Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Транстелеком компаниясының қайтару ықтималдығы мен оның басшылығына Нұрәлі Әлиевтің келуі жайлы сұрақтарға жауап берді. Журналистер Жамаубаевқа бұл сұрақтарды үкімет кулуарында қойып үлгерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетсек, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәли Әлиев "Транстелеком" АҚ Директорлар кеңесін басқаратыны бұған дейін хабарланған еді.
Бүгін журналистер Ерұлан Жамаубаевқа осы компания жөнінде бірнеше сұрақ қойды.
– Тоқаевтың заңсыз активтерді қайтару жөніндегі бастамасы бойынша Транстелеком компаниясын мемлекетке қайтару дұрыс деп есептемейсіз бе? Осы мәселені кезінде депутаттар көтерген еді.
– Транстелеком компаниясының тікелей Үкіметке тиесілі акциялары жоқ. Бәлкім, Қазақтелекомның немесе басқа да акционерлік қоғамдардың үлесі бар шығар?.. Бірақ активтерді қайтару заңы аясында зерттелетін болса, қарастырылуы мүмкін. Өйткені әлі тиісті комиссия құрылған жоқ. Бұл мәселемен бас прокуратураның қарамағындағы арнайы ведомство айналысады.
Егер бүкіл критерийлер заң аясына сәйкес келіп тұратын болса, заң аясына тартуға мүмкіндік болса, әрине тартылады.
– Компания зерттеуге енгізу үшін не істеу керек?
– Біріншіден, ведомство құрылуы керек. Екіншіден, арнайы реестр болуы тиіс. Сол реестрге критерийлер бойынша сәйкес келсе, сол акционерлері немесе басшылары тиісті декларацияларын береді. Қаншалықты заңды екені сол кезде көрінеді.
– Үкімет мүшесі ретінде бұл компания мемлекетке қайтарылуы керек деп есептейсіз бе?
– Бәрі заң аясында болуы тиіс. Қандай да бір компанияны мемлекетке қайтару керек деп жайдан жай айта салмаймын ғой. Заң аясында дәлелденсін.
– Нұрәлі Әлиевтің осы компанияның директорлар кеңесінің басшылығына келгенін қалай бағалайсыз? Компанияның қарызы барын есепке алғанда бұл жағдай компанияға қалай әсер етеді?
– Бұл сұраққа не деп жауап берерімді білмеймін. Мен оны танымаймын. Компанияның қаржылық жағдайын зерттеу керек.