Астанада өткен құрылтай съезінде Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Съезд барысында жаңа саяси ұйымның бағдарламасы, басқару құрылымы және саяси кеңес құрамы бекітілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПАРТИЯ ТІЗГІНІН ҚОЛҒА АЛДЫ
Құрылтай съезінде Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Бұрын Президент әкімшілігін басқарған Дәдебайдың партия тізгінін қолға алуы жаңа ұйымның саяси салмағына қатысты талқылауды күшейтті.
Сондай-ақ съезде 30 адамнан тұратын саяси кеңес құрамы таныстырылды. Оның құрамына:
Партия құрылымы бойынша негізгі басқару органдары ретінде съезд, саяси кеңес, бюро және төраға белгіленді.
ПАРТИЯ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАНДАЙ?
Партия бағдарламасы «Әділетті Қазақстан үшін» деп аталады. Құжатта әділдік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс негізгі құндылықтар ретінде көрсетілген.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамбеттің айтуынша, жаңа ұйым өзін «жоғарыдан құрылатын жоба» емес, азаматтардың қатысуына негізделген құрылым ретінде көрсеткісі келеді.
– Біз қоғамдағы әділдікке деген сұраныстың нақты көрініс табуына мүмкіндік беретін механизм құрып жатырмыз. Біздің құндылықтарымыз – әділдік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс, – деді Нұрмұхамбет.
СЪЕЗД ҚАЛАЙ ӨТУДЕ?
Құрылтай съезіне 931 делегат қатысып, партияны құру туралы шешімді бірауыздан қолдады.
Дегенмен съезд аясында БАҚ өкілдерінің жұмысына қатысты жағдай да қоғам назарын аударды. Журналистерге негізгі залға кіруге мүмкіндік берілмей, оларды төбеге жақын орналасқан балконға орналастырған.
Салдарынан тілшілер спикерлерді алыстан түсіруге мәжбүр болды. Кейбір журналистер мұны ақпаратқа тең қолжетімділік қағидатына қайшы деп бағалады.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ КІМ?
Айбек Дәдебай – соңғы 20 жылда Тоқаевтың маңайында жүріп шыңдалған кадр.
2001 жылы еңбек жолын өзі оқыған Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқытушылықтан бастаған.
2008 жылы Сенаттан бір-ақ шыққан. Әуелі Сенат аппаратының парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы болса, кейінірек төраға көмекшісінің міндетін атқарушы болды. Бұл Сенатты дәл Тоқаев басқарған кезең еді.
2011 жылы Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры қызметін атқарған тұста Дәдебай да Женеваға аттанды. Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінде атташе болып қызмет етті.
Екі жылдан кейін Қазақстанға оралып, қайтадан Сенат тізгінін қолға алған Қасым-Жомарт Тоқаев Дәдебайға өз хатшылығын сеніп тапсырды.
2019 жылы Айбек Дәдебай Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды, ал 2021 жылы Президент Істері басқармасына ауысты. Қаңтар оқиғаларынан кейін осы құрылымның басшысы болды.
Бұл лауазымда ол мемлекеттік аппаратты қамтамасыз ету жүйесін қадағалады. Оның құзыретіне резиденциялар, көлік, медициналық қызмет, парламенттік инфрақұрылым және президенттік әуе паркі кірді.
Соңғы екі жылда ол Президент әкімшілігін басқарды.