Елбасы өзінің ресми сайтында «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын жариялады деп хабарлайды Ulysmedia.
«Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған», – деп жазады онда қазіргі Қазақстанның бірінші президенті.
Жастарға еңбек етіп, еліне қызмет етуді кеңес еткен Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы құрамында болған 70 жыл Қазақстанның пайдасына шешілмегенін айтты.
«Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын», – деп тебіренді Елбасы.
Мақаласының соңында, ол, осыдан екі жарым жыл бұрын елімізде президенттік билік ауысқанда көптеген шәкірттерінің ішінде таңдау Қасым-Жомарт Тоқаевқа түскенін жеткізді.