×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Орал әуежайы үлесінің ресейлікке сатылуы һәм санкция қаупі: Вице-премьерлер не дейді

14.02.2023, 11:02
Коллаж: ulysmedia.kz.

Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың 49 пайызының ресейлік миллиардерге берілуі әлі де қызу талқыланып жатыр. Бүгін журналистер мәселенің мәнісін үкімет басшысының орынбасарлары – Серік Жұманғарин, Алтай Көлгінов пен Ерұлан Жамаубаевқа қойып көрді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысы бар компания Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың «қожайыны атанғаны» туралы бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған. Кейін расында да, әуежайдың 49 пайыздық үлесі ресейлік компанияға өткені белгілі болған. Ал күні кеше жергілікті органдар «компанияның негізгі қатысу үлесі Қазақстан тарапына тиесілі екенін, стратегиялық нысандар мемлекет меншігінде қалатынын» жариялаған еді. Атап айтқанда, ұшуқону жолағы ҚР индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация теңгерімінде болады.

Қоғамда осы жағдайдың өзі қызу талқыланып жатыр. «Күні ертең Орал әуежайы арқылы Ресейге санкциядағы тауарлар тасылса, Қазақстан санкцияға ілініп кетпей ме?» деген де қауіп айтылған. Осы мәселенің мәнісін журналистер бүгін Үкімет отырысынан кейін вице-премьерлерге қойып көрді.

Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин «әуежайлар менің құзыретіме кірмейді» деп жүре жауап берді. Алтай Көлгінов те солай құтылмақ болғанымен, оның кезінде Батыс Қазақстан облысы әкімі болғаны ескеріліп, сұрақ қайта қойылды.

«Бұл әуежайдың негативті тарихы бар. Бір кездері, қателеспеу үшін нақты уақытын айтпай-ақ қояйын, бұл әуежай жекеменшікке өтіп кеткен. Иесі сол әуежайдың ұшу-қону жолағына да, терминалына да ақша салмаған. Ұшу-қону жолағы мемлекет қаражаты есебінен 10 жыл бұрын жөндеуден өткен. Содан кейін терминал былтыр Қарашығанақ есебінен жөндеуден өтті. Бұл да әкімдіктің бастамасы еді. Министрліктің көмегімен біз бірлескен жұмысты жүргіздік. Ал әуежайдың бір қолдан екінші қолға өтуі жайлы ештеңе дей алмаймын», - дейді ол.

Ал Ерұлан Жамаубаев Орал әуежайы республикалық меншіктегі нысан емес екенін айтады.

«Мұнда ұшып қонатын алаң ғана стратегиялық маңызы бар объект болып саналады. Алайда әуежайдың өзі яғни ғимараты мен қоймалары, тағы басқа қоймалары жергілікті органға тиесілі объектілер мен СПК «Ақжайыққа» тиесілі. Біз осы мәмілеге қатысты  ақпаратты қосымша береміз. Қазір мен Мемлекеттік мүлікті басқару комитетіне тиісті тапсырманы беремін», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары