×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Тығырыққа тірелген Маралды мәселесі: Билік неге селқос? Депутаттар неге үнсіз?

27.07.2023, 07:47
Тығырыққа тірелген Маралды мәселесі: Билік неге селқос? Депутаттар неге үнсіз?
Коллаж: ulysmedia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылындағы алтын дауы өршімесе басылар емес. Маралды тұрғындары мен осы ауылдан шыққан азаматтар екі жыл бойы ресми органдарға ондаған хат жазып, жауапты басшылармен кездессе де, алтын зауыты құрылысын тоқтата алмаған. «Тоқаевтан басқасының бәрімен кездестік, әділдік таба алмадық» дейді олар.

Осы жылдың 19 шілдесінде маралдылықтар мен алтын зауыты «күзетшілері» арасында болған қақтығыстан кейін 25 шілдеде ауылға тағы да Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және облыс, аудан әкімдігі билігінен өкілдер барған. Алайда министр, облыс әкімі деңгейіндегі шенеуніктер Маралдыға әлі де аттап басқысы келмейді. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар екі күн бұрын тағы президентке үндеу жолдады.

Маралдылықтардың уәжі

Жалпы Маралды ауылының төңірегінде алтын өндіретін фабрика салу мәселесіне байланысты былтырдан бері бірнеше рет қоғамдық тыңдау өткен. Жиындарда жергілікті тұрғындар қарсылығын білдірген. Тұрғындар «ауыл іргесіндегі екі тауды жарғалы жатыр, өндірісте адам денсаулығына зиянды цианид пайдаланылады, ал ауылға келетін бұлақтар құрғап кетті» деп шағымданады.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алтын зауыты басшылары жылына 250 мың тонна кен өңдеуді көздейді. «Жеті жыл осымен айналысса бұл таулардан не қалады?» дейді олар.

Ауылдан 3-4 шақырым жерде жарылыс жасалатын орындар көрініп жатыр

Ашық дереккөздерге қарағанда, Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап жатыр. Ал «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні туралы ақпарат тараған. Бұған дейін Азаттық тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған еді.

19 шілдеде не болды?

Осы жылдың 19 шілдесінде Маралдыда алтын зауыты құрылысына байланысты тағы да қоғамдық тыңдау өткізілетіні алдын ала хабарланған. Тыңдауда алтын зауытына лицензия беру-бермеу мәселесі қаралуы керек-тін. Алайда жиын белгіленген күні ауданнан, облыс пен республикадан да билік өкілдерінен ешкім келмей, бұл жауапсыздық тұрғындарды тығырыққа тіреді.

Ауылдың Мәдениет үйінде бірінен кейін бірі сөз алған маралдылықтар енді төзбейтінін айтып, зауыт басындағыларды «жетектеп шығарып тастайық» деген шешімге келді. Осы тоқтаммен автокөліктеріне отырып, зауыт алдына барған. Халық жинала қалған уақытта қара түсті үш джипке мінген компания күзетшілері (жергілікті тұрғындар оларды «криминалитет» деп те атайды) келіп, жағдай екіжақты қақтығысқа ұласты. Бір-біріне тас ала жүгірген екі жақтан абырой болғанда ешкім зардап шекпеген сыңайлы. Осыдан кейін джипке мінгендер тұрғындардың талабы бойынша ауылдан кетіп қалды.

Маралды ауылы. 19 шілде

«Келіп кеткен үкімет мүшелерінен еш пайда жоқ...»

19 шілдедегі оқиғадан кейін Маралдыға облыс әкімі де, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі немесе Экология министрі де барған жоқ. Орынбасарын жіберген облыс әкімі Ермек Көшербаевтың сол күндерден кейін Тарбағатай ауданында күй шертіп отырған видеосы тарады. 25 шілдеде ауылға Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов бастаған бір топ шенеунік барған. Оспанов ведомствоаралық комиссия тиісті шешім шығаратынын, ол шешімді заңгерлер тексеретінін атап өткен.

«Ведомствоаралық комиссия шешім шығарғанша бұлар (зауыт) жұмыс жүргізбейді. Қазып шығару болмайды. Ондай болса бізге хабарлаңыздар. Заң бойынша олар да (алтын өндіретін фабрика) жеке кәсіпкерлік субъект ретінде заңмен қорғалған. Егер біздің жақтан біздің заңгерден бір ғана қате кетсе, біздің комиссияның жұмысы жоққа шығуы мүмкін. Біздің қорқып отырғанымыз осы. Қате жібермес үшін бәрін дұрыстап жасау керек», - дейді Оспанов.

Билік өкілдері барғанымен, ауыл тұрғындарының бәрібір оларға көңілі толмайды. Содан болар 25 шілде күні кешқұрым олар тағы президентке үндеу жолдап, «келіп кеткен үкімет басшыларынан ешқандай пайда жоқтығын» айтады.

Депутаттар неге үнсіз?

Маралдыдағы қақтығыстан бүкіл ел құлағдар болып отырғанымен каникулда жүрген депутаттар үн қоспады. Ulysmedia.kz тілшісі осы мәселе жөнінде мәжілісмендерден Ерлан Сайыров, Ермұрат Бапи, Мақсат Толықбай, Ринат Зайытов (каникулға шығар алдында Маралдыға барып қайтатынын айтқан депутат) пен Дәулет Мұқаевқа хабарласпақ болған. Демалыста жүрген депутаттардың кейінгі үшеуінің телефонына қоңырау шалып, ала алмадық. Ватсап нөміріне хабарлама жібергенімізбен үшеуі жауап бермеді. Ал Ермұрат Бапи бір ай бойы сырқаттанып, үйден шыға алмай жатқанын, Маралдыға бара алмайтынын, аталған мәселе жөнінде мәліметі аз болғандықтан, бір жақты жақтай алмайтынын айтты. Ерлан Сайыров телефон арқылы сұрақтарға жауап берді.

– Ерлан мырза, Маралды ауылында не болып жатқанын білесіз бе?

– Көріп отырмыз. Инвестор мен жергілікті халықтың арасында кикілжің болып жатыр.

– Осындай жағдайда неліктен селқос көзқарас қалыптасып отыр. Жауапты басшылардан ол жаққа ешкім бармайды, депутаттар да. Екі тараптың текетіресі ушыққаны соншалық, қан төгіле жаздады. Мұндайда не істеу керек?

– Бұл жерде ең негізгі мәселе – министрліктің тарапынан болуы керек. Кезінде жер заңды түрде берілді ме, жоқ па – сол жөнінде жұмыс жүргізу керек. Біздің Конституцияда бүкіл жер қойнауы, ресурстарының бәрі Қазақстан халқының меншігі екені жазылған. Сондықтан осы тұрғыда Индустрия министрлігі мен Экология министрлігі жұмыс істеу керек.

Бәрі заң жүзінде болуы тиіс. Біріншіден, бұрынғы сияқты халыққа өктемдік жасамау керек. Өктемдік жасауға болмайды. Екіншіден, сол жерде жұмыс істеп жатқан адамдардың да құқығы қорғалуы тиіс.

– Маралдыда мәселе көтеріп жүрген азаматтармен сөйлессем, екі жыл бойы жан-жаққа жазып, басшылармен кездескенімен онысынан түк пайда болмай отырғанын айтады. Енді оларды бұл селқостық заң шеңберінде сөйлескісі келмейтін дәрежеге жеткізіп отыр. Сіз өзіңіз сол жаққа барасыз ба?

– Дәл қазір жоспарда жоқ. Жергілікті жердің депутаттары бар ғой. Шығыс Қазақстаннан сайланған депутаттар бар. Солар халықпен, инвесторлармен жұмыс істеу керек қой енді. Ал егер біз белгілі бір деңгейде асқынып бара жататын болса, өктемдік болса, әрине Парламенттік тұрғыда қарастыру керек болады деп ойлаймын.

– «Асқынып бара жатса» деп отырсыз, болатын дүние болып та жатыр. Куә болғаным – екі жақ бір-бірімен сөйлесе алмайтын дәрежеге жеткен. Көз алдымда болған жағдай. Өте қиын...

– Дәл қазір менің ол жаққа баруға әзірге жоспарым жоқ.

Осылайша, Маралдыдағы мәселе тығырыққа тіреліп тұр.