×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы болып сайланды

01.02.2022, 10:08
Фото: ашық дереккөзден

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Парламент Мәжілісінің  Төрағасы қызметіне Ерлан  Жақанұлы  Қошановты бірауыздан сайлады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Ерлан  Қошановтың кандидатурасын Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ұсынды.

- Ерлан Жақанұлы еңбек жолын қарапайым темір шеберінен бастаған, еңбек адамының мүддесін  біледі.Заң шығару саласында  кешенді тәжірибесі бар, Парламент Сенатының депутаты болған, Өкіметтің Парламенттегі Өкілі қызметін атқарған. Аймақтардағы халықтың, азаматтардың әлеуметтік мұң-мұқтажын жақсы біледі. Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде еңбек еткен, Қарағанды облысының әкімі қызметін істеген, - деді ол.

Отырыс барысында Ерлан Қошанов Қазақстан Республикасы Конституциясы 58-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген Мәжіліс депутаттарының арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланды.

Депутаттар алдында сөз сөйлеген Мәжіліс  Төрағасы Ерлан Қошанов өз кандидатурасын қолдап, сенім көрсеткен депутаттарға ризашылығын білдірді.

- Өмір жолымның бірқатар уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында, осы абыройлы жұмысты бірге жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету бұл, әрине, ерекше мәртебе. Бұл Қазақстан халқы мен Мемлекет басшысының алдындағы зор үлкен жауапкершілік. Бәрімізге белгілі, ел тарихының даму кезеңінің ең жауапты кезінде тұрмыз. Осы уақытта Президентіміз жан-жақты және түбегейлі реформалар ұсынатынын атап өтті. Бұл реформаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету барлығымыздың, әсіресе, Мәжіліс депутаттарының ортақ міндеті. Ел мүддесі үшін адал еңбек етейік. Мәжілістің жұмысын жаңа деңгейге көтерейік,  - деді  Ерлан Қошанов.

Еске салайық, бүгін Нұрлан Нығматулинның өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сондай ақ, Қошанов депутат болып тіркелді.

Ерлан Қошанов 1962 жылы Қарағанды облысында туған. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірді. 1999 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірді.

Институт бітірген соң Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесары, шебері болып істеді.

1988-1990 жж. – жұмыскер және ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық жастар проблемаларының әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі.

1990-1995 жж. – Жезқазған облыстық комитетінің сыртқы экономикалық байланыс комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төрағасының орынбасары, төрағасы.

1995-1999 жж. – Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты.

1999-2001 жж. – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.

2001-2003 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.

2003-2006 жж. – Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі.

2006-2007 жж. – Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы.

2007-2012 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.

2012-2017 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы.

2017-2019 жж. – Қарағанды облысының әкімі.

2019 жылғы 18 қыркүйек күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.

«Парасат» (2013), «Құрмет» (2007) ордендерімен және мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

Қазақ, орыс, неміс тілдерін меңгерген.

Серіктес жаңалықтары