×
463.41
546.27
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
463.41
546.27
6.18

Гранттың да сұрауы бар: жұмыс таппаған түлектерді қандай жаза күтіп тұр?

Бүгін, 13:14
Гранттың да сұрауы бар: жұмыс таппаған түлектерді қандай жаза күтіп тұр?
Ulysmedia.kz коллажы

Оқу жылы аяқталуға жақын. Қолына дипломын алған түлектің ендігі басты уайымы – жұмыс табу. Себебі мемлекеттік грантпен оқыған жас маман бірнеше ай ішінде жұмысқа орналаспаса, мемлекет оның оқуына жұмсалған миллиондаған қаржыны кері қайтаруды талап етеді.

Мемлекеттік грантты барлық маман өтеуі керек пе? «Қаржы орталығы» түлектің жұмыс тапқанын қалай бақылайды? Жұмыс істемесе, қанша ақша қайтарады? Айыппұл қалай есептеледі? Ulysmedia.kz тілшісі Қаржы орталығына ресми сауал жолдап, осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

Қазақстанда мемлекеттік грантпен білім алған түлектердің жұмыспен өтеу мәселесі соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Әсіресе оқуын аяқтаған жастар арасында «грантты міндетті түрде өтеу керек пе?», «жұмыс таппасам не болады?», «ақшаны қалай қайтарады?» деген сұрақ көп.

ЖҰМЫСҚА ҚАНША АЙДА ОРНАЛАСУЫ КЕРЕК?

Заң бойынша мемлекеттік грантпен оқыған түлек оқу аяқталғаннан кейін белгілі бір мерзім ішінде жұмысқа орналасуға міндетті.

«Қаржы орталығының» мәліметінше, егер студент оқуын биыл аяқтаса, ол 1 қыркүйекке дейін жолдамамен берілген жұмыс орнына баруы тиіс. Ал оқу мерзімі академиялық күнтізбеге байланысты кеш аяқталса, диплом алған күннен бастап екі ай ішінде жұмысқа орналасуы қажет.

– Егер жас маман жұмыстан шығып кетсе немесе босатылса, ол 30 күн ішінде қайта жұмыс табуға міндетті. Ал осы уақыт ішінде жұмыс табылмаса, тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына барып, жұмыссыз немесе жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек,– дейді «Қаржы орталығы» АҚ. 

ТҮЛЕК АҚПАРАТ БЕРУГЕ МІНДЕТТІ МЕ?

Қазір әлеуметтік желіде 2-3 миллион теңгенің айыппұлын арқалаған жастар көп. Басым бөлігі мемлекеттік грантты жұмыс таппаған жағдайда қайтару керектігін білмеген. Оларға не оқу орны, не Қаржы орталығы ескертпеген. 

– Менің мамандығым электрэнергетик, маған ауылда білім саласында жұмыс істе, колледжге сабақ бер деді. Ал ауылдарда колледж болмады. Сонымен төлеуге тура келді. Бұлай грантқа түспей-ақ қойған дұрыс деп ойлаймын. Дұрысы жыл сайын төлеп оқысаң білінбейді. Бірден төлеу қиындау болады,– дейді Мақсат есімді қолданушы. 

Ал заңгер Бекмырза Амангелдінің айтуынша, қазір осы мәселеге байланысты сот процестері көп. 

– Грант өтеуге қатысты сот процесі жүріп жатыр. Менің қорғауымдағы маман міндетті жұмыспен өтеуді уақытылы орындап жүрген. Алайда мұны растайтын зейнетақы қорына жасалған төлемдер салық органдарының қателігінен базаға түспей қалған. Ең қызығы – түлектің міндетті мерзімі тек 2027 жылдың қыркүйегінде аяқталуы керек. Соған қарамастан мемлекет оны 2026 жылдың өзінде сотқа беріп отыр. 4,3 миллион теңге өтем талап етуде,– дейді заңгер. 

Көпшілік арасында «түлектің жұмысқа тұрғанын мемлекет өзі көреді» деген пікір бар. Алайда іс жүзінде түлек те өз мәртебесі туралы ақпарат беруге міндетті.

«Қаржы орталығы» мәліметінше, жас маман жұмысқа орналасқаннан кейін 10 күн ішінде бұл туралы ресми түрде хабарлауы керек. Ол үшін еңбек шарты, жұмысқа қабылдау туралы бұйрық, зейнетақы қорынан үзінді көшірме немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін растайтын құжат өткізіледі.

– Сонымен бірге түлек «1414» сервисі арқылы мемлекеттік дерекқорлардан өзінің жұмыс орны туралы мәліметтерді тексеруге келісім береді. Осы арқылы оператор міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды қарап, адамның ресми жұмыс істеп жүргенін анықтай алады. Бірақ бұл жүйе құжат өткізу міндетінен толық босатпайды. Жұмыс орны өзгерсе, декретке шықса, әскерге кетсе немесе ұзақ мерзімді демалыс алса, түлек мұның бәрін 10 күн ішінде «Қаржы орталығына» хабарлауға міндетті,– дейді жауапты орган. 

ГРАНТТЫ ҚАЙ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ ӨТЕЙДІ?

Заң бойынша жұмыспен өтеу міндеті бірнеше санаттағы түлектерге жүктеледі.

