×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

"Қазандықтардың тозығы жеткен": биыл Жезқазған Екібастұздың кебін киюі мүмкін

07.09.2023, 13:45
фото: ашық дереккөзден

Сенат депутаты Серік Шайдаров Жезқазғандағы тозығы жеткен инженерлік және жол инфрақұрылымы және ауыз су мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутаттың сөзінше, Жезқазған қаласын сумен жабдықтайтын Есқұла су құбырының құрылысына тоқталсақ, 2021 жылы нысан аяқталуы керек еді. Бірақ 530 миллион теңге игерілмей, нысан тапсырылмай қалған.

«Жобаны аяқтауға биыл 427 млн теңге қарастырылған. Сіз (Үкімет басшысы Әлихан Смайылов) Ұлытау облысына сапармен барған кезде, осы жылдың маусым айында кестеге сәйкес нысанды тапсыру туралы тапсырма бердіңіз. Алайда қазірге нысан пайдалануға берілмеген, жауапты министрлік жағынан бақылау болмады. Жалпы, нысан биыл берілмейді деген күдік бар», - деді Шайдаров.

Сенатор Жезқазған қаласында жылумен қамту мәселесі де шешімін таппағанын жеткізді.

«Қаладағы ЖЭО-ның жылыту маусымына дайындығы мәселесіне де тоқталғым келеді. Өңірге барған кезде біз осы нысанды аралап, жөндеу жұмыстарының орындалу барысымен таныстық. Ондағы негізгі энергетикалық жабдықтардың тозығы жеткен. Станциядағы қазандық агрегаттарының орташа тозуы 74 пайызды, турбиналардың тозуы 63 пайызды құрады. № 8, 10-шы қазандықтарды жаңарту іс жүзінде жүргізілмеген. Негізгі жабдықтар бойынша күрделі жөндеу бекітілген мерзімде атқарылмағанын ескерсек, алдағы жылу беру маусымы басталатын кезде бұл жабдықтардың дайын болмауы қаупі бар», - деді сенатор.

Еске салсақ, өткен жылдың қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

Өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алу үшін монополисті сотқа берген. Сот шешімі бойынша әкімдік компаниядан 22 млн теңге өндіріп алды.

Сонымен қатар жуырда Екібастұздың жылу желілеріндегі апатқа кінәлі екі шендінің ісі сотқа жіберілгені белгілі болды.

Жуырда аймақ басшысы Екібастұз ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары