Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан көрмейтініне сендірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Министр мен әкімдік аудитті аяқтағандарын айтып, баяндады. Екібастұз жылу-электр орталығының өзіне де, жылу желілеріне де қаражат бөлінеді. Жөндеу жұмыстары толық көлемде атқарылады. Облыс әкімінің өзі айтқандай мен оны бұл мәселеде қолдап отырмын. Келесі жылыту маусымында Екібастұзда проблема болмайды», - деді Скляр Үкімет кулуарында.
Сондай-ақ ол ЖЭО-ның бір бөлігі неліктен мемлекет есебінен жөнделетінін түсіндірді.
«Жекеменшік нысандарды жөндеуге мемлекет ақша бөлмейді. Сондықтан нақты бұл жағдайда жылу-электр орталығы мен жылу желілерін коммуналдық меншікке алып, жөндейміз. 5,3 шақырым желі жаңадан төселеді. Осы арқылы қаланы жылумен жабдықтау көрсеткішін жақсарту көзделіп отыр.
Мен Клебановтың атынан сөйлей алмаймын. Өзі үшін өзі айтсын. Біздің міндетіміз – Екібастұз қаласын жылумен орнықты қамтамасыз ету. Біз оны қамтамасыз етеміз, астын сызып айтайын: заңды жолмен қамтамасыз етеміз. Жылу-электр орталығының деңгейіндегі жылу желілерін коммуналдық меншігімізге алғандықтан бюджет есебінен қаржыландырамыз. Олар өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешеміз», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 27 қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.
8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.
Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.
15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды.
Жуырда өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.
Айта кетсек, Екібастұздағы ЖЭО олигарх Клебановқа тиесілі.