×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Байлық жолындағы құрбандық: олигарх Митталға Қазақстанда қандай айып тағылып отыр

18.08.2023, 17:11
Байлық жолындағы құрбандық: олигарх Митталға Қазақстанда қандай айып тағылып отыр
Коллаж: Ulysmedia.kz

"АрселлорМиттал Теміртау" шахтасындағы апат тағы да адам өліміне апарып соқты. Ulysmedia.kz бірнеше күн бұрын ғана былтыр қарашада Ленин шахтасында қаза тапқан кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық істің әлі күнге дейін сотқа жетпегенін, кінәлілер бостандықта жүргені былай тұрсын, лауазымдары өсіп, жұмсақ креслоларға жайғасып алғанын жазған.

Бұл жолы Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасы өртенді. Тілсіз жаумен күрес әлі тоқтаған жоқ. Үш кеншінің қаза тапқаны, тағы он үш адамның зардап шеккені белгілі.

Ulysmedia.kz Лакшми Митталдың Қазақстанға қалай келгенін еске түсіріп, оның қалтасын толтыру үшін қарағандылық кеншілер неге өз өмірлерін құрбан етуге мәжбүр екенін ой елегінен өткізіп көрді.

Назарбаевпен мәміле болды ма?

1995 жылы Миттал Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинатын сатып алды. Сол келісім негізінде атышулы "АрселорМиттал Теміртау" құрылды.

Британдық тіркеуі бар үнді кәсіпкері Қазақстанның ең ірі болат кәсіпорнын іс жүзінде арзан бағаға – төрт жылға бөліп төлеумен бар болғаны 225 миллион долларға алған.

Салыстыру үшін, 2005 жылы Миттал Украинадағы "Криворожсталь" металлургиялық зауытын 4,8 миллиард долларға сатып алғанын есептей беріңіз. Ал аукциондағы бастапқы баға  2 млрд доллардан басталды.

Бір кездері марқұм саясаткер, бұрынғы президенттің күйеу баласы Рахат Әлиев ел үшін мұндай қолайсыз мәміленің себебін бір сұхбатында түсіндірген еді. Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев Митталдан акциялардың жартысын және 50 миллион доллар алған.

Өлімге инвестиция салу

Миттал комбинатты тиын-тебенге сатып алып қана қоймай, үнемі үкіметтен салықтық жеңілдіктер мен преференциялар алып келеді. Соңғы келісімшартқа 2008 жылы қол қойылды: КТС – 10 жыл, мүлік салығы –  5 жыл, жер салығы – 5 жыл.

Оның орнына "АрселлорМиттал Теміртау" АҚ иесі қазақстандық металлургияны жаңғыртуға уәде берді.

Қазір компанияның Қарағанды облысында сегіз шахтасы бар: Саран, Абай, Күзембаев, Тентек, Қазақстан, Ленин және Костенко.

Компанияда 28 жыл ішінде 134 адам қайтыс болды. Бұл қайғылы оқиғалардың барлығы қауіпсіздік жүйесінің болмауы, тозған жабдықтың және нашар басқарудың салдарынан тіркелген еді.

"АМТ" шахталарында болған апаттар

  • 1995 жылы Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылды. Қайғылы оқиға салдарынан 13 адам қаза тапты.
  • 1998 жылы Ленин шахтасында тау-кен массасы мен газдың жарылды. Бір адам қаза тапты.
  • 1999 жылы Ленин шахтасында метан жарылды. Үш шахтер қаза тапты.
  • 2004 жылы "Шахтинская" шахтасында жарылыс болды. 23 шахтер қаза тапты.
  • Ең үлкен қайғылы оқиға 2006 жылы болды. Ленин шахтасындағы жарылыстан 41 адам қаза тапты.
  • 2008 жылы осындай 2 оқиға болды – қыста және жазда "Абай" және "Тентек" шахталарында. 35 адам қаза тапты.
  • 2017 жылы "Қазақстан" шахтасында газ жарылды. Үш шахтер қаза тапты.
  • 2021 жылы "Абай" шахтасында метан жарылды. Алты адам қаза тапты.
  • 2022 жылдың наурыз айында "Саран" шахтасында тау-кен массасының құлауы салдарынан бір адам қаза тапты.
  • 2022 жылдың қарашасында Ленин шахтасында метан жарылды. Бес кенші қаза тапты.
  • 2023 жылғы 17 тамызда "Қазақстан" шахтасында өрт болды. Үш кеншінің қаза тапқаны расталды.

Ресми деректер бойынша 2017 жылы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ таза пайдасы 108,418 млрд теңгені құрады.

Миттал, кет!

Қазақстанда олигарх Лакшми Митталдың қызметіне наразылық бірінші рет айтылып тұрған жоқ.  2019 жылы қарағандылық журналист және қоғам қайраткері Олег Гусев Лакшми Миттал Қазақстанның металлургиясын "өлтіреді" деп мәлімдеді.

- Осындай "қолайлы инвестициялық ахуал" тағы 10 жылға созылса,  Миттал сияқты инвесторлардан бізге тек қоры түгесілген жер қойнауы мен дімкәс халық қалады.

- Жақын арада бізде үкімет бар-жоғы белгілі болады: билік Митталды Қазақстан заңдарын орындауға мәжбүрлеп, орнына қоя ала ма, әлде трансұлттық корпорация елімізде тонауды жалғастыра ма –  анықталатын болады, –  деді ол "Эхо Москвыға" берген сұхбатында.

2021 жылы депутат Альберт Рау "АрселорМиттал Теміртау" кешеніне мемлекеттік аудит жүргізуді талап етті, өйткені өндірістік базаның жағдайы жақсармайды, ал апаттар көбейіп келеді, — деді ол.

Ал кеше депутат Никита Шаталов Митталды елімізден қууды талап етті.

Кешегі апат Лакшми Митталдың ҚР-дағы мансабына нүкте қояды деп үміттенеміз. 

Еске салайық, 17 тамызда “АрселорМиттал Теміртау” көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенді. Жер астында барлығы 227 жұмысшы болған. 

Бастапқыда апаттан зардап шеккендер саны алты адамға жеткені хабарланған. Кейін зардап шеккендар саны 13-ке жеткені белгілі болды.

Апат орнынан үш жұмысшының мәйіті табылды. Тағы екі кенші іздестіріліп жатыр.

Шахтинск қаласының полициясы ҚР ҚК 277-бабының 2-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, апатқа жауапты басшылар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.