) демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының сайлауды бақылау жөніндегі миссия басшысы Оуэн Мерфи Астанадағы №199 сайлау учаскесінде

Сонымен, республика бойынша учаскелерде дауыс беру 19 наурыз күні сағат 20.00-де аяқталды. Республика аумағындағы сағат белдеулерінің шекараларына сәйкес бес өңірде (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары) дауыс беру елорда уақыты бойынша сағат 21.00-де соңына жетті.

Сайлау қорытындысы 29 наурызға дейін жарияланады.

Түн жарымында жарияланған Exit poll қорытындысы Аманат партиясының 53,46% алып, бірінші орында тұрғанын көрсетті. Республика – 8,9%, Ауыл – 10,52%, ҚХП – 6,25%, Ақ жол – 7,87%, Байтақ – 3,22%, ЖСДП – 5,31% дауыс алғаны, барлығына қарсы графа үлесі 4,47% екені жарияланды.

Қазақстанда бұған дейін сайлауларда ресми нәтиже Exit poll қорытындысынан көп аса қоймайтын. Бұл жолы да солай бола ма?  

Кешегі сайлау бұрынғы сайлаулардай өткенін, бюллетендердің бума-бума болып салынғанын, бақылаушылардың дауыс санауға жақындатпағанын, тіпті дауыс санау уақытын таңға дейін созу деген тың әдістер пайда болғанын көрсетіп берді. Сонымен қатар халықтың әділдік үшін күресі күшейгенін де байқауға болады. Әділ сайлаудың кепілі – өзі тұратын қала немесе ауылда сайлаудың әділ өтуін барынша қадағалауға тырысқан, халықтан шыққан тәуелсіз бақылаушылардың еңбегі екенін уақыт көрсетіп отыр.

Серіктес жаңалықтары