×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Президенттің кадр резервіне экс-шенеуніктердің балалары да өтті

29.12.2021, 08:56
Президенттің кадр резервіне экс-шенеуніктердің балалары да өтті
Фото: Ulysmedia.kz

Жоғары лауазымды экс-шенеуніктердің ұлдары 2021 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің тізіміне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

27 желтоқсанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайтында 2021 жылғы Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған үміткерлердің аты-жөні жарияланды. Тізімде 50 адам бар.

Ал ведомство басшысы Анар Жайылғанова баспасөз мәслихатында кандидаттар тізімінде жоғары лауазымды тұлғалармен туыстық байланысы бар тұлғалардың жоқтығын айтқан.

«Біз шынымен мүмкіндігі жоқтар үшін әлеуметтік лифт жасағымыз келеді », – деді ол.

Дегенмен, Ulysmedia.kz тілшісі резервке өткендер тізімнен Қазақстанға өте таныс есімдерді тапты.

ТАИР ЕРМЕКБАЕВ – Нұр-Сұлтандағы капсула қонақ үйлер желісінің тең құрылтайшысы. Ол бұрынғы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың ұлы. Әкесі биыл тамыз айының соңында Жамбылдағы оқ-дәрілердің жарылысынан кейін қызметінен кеткен. Қазір үлкен Ермекбаев спортпен айналысады, Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының төрағасы болып сайланды.

АЙВАР ЗЕЙНУЛЛИН – елордадағы Сарыарқа ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары. Әкесі Зейнуллин Талғат «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

ЖАНДОС ИМАНАЛИЕВ – Сыртқы істер министрлігі Еуразиялық интеграция департаменті директорының орынбасары. Ол Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің бұрынғы төрағасы Бақытбек Иманалиевтің ұлы. Иманалиев басқа айыпталушылармен бірге 6,5 миллиард теңгеге сеніп тапсырылған мүлікті жымқырғаны үшін сотталды. Ол биыл ақпан айында 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

АРТУР САРТОВ – Қостанай облысы аудан әкімдігіндегі ветеринария бөлімінің басшысы. Әкесі Марат Сартов қазір облыстық мәслихат аппаратын басқарады, бұған дейін сол облыстың ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған.

Ал 2019 жылы президенттік резерв тізіміндегі белгілі мемлекеттік қызметкерлердің балаларын akzh.kz журналистері анықтаған болатын.

Мәселен, Болат Досмұхамбетов – Атырау облысының қазіргі әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің ұлы, Ержан Елекеев – мәжілістің бұрынғы депутаты Ирак Елекеевтің ұлы, ал Жанболат Кәкішев – Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Жандарбек Кәкішевтің ұлы.

Дегенмен, үміткерідің отбасында жоғары лауазымды тұлғалардың немесе бұрынғы шенеуніктердің болуы конкурс талаптарын бұзу болып саналмайды. Әйтсе де Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрайымы Анар Жайылғанова 2021 жылғы іріктеуде мұндай прецеденттердің болмайтынын баса айтқан еді.

«Шын мәнінде, біз оны міндетті түрде тексереміз. Керісінше, мүмкіндігі жоқ балаларға әлеуметтік лифт жасағымыз келеді. Бізде президенттік кадрлық резервке түскен жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары жоқ, – деді брифингте Анар Жайылғанова.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне былтыр тамыз айында президенттің тағы бір кадрлық резервін құруды тапсырған болатын.

Бастапқыда Президенттік жастар кадр резерві 8 мыңнан астам қазақстандықтан өтініш қабылдады. Конкурс 2021 жылдың қыркүйегінде құжаттарды қабылдау басталып, 5 кезең бойы іріктеу өткен еді. Нәтижесінде резервке небәрі 50 үміткер өтті.

АНЫҚТАМА

Резервке өткендер Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен үш жыл ішінде «А» корпусының саяси лауазымдарына, «Б» корпусының жетекші лауазымдарына және «Б» корпусының «А» тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттар бойынша конкурс арқылы қызметке орналаса алады.

Президенттік резервтегі өкілеттік мерзімі – 3 жыл.

Автор: Асем Гумарова