Сенатор Айнұр Арғынбекова Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында ядролық медицина саласын дамытудағы түйткілдерді атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде ядролық медицинаны дамыту саласында салааралық үйлестіру болмай отыр. Сенатор бұл мәселені алты ай бұрын депутаттық сауалында көтерген болатын.
«Жарты жыл бұрын жария еткен депутаттық сауалымда Жол картасы аясындағы мекемеаралық өзара іс-қимылдың жүзеге аспағаны атап өтілген болатын. Онда бірқатар мәселені жедел шешу үшін нақты ұсыныстар берілді. Алайда алты айда нормативтік құқықтық актілерде де, бұрын айтылған басқа салаларда да ешқандай өзгеріс болған жоқ. Жалпы алғанда, қалыптасқан жағдай бюрократиядан арылту және келісу кезеңдерін қысқарту мақсатында Үкімет жанынан мекемеаралық үйлестіру органын құру қажет екенін байқатып отыр», - деді А. Арғынбекова.
Айнұр Арғынбекова сондай-ақ саладағы біраздан бері шешілмеген проблемаларды еске салды. Олардың қатарында онкологияны емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндірісі де бар. Елімізде өндірістік базаның болуына қарамастан, онкологияны емдеу үшін Қазақстан бір ғана препаратты қолданады. Басқа елдерде өз өндірісі жоқ болса да, мұндай препараттардың 10-нан астамы қолданылады.
«Бізде өндіріс базасы, кадрлар, емделуге мұқтаж пациенттер бар. Бірақ бюрократиялық кедергілер, салааралық өзара іс-қимылдың болмауы онкологияны емдеу үшін өзімізде радиофармпрепараттарды қарқынды өндіруге мүмкіндік бермейді. Радиофармпрепараттарды Алматыдан барлық ядролық орталықтарға әуе көлігімен тасымалдау мәселесі де шешілген жоқ. Бұл әсіресе еліміздің географиясын ескере келгенде аса маңызды. Мамандардың жұмыс тобы құрылды, олар ядролық медицина технологиясының қажет екеніне талдау жүргізді және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін нормативтік-құқықтық құжаттардың тізбесін әзірледі», - деп атап өтті сенатор.
Депутат осыған байланысты Үкімет басшысынан Әлихан Смайыловтан ядролық медицина саласындағы проблемаларға назар аударуды, сондай-ақ оларды шешуге жәрдемдесуді сұрады.