×
443.85
474.3
4.8
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.85
474.3
4.8

Copy paste? Келімбетов әзірлеген Ұлттық жобалар Ресейде бұрыннан бар

30.11.2021, 15:27
Коллаж: ulysmedia.kz

Ұлттық жобаның жұрттың жобасынан айырмашылығы неде? Жобалық басқару өзін-өзі ақтай ма? Ulysmedia.kz порталы бүгінгі мақалада осы мәселені зерттеп көрді.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА ЖАЙЛЫ КІМ АЙТТЫ

Ұлттық жоба туралы әңгіменің әлқиссасы былтыр 1 қыркүйекте президенттің халыққа жолдауында айтылған.

«…Мен тікелей президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Дәстүрге сай, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жоспарлау, орындау және бағалау қызметін негізінен мемлекеттік аппарат атқарады. Бұл – дұрыс емес», - деген еді Тоқаев жолдау кезінде.

Президент сан алуан көрсеткіш пен индика­т­ор­дан тұратын мемлекеттік бағдарламаларды тоқтату қажетттігін де айтқан еді.

«Барша аза­матқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негіз­гі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәти­жесі болуға тиіс», - деді ол.

РЕФОРМА ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВКЕ ЖҮКТЕЛДІ

Президент мәлімдемесінен кейін екі апта өткен соң, 14 қыркүйекте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды. Оның басшысы болып Қайрат Келімбетов тағайындалды. Сондай-ақ, Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрамы бекіді.

PROJECT MANAGMENT – БАСТЫ АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Ұлттық жобаның бұрынғы мемлекеттік бағдарламалардан ерекшелігі қандай болмақ? Жұмыс барысы жобаны басқару (project management) әдісіне көшеді деп түсіндірді Келімбетов 19 қазанда Рахым Ошақбаевқа берген сұхбатында. Бір жылдың ішінде заңға осы ұғым туралы арнайы түсініктеме де енгізілген.

Жобалық басқару – мекеменің шектеулі шығын, тығыз уақыт жағдайында жұмыс сапасын үнемі қадағалауы. Бұл ұғымға ашық дерек көздерінде берілген анықтама.

Келімбетов ел билігі шикізат экономикасының суперциклі аяқталғанын түсінгенін, климаттың өзгеруі түбі бұл саладан жайлап жылыстауға әкелетінін айтады. Цифрлық дәуір мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгерткен. Бұрын мұншалықты ашық байланыс болмағанын еске салады. Оған қоса пандемия білім мен денсаулық саласында қандай өзгерістер керектігін айқындаған. Қысқасы, Ұлттық жоба ықшам әрі нақты нәтижеге бағытталған дейді.

Айтпақшы, 13 қазанда Ұлттық жоба бекітілді. Бір апта өтер-өтпестен Бас реформатор Рахым Ошақбаевқа сұхбат береді. Экономист, фейсбук белсендісі Ошақбаев біраздан бері үкімет әзірлеген бағдарламаларды қоғамға «түсіндіру» функциясын қолға алған. Сұхбат барысында ол бұған дейінгі мембағдарламалардың мултипликациялық әсеріне де баса тоқталды. Ал жоба бекімей тұрғанда, оған қатысы бар тағы бір маңызды спикер Ошақбаевпен әңгіме-дүкен құрған. Ол Арман Евниев.

Үкімет жанынан Ұлттық жобаның іске асуына мониторинг жасайтын арнайы кеңсе (офис) құрылды. Евниев оның жетекшісі. Кеңседе қазір 42 адам жұмыс істейді. Келімбетовке қарағанда сұхбат барысында Евниев біраз батыл мәлімдемелар жасады.

«Бұған дейін бірде бір мемлекеттік бағдарлама өз мақсатына жеткен жоқ немесе міндеті мен индикаторлары қайта қаралған», - дейді ол.

Қысқасы Евниев те, Келімбетов те Ұлттық жобаның жетістігіне project management кепілдік  береді деп отыр.

Ал Ошақбаев қара күзден бері Ұлттық жоба жайлы 10 шақты сұхбат жазып тастаған. Бәрі орыс тілінде. Соған қарағанда Ұлттық жобаны қазақша түсіндіру үкіметке керек емес немесе қаржы қаралмаған секілді.

KPI ОРЫНДАМАҒАНДАР ҚЫЗМЕТТЕН ҚУЫЛАДЫ

Евниевтің айтуынша меморгандар жобаны басқаруға үйренбеген. Жоғарыдан әр сала бойынша ананы-мынаны орындайсың деген нақты тапсырма түседі. Ол жобаның бір бөлігі ғана. Яғни мәселеге тұтас баға бере алмайды.

«Басты тәуекел ол – қарсылық.  30 жыл ішінде бірде бір саяси лауазымдағы тұлға мембағдарлама мақсатын орындамағаны үшін қызметтен босатылған жоқ. Қарап көрдім, ондай жағдай кездестірмедім. Енді бұл жүйе пайда болады. Әкім орынбасары әлде вице-министр Ұлттық жоба бойынша KPI-ды орындамағаны үшін қызметтен босатылғанын алдағы жарты жылда, бір жылда еститін боламыз. Бұрынғыдай хаттарды жауып отыруға келмейді, тұрып жұмыс істейді», - деп түсіндірді ол 9-қарашада берген сұхбатында.

Ол Ұлттық жобаға жоғарыдан төменге дейін кімдер жауапты екенін де айта кетті.

Негізі әр жобаның орындалуына саланың бірінші басшысы жауапты. Министр мен вице-премьерлер бекітілген. Цифрландыру бойынша жобаны премьер-министр өзі тікелей қадағаламақ. Бір атап өтетіні енді премьер-министр ай сайын қоғам өкілдері және сарапшылармен бірлесіп Ұлттық жоба нәтижелерін талқылап тұруға келіскен.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА БЮДЖЕТІ

10 Ұлттық жобаны іске асыруға 5 жылда 49 трлн теңге қарастырылған. 16 трлн теңге бюджеттен, оның ішінде: 13,3 трлн теңге РБ (республикалық бюджет), 3 трлн теңге ЖБ(жергілікті бюджет), ал 33 трлн теңге жеке инвестициядан келеді деп отыр. Премьер-министр жетекшілік ететін инвестициялық штаб Қазақстанға жылда тартылатын  қаражат көлемін ескеріп, осы сомаға тоқталған көрінеді. Ал 16 трлн теңге үш жылдық бюджетке енгізіліп қойған. Өткен аптада Сенат құжатқа 100-ден астам өзгеріс енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА РЕСЕЙДЕ ДЕ БАР

Бір қызығы, Келімбетовтің командасы 1 жылдан аса әзірлеген ұлттық жобаны Ресей 2 жыл бұрын қолға алыпты. Ресейде бүгінде 13 ұлттық жоба бар. Олар федерация үкіметінің сайтында тізіліп тұр.

Көрші ел ұлттық жобаны үш жыл бұрын бекітіп, 2019 жылдан іске асыра бастаған. Ашық дереккөздерде ол туралы былай делінген:

«Ұлттық жобалар (2019-2024) — Ресейде 2018 жылы қабылданған және үш бағытта әзірленген жаңа федералды Ұлттық жоба: «Адами капитал», «Өмір сүру үшін қолайлы орта» және «Экономикалық өсу». 2018 жылдың мамырында Ресей президенті В. Путин Ресейдің ұлттық жобаларын белгілейтін және бекітетін «Ресей Федерациясын дамытудың ұлттық мақсаттары мен 2024 жылға дейінгі стратегиялық міндеттері туралы» Жарлыққа қол қойды».

Қазақстан  Ұлттық жобаны биыл 13 қазанда бекітті.   

PROJECT MANAGMENT & COPY PASTE

Мұның анық-қанығын экономистрден сұрап көргенбіз. Профессор, экономист Талғат Демесіновтен ең алдымен жобалық басқарудың өзі нені білдіретінін анықтап көрдік. Оның айтуынша, жобалық басқару деген – мемлекеттік органдардың қатысуынсыз, квазимемлекеттік мекемелердің (ҚМГ, Самұрық-қазына секілді), ұлттық компаниялардың, жекеменшік акционерлік қоғамдардың қатысуымен жүзеге асырылады. Яғни мемлекеттік органдар, министрліктер, ведомстволар, облыс әкімдіктер қатыспайды.

«Әйтсе де бұл жобалар айналып келіп, мемлекеттің үйлестіруімен жүзеге асады. Ал жобаларды басқаруды – бәсекелік ортаға шығармақшы. Әртүрлі компаниялар жобалық қатысудағы тәжірибесін пайдаланбақ. Бізде жобалық басқару дегенді көп түсіндіре бермейді. Көбінесе жобалық басқаруды – жобаларды басқару деп ұғады. Жалпы бұл – жүйелі басқару дегенді білдіреді, яғни бір жобаны жүзеге асырған кезде жүйелі көзқараспен қарауды көздейді. Сол жобаны жүзеге асыру кезінде алынған нәтижелердің экономиканың басқа салаларына әсерін, мултипликациялық ықпалын есептейді. Жобаны басқару дегенді жобалық басқарумен шатастыруға болмайды», - дейді ол.

Талғат Демесінов әлемдегі ірі корпорациялар кез келген жобаны жүзеге асыру үшін жобалық команда құратынын айтады. Мәселен, Қазақстанда бұрынғы совет одағынан қалған дәстүрлі, классикалық, иерархиялық басқару жүйесі қолданылады. АҚ болса ең жоғарғы органның отырысында, акционерлердің жалпы жиналысында шешім қабылданады. Яғни иерархия бар.

«Кез келген университетті немесе банкті алып қарасаңыз да солай: директоры, орынбасары, бөлім басшысы деп төмендеп кете береді. Ал әлемдегі ірі корпорацияларда дәстүрлі құрылымдық, иерархиялық басқару жүйесі жоқ. Матрицалық басқару жүйесі қолданылады. Ол деген – екіиықты басқару жүйесі. Microsoft, Apple компанияларында 20-30 жылдан бері бар. Мысалы сіз компанияда жұмыс істесеңіз, сізді жобалық командаға кіргізеді. Егер сізге ІТ саласының маманы немесе мықты инженер, конструктор болсаңыз, сіз екі жаққа бағынышты боласыз: біріншіден, өзіңіз тіркеліп тұрған бөліміңізге бағынасыз, екіншіден жобалық командаға кіресіз. Сіздің негізгі еңбекақыңыз – негізгі жұмыс істейтін бөлімнен беріледі де, екінші жақтан жұмысыңыздың нәтижесіне байланысты қосымша бонустар мен сыйақылар беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтып отырған мәселелердің бәрі – жобаларды жүзеге асыру барысында бұрынғы иерархиялық ескі әдісті емес, матрицалық басқаруды енгізу», - дейді ол.

Ал Қазақстанның ұлттық жобалары көрші Ресейдің тәжірибесінің көшірмесі емес пе деген сұрағымызға экономист былайша жауап берді.

«Тоқаев президент болып келгеннен кейін тұңғыш президенттің жобаларын қайталамас үшін және халық, сарапшылар тарапынан жеке көзқарасы жоқ деген сөзге болмас үшін осы жобаларды ұсынып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде білім алған, Мәскеу мемлекеттік институтында оқыған. Ресеймен өте тығыз байланыстағы адам. Президенттің өзі ұлттық жобаларды жасамайды ғой: қол астында көмекшілері, кеңесшілері бар. Бірақ бәрібір бағытты сол Ресейге ұқсатып алған сияқты. Осының алдында да өз басым Ресейден көшіріп алған ғой деймін деп ойлап жүретінмін. Путин екінші рет президент болып сайланғаннан кейін олар сол кезде ұлттық жобаларды қабылдаған. Содан көшіріп алуға тырысқан секілді. Біздің үкімет Ресейде не жасалса, соны қайталауға тырысады. Заңдарымыз да, жобаларымыз да, шешімдеріміз де ұқсас. Біздің биліктің басында Ресейдің метрополиясынан шықпаған адам әлі көп».

«ҚАНДАЙ ПАРТИЯ АШСАҢ ДА АҚЫРЫ ОЛ КПСС БОЛЫП ШЫҒАДЫ»

Ал экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, бұрынғы мемлекеттік бағдарламалардан бүгінгі ұлттық жобалардың еш айырмашылығы жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас» дейді ол.

«Кеңес заманынан қалған мынадай бір анегдот бар: бірде ұжымдағы жігіттер ішіп отырыпты. Бәрі металдан пружиналы төсек шығаратын кәсіпорында істейді екен. Сол отырыста жұмысшылардың бірі тұрып «Жігіттер, түк түсінсем бұйырмасын, темір төсекті жұмыста шашам да, үйге әкеліп қайта құрасам, ылғи төсек емес – пулемет құрастырып шығам» деген екен. Сол сияқты кезінде Черномырдиннің «Қандай партия ашсаң да ақыры ол КПСС болып шығады» деген сөзі бар. Неге осылар есіме түсіп отыр? Мемлекеттік бағдарлама болсын, оны ұлттық жоба қылсаң да ештеңе өзгермейді», - дейді Жарас Ахметов.

Экономист ұлттық жобаларды шолып шыққанын айтады.