Бірінші санат – ауыл квотасымен оқығандар. Педагогика, медицина, ветеринария және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша ауыл жастарына бөлінетін квотамен оқыған түлектер ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуі керек.

Екінші санат – «Серпін» бағдарламасының қатысушылары. Олар қоныс аудару өңірлерінде кемінде екі жыл еңбек өтеуге міндетті.

Үшінші санат – педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша грантпен оқығандар. Олар оқуын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл білім беру немесе денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеуі тиіс.

Төртінші санат – басқа мамандықтар бойынша мемлекеттік грантпен білім алғандар. Олар да үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті, бірақ нақты бір мекемеге байланбайды.

Ал PhD және бейіндік докторантура түлектері университеттерде, ғылыми ұйымдарда, мемлекеттік мекемелерде немесе клиникалық базаларда кемінде үш жыл жұмыс істеуі қажет.

ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАН ЖАҒДАЙДА

Өтеу уақыты бітпей жұмыссыз қалған жағдайда да түлек грантты қайтаруға міндеттелуі мүмкін. 

– Егер түлек міндетті жұмыспен өтеу мерзімі аяқталмай жатып жұмыстан шығып кетсе, оған бірден айыппұл салынбайды. Бірақ ол қайта жұмысқа орналасып, өтеу мерзімін жалғастыруы керек. Заң бойынша жұмыстан кеткен түлек 30 күн ішінде жаңа жұмыс табуға міндетті. Егер жұмысқа орналаспаса, онда ол жұмыспен өтеу талабын орындамаған болып есептеледі,– дейді Қаржы орталығының мамандары. 

Мұндай жағдайда мемлекет оның оқуына бюджеттен жұмсалған қаражатты қайтаруды талап етеді. Бірақ түлек бүкіл грант сомасын емес, тек өтелмеген кезеңнің ақшасын қайтарады.

Мысалы, түлек 3 жылдың 2 жылын жұмыс істесе, онда қалған 1 жылға кеткен шығын ғана есептеледі.

АЙЫППҰЛ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

«Қаржы орталығының» түсіндіруінше, қайтарылатын сома арнайы формула арқылы есептеледі: S1=(z−d)⋅SzS1​=z(z−d)⋅S​

Мұнда:

  • S1 – мемлекетке қайтарылатын сома;
  • S – студенттің оқуына жұмсалған жалпы бюджет қаржысы;
  • z – міндетті жұмыспен өтеудің толық мерзімі;
  • d – нақты жұмыс істеген уақыт.

Яғни түлек қанша уақыт еңбек етсе, сол мерзім есептен шығарылады.

Егер түлек оқу шығынын уақытында төлемесе, оған қосымша өсімпұл есептеледі. Бұл Азаматтық кодексте «тұрақсыздық айыбы» деп көрсетілген.

Өсімпұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне қарай есептеледі. Қазір ол шамамен 18 пайыз деңгейінде.

Формула мынадай: Айыппұл = Қарыз сомасы × Кешіктірілген күн саны × Базалық мөлшерлеме 360 Айыппұл = 360 Қарыз сомасы × Кешіктірілген күн саны × Базалық мөлшерлеме​

Яғни қарыз көлемі мен кешіктірілген күн саны көбейген сайын айыппұл да өседі.

СОҢҒЫ 3 ЖЫЛДА 189 АДАМ ҚАЙТАРҒАН

«Қаржы орталығының» дерегіне сәйкес, 2023-2025 жылдары мемлекеттік грантпен оқыған 173 976 адам оқуын аяқтаған.

Олардың ішінде:

  • 82 723 түлек қазір жұмыспен өтеу мерзімін өтеп жүр;
  • 691 адам міндеттемесін толық орындаған;
  • 41 803 адам заң аясында жұмыспен өтеуден босатылған;
  • 4 515 адам жұмыспен қамту орталығында тіркелген;
  • 189 адам мемлекетке оқу шығынын қайтарған;
  • 49 адамның міндеттемесі қайтыс болуына байланысты тоқтатылған.

Сонымен бірге 44 006 адам міндеттемесін орындамағандар қатарында тұр.

Олардың ішінде 43 355 адамға қатысты сотқа дейінгі талап жұмыстары жүргізіліп жатыр.  346 іс сотқа жолданса, 305 адам бойынша сот шешімі шыққан.

ТҮЛЕККЕ МӘРТЕБЕСІН ТЕКСЕРУГЕ БОЛАДЫ

«Қаржы орталығы» бүгінде грантпен оқыған түлектер туралы ақпаратты арнайы ақпараттық жүйеде жүргізеді.

Түлектер өз міндеттемесіне қатысты мәліметті:

  • «Қаржы орталығының» ресми сайты;
  • әлеуметтік желілер;
  • университеттердегі түсіндіру кездесулері;
  • EGOV порталы;
  • WhatsApp және электронды пошта арқылы келетін хабарламалар арқылы ала алады.

Сонымен қатар түлек орталыққа тікелей хабарласып, жұмыспен өтеу мерзімі, қарыз көлемі немесе босату негіздері туралы толық ақпарат сұратуға құқылы.

Автор: Көктем Қарқын

Серіктес жаңалықтары