×
484.11
528.79
5.03
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
484.11
528.79
5.03

Кедейлікпен күрес: Үкімет қазақтардың табысын қалай арттырмақ

03.02.2022, 12:37
Кедейлікпен күрес: Үкімет қазақтардың табысын қалай арттырмақ
Коллаж: ulysmedia.kz

Қаңтардағы қанды оқиғалардан кейін Қазақстан президенті бірқатар мәлімдеме жасады. Соның ішінде, үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі қазір жаңа жоба жазып жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

БЕС БАҒЫТТЫ ҚАМТИДЫ

Министрлік ресми сауалға қысқаша жауап берді. Іс жоспары әлі толық әзірленбеген және президент мақұлдамаған. Халықтың табысын арттыру бағдарламасының жобасы алдағы наурыз айында Президент Әкімшілігіне ұсынылады деп болжанады. Құжат бес негізгі бағытты қамтиды:

- технологиялық даму арқылы еңбек өнімділігін арттыру (іс жүзінде бұл өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және кәсіпкерлікті дамытуды қайта жүктеу жөніндегі шаралар);

- халықтың демографиялық бейінін талдау, халықтың еңбек нарығына қатысуы, сондай-ақ жұмыссыздық проблемаларын шешу және жұмыс күшінің дағдыларын арттыру негізінде еңбек ресурстарын дамыту (білім беру, денсаулық сақтау және еңбек жүйесін жетілдіру жолымен);

- ішкі және сыртқы инвестицияларды ынталандыру;

- жекешелендіру, артық делдалдық тізбектерді жою және ірі бизнестің ШОБ дамуына жәрдемдесу арқылы бәсекелестікті дамыту;

- бизнестің салық төлеуде адалдығын енгізу арқылы кірістерді әділ бөлу.

- Халықтың табысын арттыру, ең алдымен, экономика салаларының өнімділігін арттыру, макроэкономикалық және қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту бағыттарында жүйелі және кешенді тәсілді талап етеді. Бұл ретте нарықтық экономика жағдайында халықтың өмірін жақсарту үшін және кірістер өсу үшін кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән беріледі, - деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

ТӨЛЕМ ҚАБІЛЕТІН ЖАЛАҚЫНЫ ӨСІРУ АРҚЫЛЫ АРТТЫРМАҚ

Әлемдегі ең ірі деректер базасының порталы - Numbeo.com өмір сапасының индексі бойынша елдердің рейтингін жариялайды.

Рейтингті қалыптастыра отырып, мамандар халықтың төлем қабілетін, қауіпсіздік көрсеткіштерін, өмір сүруге кететін шығындарын, қоршаған ортаның ластану деңгейін, медицинаны зерттейді. Жетекші елдерде өмір сапасының индексі 192-ден 177-ге дейін. Бізде бұл балл 93,79-ға тең. Халықаралық бағалауға сәйкес, Қазақстанда сатып алу қабілеті өте төмен (барлығы 32.32 балл) және экологиясы нашар (қоршаған ортаның ластану индексі 73 баллдан асады). Жақсы жағынан: жол кептелістерінің аз  болуы және өмір сүру арзан екені атап өтуге болады.

Қазақстанда сатып алу қабілеті жаппай тұтынатын қымбат емес тауарларды өндіру есебінен емес, еңбекақыны өсіру есебінен арттырылмақ . Осылайша, ҰЭМ мәліметінше, 1 қаңтардан бастап 670 мың қызметкердің жалақысы өсті, білім беру саласында өсім 19 пайызды, денсаулық сақтау саласында – 20 -дан 30 пайызға дейін, әлеуметтік салада - 45 пайызға дейін өсім болды.

     - 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген санаттағы тағы 591 мың азаматтық қызметшінің (мәдениет, мұрағат ісі ұйымдарының қызметкерлері, оның ішінде техникалық персонал және т.б.)  жалақысы артады. Сондай-ақ, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылды, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

БІЗГЕ ДЕ «СЕНЬОРЛАР» КЕРЕК

Ұлттық экономика министрлігінің жаңа жобасы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталатын секілді.

     - Қазіргі уақытта ҰЭМ мемлекеттік органдармен, "Атамекен" ҰКП - мен, жергілікті билік органдарымен бірлесіп, халық табысының өсуін тежейтін проблемалар мен кедергілерді анықтау, сондай-ақ оларды шешу жолдарын айқындау бойынша жұмыс жүргізуде, - деп дайындық процесінің егжей-тегжейімен бөлісті ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Әсет Наурызбаев

Бұл ұсыныстар туралы сарапшылардың пікірін сұрастырдық. Экономист Әсет Наурызбаев идеяны қолдайды.

     - Қолданыстағы бизнес - ұйымдарды тарту мемлекетке заңнамадағы олқылықтарды анықтауға көмектеседі. Бұл жас кәсіпкерлердің жолын жеңілдетуге көмектеседі. Бізде кәсіпкерлікке кеңінен оқыту қажет. Патронализм институтын енгізу керек, Батыста оларды "сеньорлар" дейді. Бұл жас кәсіпкерлерге тәлімгер бола алатын табысты адамдар.

Сарапшы бизнес пен еркіндікті насихаттау орта тапты ұлғайтуға көмектесетініне сенімді. Себебі әлемнің дамыған елдерінің экономикасы нақ осы орта және шағын бизнесте қалап отыр.

