×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Кәсіпкерлер, белсенділер мен саясаткерлер: Украинаны қолдайтын қазақстандықтардың ондығы

17.03.2023, 15:19
Коллаж: ulysmedia.kz.

«Халықаралық сарапшылар клубы» мен ElitExpert рейтинг агенттігі соғыста Украинаны қолдаған қазақстандықтардың ондығын жариялады. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.

Қазақстанның Украинаны қолдайтын азаматтарының рейтингі Қазақстандағы Украина елшілігінің ресми ақпаратына, «Украина-Қазақстан» парламентаралық тобының деректеріне, сондай-ақ украиналық еріктілер ұйымдарының ақпаратына негізделген.

Тізімдегі орындар қатысушының (өз көмегі немесе қаражаты арқылы) Украина халқына жіберген қаржылық қолдауының көлеміне, сондай-ақ осы гуманитарлық көмектің ұзақтығына байланысты реттелген. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап осы күнге дейін Украинаны қолдап келе жатқандарға тең дәрежеде басымдық берілген.

Сарапшылар рейтингте бірінші орынды миллиардер Тимур Турловқа берді. Ол Украинаға 2,5 миллион доллар бөлген. Украина оның Freedom Holding Corp компаниясынан тағы 3 миллион доллар алған. Турлов – этникалық орыс. Ол 2010 жылдары отбасымен Қазақстанға көшіп келген. 2022 жылдың жазында Турлов Қазақстан азаматтығын алғанын жариялап, кейін бизнесінің Ресейдегі бөлігін серіктестерге толығымен сатып жіберді.

Тимур Турлов

Украинаны қолдайтын қазақстандықтар тізімінің екінші қатарында кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев тұр. 100-ден астам компанияның акционері инвестор ретінде Украина президенті Владимир Зеленскиймен бірнеше рет кездескен.

Соғыс басталғаннан кейін 10 күн өткен соң, кәсіпкер қайырымдылық қорын құрды. Соның арқасында украиналықтарға гуманитарлық жүкке толы алты ұшақ жіберілді. Украинаға көрсетілген көмектің жалпы сомасы, алдын ала болжам бойынша 2 миллион долларды құрайды.

Михаил Саакашвили, Марғұлан Сейсембаев, Владимир Зеленский/2020 жылдың қыркүйегі

Үшінші орынды қоғам қайраткері Тоғжан Қожалиева иеленді. Ауқымды басқыншылықтың алғашқы күнінен бастап оның қайырымдылық қоры Украинаға көмекке қосылып, он мыңдаған қазақстандықты осы іске тартты. 2022 жылы қор арқылы Украинаға 2 миллион долларға жуық гуманитарлық – 40 жүк көлігі жетті. Қожалиеваның айтуынша, басқа мемлекетке гуманитарлық көмек ретінде мұндай үлкен сома Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет жиналған.

Тоғжан Қожалиева

Төртінші орында – кәсіпкер Еркін Тәтішев. Оның Kusto Group компаниясы Украинаға ауруханалар мен перзентханалардың жарықсыз жағдайда толық жұмыс істеуін қамтамасыз ететін 41 қуатты генераторды тапсырды. Генераторлардың жалпы құны шамамен 500 000 долларды құрады. Бұдан бөлек Украинаға жалпы сомасы 1 миллион долларға гуманитарлық жүк тиелген тағы 10 жүк көлігі жетті.

Еркін Тәтішев

Кәсіпкер Дәулет Нұржанов Украинаны қолдаған қазақстандықтар тізімінде бесінші орынға тұрақтады. Ол Kusto Group-тағы Тәтішев пен Қанат Көпбаевтың серіктесі. Нұржанов ауыл шаруашылығы саласымен, оның ішінде холдингтің украиналық бөлімшесіне жауапты.

Kusto Agro жылдар бойы Винница, Житомир және Хмельницкий облыстарында табысты жұмыс істеп келеді. Дәл Нұржанов Украина қалаларында гаджеттерді жылыту, қуаттандыру пункті қызметін атқаратын киіз үйлерді орнатудың және толық қамтамасыз етудің басты бастамашысы болды. Жобаның құны шамамен $1 125 000 құрайды.

Дәулет Нұржанов

Сарапшылар қоғам қайраткері Арман Шораевты алтыншы қатарға қояды. Ресей агрессиясының алғашқы күнінен бастап ол әріптестерімен бірге Украинаға гуманитарлық көмек жинаудың басталғанын жариялап, бір апта ішінде шамамен 1 миллион доллар жинады. Бұл қаражат соғыс қимылдарынан зардап шеккен украиналықтар үшін дәрі-дәрмектен бастап, ең қажетті тауарларды сатып алуға жұмсалды. Жалпы, Шораев пен оның серіктестері Украинаға жалпы сомасы 1 миллион долларға гуманитарлық көмекпен бірге керек-жараққа толы 20-ға жуық көлік ұшағын жіберді.

Арман Шораев

Бизнесмен Айдын Рахымбаев рейтингте жетінші орынға жайғасты. Ол украиналық балалар ауруханалары үшін жалпы құны шамамен 250 000 АҚШ долларын құрайтын жоғары қуатты сегіз генератор сатып алды. Сондай-ақ оның ақшасына бір киіз үй сатып алынып, ол Николаевта орнатылды.

Айдын Рахымбаев

Сегізінші орынды Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев иеленді. Соғыстың алғашқы айларынан бастап ол бұрын табысты қызметтес болған Винница облысының басшылығымен байланыс орнатып, белгілі бір аймаққа көмек көрсететін еріктілер орталығын құрды. Негізінен орталық Украинаға азық-түлік жеткізумен және соғыс жүріп жатқан шығыс облыстардан қашқан босқындарқа көмектесумен айналысты. Жалпы көмек кем дегенде 180 000 долларды құрады.

Нұржан Әлтаев

Тізімдегі тоғызыншы қатарда экономист Рахымбек Әбдірахманов тұр. 2022 жылдың 25 ақпанында ол Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін еріктілерге көмек көрсету орталығын ұйымдастырды. Алғашқы екі айда ғана Украинаға 40 тонна жүк жөнелтілді: негізінен дәрі-дәрмек пен азық-түлік. Жалпы Әбдірахманов украиналықтарға көмектесу үшін 120 000 доллардан астам қаражат жинап үлгерді.

Рахымбек Әбдірахманов

Алғашқы ондықты саясаттанушы Досым Сәтбаев түйіндейді. Ресейдің Украинаға қарсы соғысының алғашқы күндерінен бастап ол Алматыда гуманитарлық көмек қабылдау пунктін ұйымдастырып, аз уақыттың ішінде еріктілер 120 мың доллар жинап үлгерді. Сәтпаевтың бастамасымен Украинаға 140 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді.

Досым Сәтпаев

Серіктес жаңалықтары