×
476.89
462.2
8.31
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.89
462.2
8.31

Әбдірасылов, Серғазиева: Мемқызмет этикасы мен ұлттық холдингтегі ұятсыздық

12.05.2022, 13:31
Коллаж: ulysmedia.kz

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің білдей бір орынбасары Айнұр Серғазиеваның іс-әрекеті қоғам тарапынан тағы да түсінбестік туғызды. Бұдан бұрын шенеуніктің жеке басына қатысты туындаған дау оған сабақ болуы тиіс еді. Алайда, мемқызметкер қоғам наразылығын елей қоймағанға ұқсайды. Жақында оның экс-бастығы «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингінің» Басқарма төрағасы Арман Әбдірасыловпен аймаласқан фотосуреті тарады. Ulysmedia.kz мұндай тенденция мемлекеттік қызметкер этикасына қайшы емес пе деп, сарапшыларға сұрау салды.

ҰЛТТЫҚ ХОЛДИНГ ЖЫН-ОЙНАҚТЫҢ ОРДАСЫ МА?

Айнұр Серғазиева Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне келер алдында 4 жылдай "Зерде "ұлттық инфокоммуникация холдингінде" басқарушы директор қызметін атқарған. Сол тұста тікелей басшысы  Арман Әбдірасыловпен бірге шетелге жиі іссапарлататын.

Журналистер геолокация, инстаграм арқылы екеуінің бір уақытта шетелде жүрген фотосуреттерін әшкерелеген. Әріптес екендерін айтып, ақталауға тырысқанмен, қос «зерделік» бекер күдікке ілінбегенге ұқсайды.

Таяуда екеуінің құшақтасып түскен суреті желіде қызу талқыға түсті.

Әлқисса: Гламур өмір: Шенеунік 2 млн теңгенің сөмкесін ұстайтын болып шықты

Осы орайда «мемлекеттік қызметші әдебі қандай болуы тиіс?» деген сауалды Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұрлыбек Жеңісбектен сұрап көрдік. Ол – мемлекеттік басқару жүйесінің жай-күйі, мемлекеттік қызметкердің кәсіби дағдысы мен шеберлігі, әлеуметтік және психологиялық жағдайын баяндайтын «Елтұтқа» кітабының авторы.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЭТИКАСЫ – ҚОҒАМ ПРИНИЦТЕРІНЕ БАҒЫНУ

«Мемлекеттік қызмет этикасы дегеніміз – қоғамның ұстанатын принциптеріне бағыну. Көпшіліктің бір ауыздан қолдаған, келісілген әдебіне мойынсұну. Сол сияқты мемлекеттік қызметтің қалыптасқан өзіндік этикасы бар. Әдеп – мемлекеттік қызметшінің кәсібилігін, өзінің қызметіне жауапкершілігін, кәсіби тұрғыда біліктілігін көрсететін базалық қағидалары. Қоғам дамыған сайын, қоғамдық прогрес болған сайын этика трансформацияға ұшырап отырады. Қазіргі мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы әдебі, этикасы соңғы жылдары үлкен өзгерістерді бастан кешірді. Заман дамыған сайын, технологиялық үдерістердің болуы заңдылық. Кез келген адамның көпшілік алдында өзін ұстауы барлығы ішкі мәдениетпен қалыптасатын нәрсе», дейді Нұрлыбек Жеңісбек.

Оның айтуынша,  қоғам алдында функционалдық міндет атқаратын лауазым иелерінің этикасы енді-енді қалыптасып жатыр. Ол мемлекеттік қызметшілердің мәртебесінің төмен екенін, мемқызметшілер базалық этика талаптарына мойынсұну керек екендігін атады.

КӨҢІЛДЕСТІК КӘСІБИ ШЕШІМГЕ КӨЛЕҢКЕ ТҮСІРЕДІ

«Әлеуметтік желіде қоғамдық истерия қалыптасқан. Мемлекеттік қызметшінің жеке өмірге құқығы жоқ, қателесуге құқы жоқ, қоғамдық өмірде еркін жүріп-тұруына құқығы жоқ деген стереотип қалыптасқан. Қазір мемлекеттік қызметшілердің беделі бетегеден сәл-ақ биік. Сүрініп кетсе, басынан аяғына дейін қоғам сырттай соттап, қаралап тастайды. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар. Өйткені кез келген регресс прогресске алып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының сары басылым деңгейінде адамның жеке өмірін «іш киім» деңгейінде талқылауы ерсілеу. Мен  Айнұр Серғазиева мен Арман Әбдірасыловтың қарым-қатынасы турасында өзіңіз сияқты ақпарат құралдарынан естідім. Сондықтан оларды ақтап, я болмаса даттай алмаймын. Конституция бойынша әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар», дейді Нұрлыбек Жеңісбек. 

Егер де, Серғазиева мен Әбдірасыловтың қызмет жолдары қиыспаса, оларды сөгу ерсі көрінер. Мәселе, басшы мен орынбасардың жақын қарым-қатынаста болуында. Бұл  фактор Серғазиеваның компетенттігіне көлеңке түсіреді. Оған қоса, Ұлттық холдингте сыбайластық етек жайған деген ойға итермелейді. 

ӘбДІРАСЫЛОВТЫҢ ӘЙЕЛІ МЕН ҮШ БАЛАСЫ БАР

Журналист Гүлбану Әбенова Серғазиева-Әбдірасылов тандемін мемлекеттік қызметке лайық емес деп санайды. Журналист атышулы қызға «Азека-аутлет» деген лақап ат та берген. Кейіпкерінің болмысын екі ауыз сөзбен ашатын Әбенова ханымға бұл тұрғыда ешкім жетпейді. Ал соңғы тараған суретке қатысты, белсенді отбасы институты мен ар-ұждан ұғымдары аяққа тапталды деп есептейді.

«Біріншіден, бұл адамгершілік этикасының бұзылуы деп ойлаймын. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер қарапайым адамдарға үлгі болуы тиіс. Өздерінің жеке өмірі деп айтуға болады, бірақ олар біздің салығымыздан айлық алып отырған соң біздің сұрауға хақымыз бар.

Менің білуімше, Арман Әбдірасыловтың әйелі мен үш баласы бар. Ресми түрде ажырасып, басқаға үйленген адам ба білмеймін, бірақ нақты үш баласы бар екені рас. Сол үш баласының көзін бақырайтып қойып, басқа әйелмен қарым-қатынасын ашық көрсетуі маған түсініксіз. Ең бірінші отбасы институты сақталуы керек. Репутация институты бар, оны да елемей отыр. Не істесем, оны істеймін деген жауапсыздық дұрыс емес. Жеке магазинінде отырса, кәсіпкерлік салада жүрген адам болса, бұған назар аудармас та едім. Менің ойымша, екеуі де мемлекеттік қызметке лайық емес адамдар. Арман қай жерде қыдырып жүреді, тура сол жерден Айнұр инстаграмға сурет салып отырады. Сонда мемлекеттің ақшасына көңілдесін апарған ба, әлде форумдарда мемлекеттік істерді бірге шешіп жүр ме?», дейді ол.

Суретте: Гүлбану Әбенова

Оның айтуынша, мұндай этикадан тыс теріс қылық қоғамдық нормаға айналып кету қаупі бар. Сондықтан қоғам алдында ашық есеп беріліп, заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс.

СЕРҒАЗИЕВА ЖАС ҚЫЗДАРҒА ҚАНДАЙ ҮЛГІ КӨРСЕТІП ОТЫР?

«Бұл біздің жеке басымыз үшін сұралып отырған нәрсе емес, олардың тарапынан қоғам алдында ашық есеп болуы керек. Олардың барлығын жауапқа тарту керек. Үш баласы осының барлығын көріп отыр, сыныптастары мазақтап жатқан болар. Бала құқығы неге ескерілмейді? Бірге түскен фотосуреттерін өздері әдейі көрсетіп отыр, ұят қалмаған. Сондай-ақ оларға шара қолдануды ойлап отырған басшылары да жоқ. Сондықтан қоғам талап етіп отыр. Егер жеке өмірін сүргісі келсе мемлекеттік қызметте істемей-ақ қойсын. Осы қылықтарымен жастарға теріс үлгі болып отыр. Ашық-шашық жүріспен қоғамдық нормаға айналдырғысы келіп отыр. Барлығын ақша шешеді деп ойлайды. Небәрі 30 жастағы жас қызға қайдағы төрағаның орынбасарлығы? Не білім, не этика жоқ, кәсіби компетенциядан жұрдай. Яғни, нақты лауазымды атқаратын қызметкерде қандай дағдылар мен іскерлік қасиеттерге ие болуы керектігін көріп отырған жоқпыз. Тектен текке креслоны беріп қойған. Қаншама оқыған-тоқыған жас жігіттер мен қыздар қызметке орналаса алмай жүр. Жас қыздарға қандай үлгі болады? Мықты біреудің екінші әйелі болса, карьера жасаймын деген үлгі ме? Ешкім үндемегеніне қаным қарайып отыр», дейді Гүлбану Әбенова.

Осы тұста бір айта кетері, Арман Әбдірасылов өмірбаяны жазылған барлық жерде өзінің жеке өміріне қатысты жолдары ашық күйінде қалдырған. Немесе, бұдан бұрын шу шыққанда артық ақпаратты тазалап тастауы мүмкін. Айти маманы ғой.  Ұлттық холдинг басшысы ажырасып кеткен болуы да мүмкін. Енді даудан арылғысы келсе, батылы жетіп, басын ашып айтуы керек.

Скрин: online.zakon.kz

БІР ҚҰМАЛАҚ БІР ҚАРЫН  МАЙДЫ ШІРІТЕДІ

Серғазиеваның мысалы «қазақ әйелдері көңілдестік, тоқалдық, туыстық жолмен ғана қызмет сатысында көтеріледі» деген қасаң ойды одан әрмен күшейте түскендей. «Ұлысмедиа» бұған дейін нағыз бәсеке жағдайында әйелдердің қабілетін жоққа шығаратын «протеже» түсінігі туралы тарқатып жазған болатын.

Коллаж: .ulysmedia.kz

1,8 млн теңгеге сөмке ұстап, 25 млн теңгенің сақинасын тағатын «қарапайым мемлекеттік қызметші» Айнұр Серғазиеваның қаржылық есебі мен әдебі жайында ресми орындар тарапы әдеттегідей жақ ашқан жоқ. Ал Еуропада іс-сапарда жүрген «Зерде» холдингінің төрағасы Арман Әбдірасылов «Ұлысмедиа» жолдаған сауалдарға жауап беруге уақыт керектігін айтты.  

Оқи отырыңыз:Президент сынына іліккен «Зерде» тағы 116 млн теңгеге тендер жариялады

Ал Серғазиеваның өзі түрлі сылтауларды алға тартып, БАҚ-қа шығудан қашқақтап жүр.

15 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «аса тиімді жұмыс істемейтін» Зерде холдингін реформалауды тапсырған болатын.