×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

"Бәрі Назарбаеваға хабарласуға қорықты": "ӨКМ Операторы" басшысынан жауап алынды

15.06.2023, 15:08
Коллаж: Ulysmedia.kz

Астананың №2 Байқоңыр аудандық сотында атышулы "ӨКМ Операторы" ісі бойынша кезекті тыңдау өтті. Жоғары лауазымды шенеуніктер экс-президенттің қызы Әлия Назарбаева құрды делінген схема бойынша миллиардтаған долларлық ұрлық жасады деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгін сотта "ӨКМ Операторы" ЖШС Бас директоры Медет Құмарғалиевтен жауап алынды. Ол айыптаумен мүлдем келіспейтінін мәлімдеді.

"Мен айыптаумен келіспеймін. Сотқа дейінгі тергеу органы бүкіл халықты адастырды. Шын мәнінде қалай болды? Акционер маған шағымданбады, ол өтініш жазбады. Маған тағылған бап бойынша, мен басқа біреудің мүлкін ысырап ету арқылы ақша ұрлады деп айыпталып отырмын. Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін Тоқаев "ӨКМ Операторының" барлық активтерін мемлекет балансына беруді тапсырды. Емделіп жатқаныма қарамастан, сол күні Астанаға ұшып келдім. Біз барлық мүлікті толығымен бердік. "ӨКМ"-нің еншілес кәсіпорны – жанармай құю операторы бар. Оған қоса 219 млрд теңге және 39 млрд теңге сомасында есептелген сыйақылар. Құжаттарда берілген қаражаттың жалпы сомасы 219 млрд теңгені құрайтыны анық жазылған. Сыйақы ретінде 39 млрд теңге. Иә, құр сандар. Бірақ олардың артында үлкен саяси шытырман тұр", - деді Құмарғалиев.

Ол 11 қаңтарда өзін Пірімқұлов шақырғанын айтты. Яғни, Тоқаевтың "ӨКМ Операторын" "Жасыл дамуға" беру туралы тапсырмасынан кейін бірден шақырған.

"Ол кезде оған ешкім қоңырау шалған жоқ. Барлығы Әлия Назарбаеваға қоңырау шалуға қорықты. Біз бәріміз премьер-министрдің бірінші орынбасары Склярға бардық. Мен ұсталғанға дейін қоғамдық қызмет атқардым – Склярдың штаттан тыс кеңесшісі болдым. Скляр: "Сенің акционерің. Не істесең, оны істе, ақшаны бер" деді. Акционер: "Мемлекет басшысы тек құзыреттерді тапсыруды айтты" деді. Мен бәрін беруіміз керегін айттым. Құдайға шүкір, бұл ақша берілді. 25 қаңтардан кейін жаппай қамауға алу басталды", - деді Құмарғалиев.

Ол сондай-ақ "ӨКМ Операторына" қалай жұмысқа орналасқаны туралы сұраққа жауап берді. Құмарғалиев экология комитетінде он жыл жұмыс істегенін еске салды.

"Экологиялық қалдықтар департаменті бастығының орынбасары болып жұмыс істедім. Мен директор боламын деп үміттендім. Бірақ олар мені шақырып, директор болмайтынымды айтты. Қалай? Мен экология комитетінде 10 жыл жұмыс істедім. Қалай болғанын білмеймін, бірақ Әлияның қолына менің түйіндемем түскен. Ол мені үш-төрт рет шақырды. 2019 жыл, қараша. Саяси жағдай басқа. Мен Пірімқұловпен келісу керек деп шештім. Ол жақсы жұмыс екенін, сонда барғаным дұрыс болатынын айтты. Соңғы сөз Экология министрінде болды. Мен Мағзұм Мырзағалиевке бардым. Ол мені қолдады. Осыдан кейін мен “ӨКМ Операторының” бас директоры болдым", - деді Құмарғалиев.

Сенің не шаруаң бар?

Сондай-ақ, Құмарғалиев Әлия Назарбаева өзін қалай қорлағанын айтып берді.

Оның айтуынша, ол "RecyclingCompany" ЖШС бұрынғы директоры Александр Рябининге қаржылық есептілік туралы құжаттарды беруді сұрап екі хат жазған. Алайда, Рябинин Құмарғалиевке сұралған құжаттарды бермейтінін ашық айтқан.

"Бұл хаттар 2 шілдеде қонақүйдегі жиналыста толық экранға ілінді. Әлия Назарбаева оқып, маған: "Кімнің қанша жалақы алатынында сенің не шаруаң бар? Неге мұрныңды тығасың? Сен менен осы бизнесті тартып алғың келе ме? Сен кімнің адамысың өзі, қайдан келдің?", деп шүйлікті", - деді Құмарғалиев.

Отырыс жалғасып жатыр.

Еске салайық, қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланыстырылатын компания дау ошағына айналды.

"ӨКМ Операторы" бірнеше рет сынға ұшырады. Алдымен компанияның басқарушы директоры Руслан Шамшиевтің қайтыс болғаны, дәлірек айтсақ, өз-өзіне қол жұмсағаны туралы белгілі болды, содан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты күдікпен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды.

Кейінірек компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко да тергеу изоляторына жіберілді.

6 сәуірде іс бойынша алдын-ала тыңдаулар өткен. Сол кезде адвокаттар 2015 жылы компанияны құру туралы шешім қабылдаған бірден-бір адам – экс-президенттің қызы екенін айтып,  одан да жауап алуды сұраған.

Алайда 17 сәуірдегі отырыста судья қорғаушылардың өтініші қанағаттандырылмайтынын мәлім етті.

20 сәуірдегі отырыста Коротенконың қорғаушысы Украинаның Қазақстандағы консулын іске тартуды сұрады.

21 сәуірдегі отырыста айыпталушылардың жарты миллиард теңгені қалай ұрлағаны айтылды. Алайда олар өз кінәсін мойындамады.

18 мамырда куәгерлердің бірі Назарбаеваның зауыттарын қаржыландыру қитұрқылықтарын ашты.

Жуырда Экология министрлері «ӨКМ операторын» жеке бақылағаны белгілі болды.

Сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға сотталған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов атышулы "ӨКМ Операторының" ісі бойынша сотқа шақырылғаны айтылды.

Серіктес жаңалықтары