«Вице-министрлер өз саласы бойынша жауапты болатыны айтылып жүр. Бұл тұрғыдан қарасақ, мембағдарлама немесе ұлтжоба болсын – басқару жүйесі ешқандай өзгермейді. Бұл бір. Екіншіден, ұлттық жобалардың міндетін бірнеше санатқа бөліпіті: біріншісі – министрліктер мен ведомстволардың күнделікті шаруалары. Ол пайдалы десек те, ұлттық жобалар бар болсын, жоқ болсын – олар күнделікті шаруасын бәрібір атқарады. Мәселен, цифрлық мемлекеттік жұмыс пайдалы әрі бәрібір атқарылатын іс. Цифрлық даму министрлігі сол үшін керек. Яғни жұмыстың бұл бөлігін ұлттық жобаларға телудің еш қажеті жоқ. Одан бөлек, мысалы «Рухани жаңғыру» жобасы бойынша қазақ тіліне оқулықтар аударылғалы жатыр. Бұл дұрыс, бірақ аударманың сапасы, оқулықтарды таңдау, баспаны дамыту – үлкен жұмыс. Алайда оны құрайтын маңызды компоненттері туралы ешқандай сөз жоқ. Бұл тұрғыда тағы да тендер таратып, аударма сапасы ақсап, оқулықтар мен әдебиеттер саны шектеліп қала ма деп қорқам. Қазақ тілге әлемдік оқулықтарды аудару ауадай қажет шаруа. Маңызды мәселе. Бірақ осы кешенді міндет ақыры бұрынғы жобалардың кебін киіп кете ме деген қауіп бар. Сол себепті ұлттық жобаларды скептикалық көзқараспен қараймын», - дейді ол.

COPY PASTE БАР ДЕП ОЙЛАЙМЫН

Тағы бірі экономист Мақсат Халық «ұлттық жоба керек» екеніне сенімді. Алайда ұлттық жобалар кезінде қабылданған стратегиялық бағдарламалардан айырмашылығы болмай қалмай ма деген қауіп жоқ емес екенін де мәлім етті.

«Иә, бізде әлемдік тенденциялар ескеріледі. Соның негізінде құжаттар дайындалады. Бірақ менің ойымша, Қазақстанның ішкі жағдайындағы көп мәселе өз деңгейінде сипатталып үлгермейтін сияқты. Мен оны біздегі статистикалардың шындыққа жанаспайтындығымен байланыстырамын. Өйткені бізде шынайы жағдайды білмей тұрып, оны шешу мен дамыту жөнінде нақты стратегиялық құжаттар қабылданып кетеді. Мұның ақыры нәтижеге әкелмейді деп есептеймін. Сондықтан бұған дейінгі стратегиялардың көбінесе сөз жүзінде қалып қалуының негізгі себебі – реалды жағдайы, мүмкіндігіміз бар ма, жоқ па деген толығымен зерттелмегенінде деп ойлаймын», - деді ол.

Мақсат Халықтың айтуынша, дұрыс құрылмаған статистика, зерттелмеген жағдай ақыры сол бағытта жұмсалған қаражатты далаға кетіп жатқандай әсер қалдырады.

«Екіншіден, бізде қабылданып жатқан стратегиялардың мәні жоқ дегенге қарсымын. Нақты макроэкономикалық индикаторлар қойылып, нақты міндеттер жазылады. Алайда нақты жауап беретін адам жоқ. Меніңше, әрбір ұлттық жобаның әрбірінің артында – бір жауапты адам тұруы керек. Егер ол жүзеге аспаса, ол адам көпшіліктің алдында жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ал біздегі қаншама қабылданған стратегиялардың орындалмай, қаражаттың өзін-өзі ақтай алмай жатуының себебі – тиісті жауапты адамдардың жауапкершілікке тартылмауы деп білем. Барлық салада сол!» - дейді Мақсат Халық.

Экономист біздегі көптеген құжат – әлемдегі көп елден көшірілетінін мәлім етті. Айтуынша, мәселен, Индустрияландыру бағдарламасының өзі Сингапурдың үлгісімен жасалған.

«Сopy paste бар деп ойлаймын. Көп жағдайда. Екінші мәселе: біздің елдегі ішкі жағдай, ішкі мүмкіндіктеріміз толық сипатталмайтын секілді. Көрсеткіштерімізге сәйкестендірілмесе де, көбінесе шетелдік тәжірибе деп соған сүйеніп, соны алып келуге асығатын секілдіміз. Осының салдарынан не мамандар немесе технологиялар жетіспей, мүмкіндіктеріміз шектеліп қалады. Ал құйылған ақша сәтсіз жобалармен аяқталады», - деп түйді экономист.

Серіктес жаңалықтары