×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Ұлттық банк импорттың артуына әсер еткен негізгі тауарларды атады

09.11.2021, 09:44
Фото: Ашық дереккөзден

Ұлттық банктің төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев төлем балансының ағымдағы шотына қатысты мәліметті жариялап, Қазақстанның 9 айдағы экспорттық және импорттық көрсеткіштерін баян етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Алдын ала бағалау бойынша, 2021 жылдың 9 айында ағымдағы шот (-)3,0 млрд АҚШ доллар тапшылығымен қалыптасты. Ағымдағы шот тапшылығының өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,9%-ға қысқаруы тауар балансы жағдайының жақсаруына байланысты болып отыр. Тауар балансы профициті 15,1 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76,8%-ға өсті. Бұл жақсару импорт ағындарының өсуі жағдайында экспорттың едәуір өсуіне байланысты», - дейді Азат Өскенбаев.

Оның айтуынша, тауарлар экспорты 20,4%-ға 43,1 млрд АҚШ долларына дейін артқан. Бұл өсім, біріншіден, әлемдік мұнай бағасының қалпына келуімен түсіндіріледі. Мұнай мен газ конденсатының экспорты, сандық жеткізілімдердің 9,2% азаюына қарамастан, 19%-ға немесе 3,6 млрд АҚШ долларына артқан. Алайда, III тоқсандағы мұнай бағасы өсуінің жалғасуы статистикада толыққанды IV тоқсанда ғана көрініс табады.

Департамент директоры экспорттың өсуіне қара және түсті металдар да айтарлықтай әсер еткенін мәлім етті. Жиынтық есеппен өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда метал экспорты 2,4 млрд АҚШ долларына артқан.

«Сонымен қатар, тауарлар импорты 2,7%-ға ғана 28,0 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Пандемияға дейінгі кезеңде импорттың негізгі драйверлері инвестициялық және аралық тауарлар болса, 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, олардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға қысқарды. Осылайша, импорттың өсуі тұтыну тауарлары импортының өсуімен түсіндіріледі. Олар 2021 жылдың 9 айы бойынша 21,4%-ға немесе 1,5 млрд АҚШ долларына өсті. Тұтыну импортының көп бөлігін азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрайды: автокөліктер, телефондар, дәрі-дәрмек, киім-кешек сияқты тауарларды – шетелдік сатып алулар 25,9%-ға немесе 1,3 млрд АҚШ долларына өсті», - дейді Азат Өскенбаев.

Одан бөлек шетелдік инвесторлардың кірісі 53,7% артып, 15,7 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл шикізат тауарларына деген бағалардың өсуімен айқындалған төленетін дивидендтердің 53,2% және қайта инвестицияланған кірістердің 2 еседен астам шамаға өсуімен түсіндіріледі.

Серіктес жаңалықтары