Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи премьер-министр Олжас Бектеновке отандық кәсіпкерлерді Еуразиялық экономикалық одақтың озбыр талаптарынан қорғауға шақырды. Үкімет басшысының тісі батпаса, депутаттар көмектесуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖЫМ-ЖЫРТ ТЫНЫШТЫҚ
Ермұрат Бапидің айтуынша, отандық тауар өндірушілер нарық дағдарысына тап болған. Оған сайлаушылармен өткен кездесуде депутат тағы көз жеткізген. Өндірілген тауарды өткізу проблемасына душар болған отандық компаниялар өндіріс көлемі мен жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болған.
Былтыр күзде үкіметте үлкен отырыс өткізіп, елдік мүддеге қызмет қылатын кәсіпкерлерді қолдау жөнінде арнайы қаулы қабылдағаныңыз есімізде, премьер-министр мырза! Бірақ отандық бизнесті қолдау жөніндегі іс-қимылдың елдік науқанын, мемлекеттік бас медиадағы жылт өткен жарнамасын көрмедік. Жым-жырт. Бюджет тапшылығы тартып отырған елде отандық тауар өндіруші бизнеске салықтық жеңілдік жасау керек деп, ретсіз талап қоя алмассыз. Бірақ бұл арада экономикаға несие беруші қаржы институттары, кредитормен арада жасалған несиелік келісімшартта өндірісті жабдықтаушы өнімнің кемі 50 пайызы отандық тауар өндірушілерден сатылып алынуы керек деген талап қою – қолдау болар еді. Жоқ, тағы да жым-жырт тыныштық! Бірақ отандық бизнес жым-жырт тыныштықта емес. Олардың жаны шиқылдап, үкіметтің қауқарлы қаулысын күтіп, өлмес күннің босағасында отыр, – дейді Ермұрат Бапи.
ҚҰРЫЛЫС КОММПАНИЯЛАРЫНЫҢ ДА ШЕКЕСІ ҚЫЗЫП ТҰРҒАН ЖОҚ
Депутаттың айтуынша, Ресей мен Беларусьтың арзан әрі адам ағзасына зиян консерваттар нығыздалған өнімі отандық нарықты жаулап алуы салдарынан, әсіресе, Алматы, Қарағанды, Шымкент сияқты ірі мегаполистердің маңайындағы ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындар қатты зардап шеккен. Осыдан 4-5 жыл бұрын ғана “Даму” қорының несиесінің көмегімен салынған Алматыдағы бір ет өнімдері зауытының басшылығы өз жұмысшыларын қысқартудан басқа амал таппай отырғанын айтқан. Себеп біреу-ақ – отандық саудда орындарын жаулап алған Ресей мен Беларусь тауарларының экспансиясы.
Отандық нарықты ресейлік импорттың басып алуынан өнім өндіру проблемасына тап болған ірі комбинат 50 пайызға жетер-жетпес өндірістік қуатпен жұмыс істейді. Компания бұған дейін жұмыс істеген жарты мыңнан астам адамның 20 пайызға жуығын қысқартуға мәжбүр болған. Кезінде ол зауыттың лентасын кезінде басқа премьер-министр қиған. Аз уақытта “Алтын сапа” ұлттық белгісімен марапатталған, Алматының басшылығы екі президентке төрт рет мақтанышпен көрсеткен отандық ет комбинаты тауар өткізу тауқіметін тартып отыр, – дейді Бапи.
Мұндай күйге түскен компаниялар Петропавл, Орал, Өскемен, Қостанай, тағы басқа шекаралық аймақтағы қалалардың ірі-ұсақ базарларын ресейлік азық-түлік өнімдері толық жаулап алған. Құрылыс компанияларын шығаратын отандық зауыттар да ресейлік және қытайлық тауарлардың басқыншылығына байланысты өнім өткізу және тапсырыс алуда қиындықтарды бастан өткерген. Ешқандай баж, салықпен шектелмеген шетелдік зауыттар отандық тауар өндірушілерді тұншықтырып жатыр.
“БІЗ ҚОЛДАУҒА ДАЙЫНБЫЗ”
Олардың қызмет-қарымын шідерлеп тастаған ең бірінші кесапат – Еуразиялық экономикалық одақтың бізге өрескел қолайсыз шарттары.
Бірақ оны сыртқы саясаттың салқыны салдарынан үкімет дауыстап айта алмайды. Ендеше, біз, депутаттар айтайық! ЕАЭО келісіміне толықтай болмаса да, жекелеген позицияларына ревизия жасайтын уақыт келді. Бұдан ары кешіктіру – отандық тауар өндіру бизнеске өліммен тең! Бұл жөнінде үкімет елдің саяси басшылығы алдына нақты ұсыныстармен шығып, ЕАЭО-ның басқа қатысушылары тарапынан жасалып жатқан интервенциядан ұлттық бизнесті қорғаудың құралдары жасалуы қажет, – дейді ол.
Ермұрат Бапи “одақтық келісімнің Қазақстан үшін озбыр талаптарын қайта қарау мақсатында үкімет қандай ұсыныстарды жасайтынын” сұрады. Ермұрат Бапи депутаттар тарапынан қолдау болатынын мәлімдеді.
БАЖ САЛЫҒЫ
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ баж салығынан түсетін пайданы 6,99 пайыздан 8,5 пайызға дейін көтергісі келетінін айтты. Алайда "көтеріледі" деп нақты айту ерте екенін де атап өткен.