Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевті қабылдады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің биылғы атқарған жұмыстарының негізгі қорытындылары мен даму перспективалары, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауы аясында берілген тапсырмалардың іске асырылу барысы туралы есеп берілді.
Серікқали Брекешев Мемлекет басшысына еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар мен су саласын дамыту жоспары туралы баяндады. 2025 жылға дейінгі «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында еліміздің 6 облысында жалпы көлемі 1,7 миллиард текше метр болатын 9 су қоймасы салынады. Сондай-ақ Су шаруашылығы комитетінің, аумақтық бассейндік инспекциялардың қызметін күшейту көзделеді.
Кездесу барысында геология саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министрдің айтуынша, жер қойнауына жүргізілетін мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жандандырылып жатыр. Шамамен 684 мың шаршы шақырым жер қойнауын зерттеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ұлттық геологиялық қызмет құрылады.
Президентке ауқымды көгалдандыру жұмыстары жөніндегі тапсырманың орындалу барысы туралы есеп берілді. Серікқали Брекешев биыл 62 мың гектар жерге 130 миллион көшет егілгенін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.