     - Салықтық әкімшілендіру сияқты реттеушілік бөлігі де оңайлатылуға тиіс. Бізге түсінікті салық жүйесі қажет. Салық салуды ретке келтіргеннен кейін сіз жеңілдіктер туралы ойлана аласыз. Бірақ алдымен ақша ресурстарына қолжетімділікті оңайлатып, кәсіпкерлік қызметті реттеуді жеңілдету керек, - деп сенеді Әсет Наурызбаев.

ҚАБІЛЕТСІЗ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ДҰРЫС ЕМЕС

Экономист Айдархан Құсайынов бұл тұжырыммен үзілді-кесілді келіспейді. Ол кәсіпкерлік бастама жаңа мемлекеттік бағдарламаларды құру есебінен емес, адамдардың өздерінен бастау керек деп санайды.

     - Халықтың әл-ауқатының өсуі үшін экономикалық саясат жүйелі түрде өзгеруге тиіс. Президенттен адамдарға қолдау болатын мәлімдемелер күтті, бірақ терең реформаларсыз ұлттың әл-ауқатын арттыру мүмкін емес. Бұл бір-бірімен байланысты заттар. Экономикалық саясатты жүйелі түрде трансформациялау қажет, - дейді экономист.

Құсайынов Үкімет пен Ұлттық банк екі негізгі проблеманы: голланд ауруын және отандық бизнестің бәсекеге қабілетсіздігін шешкен кезде халықтың сатып алу қабілеті өсетініне, ал адамдардың табысы артатынына сенімді.

Фото: Айдархан Құсайынов

Экономистің пікірінше, егер көптеген кәсіпорындар арзан несиеден айырылса, олар жабылып қалады. Оның ойынша, мемлекеттік бағдарламалар әу бастан әлсіз кәсіпорындарды қолдап келеді. Олар қалыпты жағдайда бәсекелестікке төтеп бере алмайды.

     - Бизнес пен кәсіпкерлерге көмектесеміз, ал олар халыққа көмектесетіні туралы аңызды ұмытқан жөн. Бұл еш жерде жұмыс істемейді. Ел экономикасының проблемасы ірі, орта және шағын бизнеске қатысты дотация болып отыр, - деп атап өтті сұхбаттасушы.

ТЕҢГЕНІ ЕРКІНЕ ЖІБЕРУ КЕРЕК

Қазіргі  ғылымда шикізат экспорты есебінен ақша ағыны "голланд ауруы" деп аталады. Тұрақты долларлық кірістер ұлттық валютаны нығайтады, бірақ жергілікті тауарлар қымбаттайды. Нәтижесінде халық импортқа артықшылық бере бастайды. Бұл инфляцияға және жергілікті кәсіпорындардың банкроттығы жұмыссыздық пен ЖІӨ-нің төмендеуіне әкеледі.

     – "Голланд ауруын" емдеудің алғашқы қадамы - бұл біздің экономикамызға сай келетін теңге бағамы. Қазіргі уақытта ұлттық валюта бағамы күштірек болып тұр, біздің экономикалық болмысымыз үшін әлсіз теңге қажет. Бұл жергілікті кәсіпорындарға ресейлік және қытайлық тауарлармен бәсекелесуге көмектеседі, - дейді Айдархан Құсайынов.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ

Әлемдік тәжірибеге сәйкес, кәсіпкерлікті дамыту үшін ең алдымен заңның үстемдігін қамтамасыз ету, қажетті өнеркәсіптік, көліктік және қаржылық инфрақұрылымды дамыту, қолайлы салық жүйесін құру және т.б. қажет. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі әлемдік практиканың жекелеген нақты мысалдарынан мыналарды келтіруге болады.

АҚШ-та шағын және орта бизнес компанияларының капитал мен қаржыландыруға қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жеке сектордың қатысуымен бірлескен Startup America Initiative кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы іске асырылады. Стандартты қолдау шараларынан басқа (тренингтер, коучинг, ақпаратқа қол жеткізу) инвестицияларды екі еселеу жүйесі жұмыс істейді – мемлекет ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер жеке сектордан тарта алатын кез келген қаражатты екі еселейді.

Кореяда стартаптарға салықтық қолдау қолданылады. Кәсіпорындар корпоративті салық сомасынан 50% немесе ірі қалалардан тыс жерде стартаптар ашылған жағдайда 100% салықтық жеңілдік алады.

Канадада жас кәсіпкерлерді қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылады. Ол 60 мың долларға дейінгі мөлшерде кепілсіз кредит алуға, сондай-ақ стартап жобаларды дамыту үшін 2 жыл сараптамалық бизнес-тәлімгерлікке мүмкіндік береді.

Кейбір елдер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресмилендіру бойынша шаралар қабылдауда.

Швецияда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін тұтынушылар үшін субсидиялар бар. 2008 жылдан бастап осы елдің азаматтары үй жөндеу (ROT) және үй жұмыстары (RUT) бойынша рәсімделген өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан сатып алатын қызметтер мен жұмыстар құнының 50% мөлшерінде субсидия ала алады, оған тазалау, бақша жұмысы және бала күтімі кіреді.

Ресейде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға салық салудың арнайы режимі қолданылады. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Мәскеу, Калуга облыстарында және Татарстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға салық салудың арнайы режимі пилоттық түрде енгізілді.

     - Жалпы, кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлемдік тәжірибе үнемі талданып отырады және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу кезінде қолданылады. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, 2021 жылы Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жоба қабылданды, - деп еске салды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл жоба кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз етуге, бәсекелестікті  дамытуға ықпал етуге және кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдай жасауға және шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыруға тиіс. Бұл мемлекеттік жобаның көптеген басқа жобалардан артықшылығы мен тиімділігі қандай болатынын көре жатармыз.