×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Екібастұздықтарды қыс бойы жауратқан компанияға 27 млн теңге айыппұл салынды

29.03.2023, 15:31
Коллаж: Ulysmedia.kz

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС тұрғындарды жылумен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін айыппұл арқалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті мәлім етті.

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымында Екібастұз қаласының тұрғындарына жылу энергиясын сапасыз жеткізу түрінде бекітілген температуралық кестенің параметрлерін жүйелі түрде сақтамауын ескере отырып, ТМРКД әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 4-бөлігі бойынша бес әкімшілік іс жүргізуді қозғау арқылы ден қою шараларын қабылдады. Құқық бұзушылықтар жиынтығында осы баптың санкциясы 27 600 000 теңге мөлшерінде айыппұл көздейді», – делінген хабарламада.

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 811-бабына сәйкес, қысқартылған тәртіппен 7 тәулік ішінде айыппұл сомасының 50% мөлшерінде 13 800 000 теңге айыппұл төледі.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 27 қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары бірнеше айға созылды. Екібастұздықтар екі күннің бірінде жылусыз отыруға мәжбүр болды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен  қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды

Өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

Бұдан бұрын Екібастұздағы жылу желілерінің мемлекетке берілуі жөнінде тілшілер сауалына жауап берген Роман Скляр аудит қорытындысы шықпай ештеңе айта алмайтынын жеткізген.

Серіктес жаңалықтары