Ulysmedia.kz-тің анықтауынша, Әлихан Смайылов қайта жасақталатын министрлер кабинетіндегі өз креслосын ешкімге бермейді.
Біздің дереккөздің айтуынша, Әлихан Смайылов өз қызметімен қоштасуға құлықты емес. Ол дәл бір ай бұрынғыдай, өзінің премьерлік кестесін жоспарлауды жалғастыруда.
Инсайдерлік ақпаратпен танымал Telegram-арналардың бірі министрлер кабинетінің басшысы ретінде Смайыловты бекіту туралы ұсынысты Amanat партиясы фракциясы жасайтынын мәлім етті.
Қаңтар оқиғасынан кейін бірден тағайындалған Смайыловтың Үкімет басшылығы тұсында елдегі инфляция рекордтық көрсеткішке жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 20,3%-ға жетіп жығылды. Әсіресе, азық-түлік бағасының күрт шарықтауы онсыз да қиналып жүрген халықты титықтырып жіберді. Үкіметтің инфляцияны ұстап тұруға тырысқанына және Смайылов әр жиын сайын жауапты адамдарды "жазалауға" уәде беріп жатқанына қарамастан, нәтиже жоқ.
“Қант дағдарысымен” аты шыққан Смайылов үкіметінің “әлеуеті” Риддер, Екібастұз және Рудныйдағы апаттар тұсында тағы бір мәлім болды. Премьер Қазақстан-Қытай шекарасындағы берекесіздікті де реттей алмады – бірнеше шақырымға созылған кептелістер мен тауарлардың кешігуі проблема күйінде қалды. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев шекарада бұған "мүдделі тұлғалар мен сыбайлас жемқорлар" көп екенін жоққа шығармады. Қынжылтатыны, шекарадағы шикіліктер салдарынан Қазақстан табысын жоғалтып жатыр, ал бағалар күн өткен сайын шарықтап барады.
Смайыловтың командасы алдыңғы премьерлердей Ұлттық қорды аяған жоқ. 2022 жылдың соңында премьер-министр президентке Ұлттық қордан алынатын қаражатты азайтуға уәде берсе де, 2023 жылдың көктемінде ол өз көзқарасын қайта қарап, бюджетті соңғы нақтылау кезінде 4 триллион теңге алуды жоспарлап отыр.
Әйткенмен, мұның бәріне Смайылов аса жабықпайтын сыңайлы. Өз жұмысын бағаларда көтеріңкі көңіл-күйі басым.
«Былтыр өте қиын жағдайда болдық. Соған қарамастан нақты экономикалық өсім 3,2% көрсеткішке жетті. Бұл ретте екі халықаралық агенттік біздің тәуелсіз инвестициялық рейтингімізді растап, тіпті болжамымызды жақсартты. Жалпы, өткен жылы қиын жағдайға қарамастан экономикамыз тұрақты дамыды деп ойлаймын», – деді Әлихан Смайылов.