×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Қаңтар оқиғасы кезінде басына оқ тиген Берік Әбішевтің хәлі қалай

04.01.2024, 10:19
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда алаңда ту көтерген, кейін басына оқ тиіп, ауыр жарақат алған белсенді Берік Әбішевке екі жылға жуық уақыттан бері 11 рет ота жасалған. Ол тілге келіп, сөйлей бастағанымен, әлі күнге дейін өздігімен жүріп, тұра алмайды.

Алаңда ту ұстаған Беріктің видеосы – қасіретті Қаңтар оқиғасының символына айналғаны белгілі. Қаңтаршының бұл күнде жағдайы қалай? Денсаулығы оңалды ма? Ем-домы қалай жүріп жатыр?

Ulysmedia.kz тілшісі Берік Әбішевтің зайыбы Гүлнұр Маразиковамен сөйлесті.

Қаңтар оқиғасының видеоларын көрсе көзіне жас алады

– Берік Әбішевтің қазір жағдайы қалай?

– Берік операциядан шықты. Бір ай болып қалды ғой деймін. Бұрынғы қалпы – әлі жүрмейді. Бірақ жұмылып қалған оң қолы бұрынғыға қарағанда ашылды. Тұрғызып жүргіземіз. Орнына өзі тұра алмайды. Қазір айтқан сөзін бір-екі сағаттан кейін сұрасаң – ұмытып қалады.

– Ота нешінші рет жасалып отыр?

– Басына он бір рет ота жасалды. Шунтты қайта-қайта қояды. Миына су толып кететін басында. Үш рет шунтты ауыстырды. Қазір дренажный дейді – теріні тесіп-тесіп сонымен алып жатыр. Бастың қарақұс жағындағы шұңқырын әлі жапқан жоқ. Басында су толып кетті ме, жоқ па – содан біліп отырамыз. Жазға таман көреміз енді.

– Дәрігерлер не дейді? Емнің қандай түрі қажет деп отыр? Шетелге апарып емдеу қажеттілігі бар ма?

– Шетелге апару үшін сбор (ақша жинап) ашып едік. Оған көп ақша жиналмады. Содан біз тек ақылы ауруханада отаны жасатып жүрдік. Соңғы 9 операция Алматыдағы Хема түрік ауруханасында жасалды.

– Шетелге апару мүмкіндігі туып жатса, Берік Имашевті емдей алатын орындар ма екен? Қарастырып көрдіңіз бе?

– Біз Түркия, Оңтүстік Корея жақтарды қарастырғанбыз. Бірақ ол кезде Берік ұшаққа отыра алатын жағдайда болған жоқ. Қазір оған қарағанда тәуірірек. Апарса, мүмкін емделіп кетер. «Ми сигнал берсе істеп кетеді» дейді бізге. Миға зақым келген. Оң жақ құлағы естімейді. Оң жақ көзі зақымданған. Алыстан көрмейді. Оң жағы парализовать еткен ғой. Бірақ біз қазір ақылы массаж жасатып жатырмыз. Қазір тек массажда. Оңалтуға ақпанға қарай жатқызатын шығармыз.

– Беріктің Қаңтар оқиғасы кезіндегі күндері есінде ме? Айта ма?

– «Бізді жазықсыздан жазықсыз атты ғой» деп қана айтады. Видеороликтерді көрсе, кәдімгідей көзіне жас алады. Төрт-бес айдан бері сөзге келді. Үйдегі үш қызының атын атап, танып отыр.

«Қыздарым ерте есейіп кетті»

– Қаңтар оқиғасының отбасыңызға осындай үлкен қасірет әкелгені өкінішті.

– Иә, бәрімізге психологиялық тұрғыда үлкен соққы болды. Ол кезде үшіншіге аяғым ауыр еді. Баланың жеті айлығы кезінде сол стрестен ерте босанып қалдым. Қызыма туа салып, операция жасалды. Қатты күйзелдік. Үлкен қызым қазір бесінші сыныпта оқиды. Сол папасының қызы еді өзі. Сол қызыма ауыр тиді. Қазір де сезіледі. Психологтармен жұмыс істедік. Балаларым балалық шақтан ерте өтіп кетіп жатыр ғой. Күліп-ойнайтын кездерінде ерте есейіп кетті. Папалары машинасымен сабаққа апарып, алып келетін. Қалағандарын әперетін, қыдыртатын. Екі жылдан бері соның бәрі болып жатқан жоқ. «Папа, қашан тұрасың, тұршы» деп жалынады. Берік І топтағы мүгедектігі бар адам.

– Күнкөрістеріңіз қалай болып жатыр?

– Біз сол тек Берікке және оған қарап отырған маған берілетін жәрдемақы есебінен ғана күн көріп отырмыз. Берікке тиетіні өзінің дәрі-дәрмегіне кетеді. Мен жұмыс істемеймін. Үйде қарап отырмын. Сол ғана. Басқа кіріс жоқ. Берікті тұрғызам, жатқызам, дәретке дейін өздігімен бара алмайды. Тамағын берем. Тек сол қолымен кружка ғана ұстай алады. Қасықпен тамақ іше алмайды.

– Берік ағамызға елден көмек болды ма?

– Елден көмек басында болды. Кейінгі операцияларының бәріне ақшаны Болат Әбілов ағамыз төлеп берді. Ол кісіге Алла разы болсын. Ол кісі болмаса оның бәрін төлей алмайтын едік. Отаның өздеріне 1,5 млн теңге шығып отыр. Оңалтуға да 500-600 мың теңге шықты.

Басында халықтың жиналған ақшасымен 4 ота жасалды. Ал қызымның тик-тогы арқылы ақша жинамақ едік – жиналмады.

Шетелде медицина дамыған ғой. Апарсақ орнынан тұрып кетер ме еді? Бізге жоқ дегенде тұрып кетсе жақсы еді. 100 пайыз жазылып кетеді деп ойлап тұрған жоқпын, өйткені миы 30-ақ пайызға істеп тұр дейді. Енді орнынан тұрып, өздігімен жүре алса, мен де жұмысқа шығар едім.

– Жан-жарыңыздың тезірек сауығып кетуін тілейміз.

Берік Имашевке көмек беруге ниетті азаматтар 8 700 739 4234 (Гульнур М – Каспий банк) нөміріне ақша жолдай алады.

Отбасылық фотосуреттер Гүлнұр Маразикованың рұқсатымен жарияланды.

Серіктес жаңалықтары